Nur Otan партиясы, Түркістан қалалық мәслихат депутаты: «ТҮРКІСТАНҒА ЕҢ ҚҰНДЫ ДҮНИЕМДІ ТАРТУ ЕТІП ҚОЙҒАНМЫН»

747 көрілім

Депутат – халық сайлайтын, халықтың өкілі, көзі, құлағы. Билік пен халық арасындағы ықпалдастық көпірі. Депутат бойында білім мен тәжірибе, кәсіби деңгей мен мемлекетшілдік парасаттың болуы қажет. Бұл тұрғыда депуттар кешегі Алаш Арыстарының мінезі мен көз-қарасын және іс-қимылын өздеріне үлгі етуі тиіс. Мысалы Мемлекеттік Дума құрылған 1905 жылдан 1917 жылға дейінгі кезеңде Алаш арыстары халықтың мүддесін басты орынға қойып, соның жолында күресті. Сол жылдары Әлихан Бөкейхан Мемлекеттік Думаның І шақырылымында депутат болды. II шақырылымындағы сайлауға түсуден бас тартты. Ал, Міржақып Дулатұлы: «Ресей Думасына қазақтан депутат сайлау мүмкіндігі болғанда, біз қазаққа шын пайдалы депутат таңдауымыз керек» деп шарқ ұрған болатын. Бұл кешегі тарих бетіндегі шиеленіске толы саяси жүйе. Ал, бүгінгі депутат не ойлап, кімнің мұңын тыңдайтыны жөнінде өздерінен сұрап, білгеніміз жөн болар. Осы мақсатта, Түркістан қалалық мәслихат депутаты Сәкен Ханділлаевпен сұқбат құрып, ой бөлісуді жөн санадық.

Сәкен Мырзанұлы, депутат халықтың мұқтажын қай кезде елемей, бұқарадан алшақтай түседі?

Депутат бойынан патриоттық сезім өшкенде ғана халықтан алыстай бастайды. Меніңше, көп алдында жүрген кез келген адам ең алдымен, өзі туып өскен жерін шексіз сүйе алуы шарт. Өмір сүріп жатқан өңірдің мәдениеті бойына дарып, сол арқылы тыныстауы қажет. Қарапайым ғана мысал, мен Түркістанды болмысыммен жақсы көрмей, қалайша оның тұрғындары жайлы бас қатырмақпын? Сондықтан, депутат дегеніміз сіз елестете алмайтын дәрежеде еліне жанкүйер болуға міндетті. Егер осы қасиет депутаттың бойынан табылып жатса абыройының асқақтай түскені деп білем. Әрдайым осы қағиданы қапелімде сақтауға тырысамын.

Сәкен Ханділлаев туған жері Түркістанға не бере алды?

Біріншіден Түркістан мен үшін жәй ғана туған жер емес. Бұл тарихи мекен менің анам іспеттес. Ал, өзіңіз ойлаңызшы, баласы анасына нені бере алмауы мүмкін? Менің қолымда қандай құнды дүние мен қасиет бар болса ес білгелі соның барлығын Түркістанға арнап келемін. Оның әрбір көшесі, ағашы, мекені, тұрғыны мен үшін баға жетпес байлық. Әсіресе, Түркістан облыс мәртебесін иемденген жыл тарихи кезең болды. Менің депутат әріптестерім біледі, Тұрашбеков Нұрбол Әбсаттарұлы қаламызға басшы болып келген кезде қаламыздағы ең күрделі проблемалардың бірі – қаламыздағы топырақ жолдар екенін айттым. Осы мәселе кезек күттірмейді, мүмкіндігі болса жыл соңына дейін шешкеніміз дұрыс дедім.
Қала әкімі қаладағы топырақ жолдардың барлығына тас төсеп беруге бюджет қаражаты жетпейтінін айтты. Алайда мүмкіндігінше қаржыны бөліп берді. Ол қаржы тек тасты тасымалдау мен жол төсейтін техниканың жанармайы және жүргізушілердің еңбекақыларына ғана жететін еді. Мұндай келісімде жұмыс істеуге тек «Ақ-жол» фирмасы келісті. Бұл жерде де депутат әріптесіміз Васитова Оғылжанға алғысымызды білдірсек болады. Оғылжан осындай үлкен бастамаға септігін тигізіп отыр. Сондай-ақ, қала әкімдігінің жолашулар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі топырақ жолдарға төсейтін 1 млн. кубтан аса тас төсеу қажет, бүкіл қаладағы топырақ жолдар саны 300-ден асады және 300 шақырымға жуықтайды. Бұл көшелерге төселетін тастың құнының өзі 1млрд. теңгеден аса қаржыны талап етеді. Бөлінген қаржы өте аз. Осы бастаманы мен көтерген соң төселетін тас мәселесін де демеушілер есебінен шешіп беруіме тура келді. Нәтижесінде қаламызға жанашыр жігіттердің көмегімен 500 млн. теңгеден асатын жолға төселетін тас мәселесі шешіліп, тиісті жұмыс басталып кетті. Сол 300 шақырымға жуық істелетін жолдың бүгінгі таңға 30% дан астамына тас төселіп, жұмыс жалғасын табуда. Алла қаласа жыл соңына дейін бітуі тиіс. Жасаған жақсылығым мен атқарған жұмысымның төрелігін ел біледі. Ары кетсе ғаламтор бетін ашып оқып аларсыздар. Бірақ осы уақытқа дейін Түркістанға ең құнды дүниемді тарту етіп қойғанмын. Ол менің адалдығым!

Кезінде бір медианың тізгінін ұстадыңыз. Қала ішіндегі біраз олқылықтарды қалам арқылы көтеріп, белсенділік таныттыңыз. Көп өтпей барлығы басылды. Медиадан қол үзуіңіздің басты себебі не?

Әр адамның өзіндік талғамы, позициясы болады. Көп нәрсені ойға алып, жақсы жұмыс жасағың келеді. Сіз көтеріп отырған медиа менің алғашқы қадамым болатын. Халыққа БАҚ арқылы жақындай түскім келді. Халық ойлайды депутат бәрін шешеді, қолынан бәрі келеді деп. Кейде күрделі мәселені көтерген кезде айналаңнан қолдау көрмей, жалғыз қалып қоятын сәттер болады. Сондай бір тұста қаламыздың мәселелері бірінен соң бірі ескерусіз, орындалусыз қала берді. Медиа құралдарын пайдалануға тағы бір себеп, маған да қала халқының, қоғамның қолдауы өте қажет болды. Мен бар болғаны қала халқынан қолдау сұрадым. Ал, сол медия құралдарының көмегімен қаламыздағы қаншама өзекті мәлелелер шешімін тапқанын көпшілік біледі. Мәслихат депутаттарының көпшілігіне кезінде бастаушы болғанмын. Мысалы, ХҚКО-да жетекшілік жасағанымда Жәмила Сүлейменова орынбасарым болып жұмыс істеген. М.Таңғатаров, Т.Мұсаев, Д.Тәңірбергенов сынды азаматтар қарамағымда жұмыс жасаған. Байқасаңыз, қала ішіндегі өзекті деген көп мәселені көтердік, артынша шешімі табылып жатты. Маған бұл қозғалыс бастапқыда ұнай түскенімен, бертін келе тәжірибемнің жоқтығынан тепе-теңде ұстап тұру оңайға соққан жоқ. Алайда, бұл тыныштық менің медиадан түбегейлі қол үзгенімді білдірмейді. Оңтайлы сәт туса қайта іске кірісу де ойда бар. БАҚ жұмысын уақытша тоқтатсам да позициямнан ешқашан тайқыған емеспін.

Түркістан қаласының депутаты ретінде сізді көбірек не толғандырады?

Біздің өзгермейтін рухани құндылықтарымыз бен тек түркістандықтарға тән мәдениеттің жоғалып кетпеуі көбірек алаңдатады. Бізге өзгеге еліктеудің, телмірудің еш қажеті жоқ. Түркістан мәдениеті сонау ықылым заманнан бері керемет қалыптасқан. Біз тек соны қайта жандандырып, болашақ ұрпақ санасына өшпестей етіп орнатуды көздеу қажетпіз. Түркістан мәдениетке өте бай қала. Алдымен руханиятты сақтап қалу үшін соның жолында аянбай тер төгіп, қызмет етушілерді көкке көтеру қажетпіз. Олар еш алаңдамай жұмыс жасауына ықпал жасамасақ, мәдени құндылықтарды қайта жаңғыртамыз деу бекершілік. Мысалы қолөнершілер, қалалық мәдениет үйінің Бірліктегі ұсқынсыз мекенін, актерлардың жай-күйін сынды бірнеше өзекті тақырыпты үнемі көтеріп келемін. Өздеріңіз куә болғандай, аталған тақырыптың көбісі шешімін тапты. Кішкене болсын осы мәселеде бастамашы болып, мәдениетіміздің өркендеуіне атсалысып жүргеніме ризамын. Екінші толғандыратын мәселе – тұрғындардың әл-аухаты, тұрмыс тіршілігі. Қабылдауыма көбінесе аналар келеді. Бәрінің айтатыны бір. Қолымнан келгенше демеушілік етемін. Бірақ тұрғындардың әлеуеті бұдан да жоғары деңгейде жақсарса екен деп тұрасың. Бұл қабылдаудан шыққан әрбір депутаттың арманы шығар.

Жақында халыққа арналған Президент Жолдауынан не түйдіңіз?

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауын халқымыз ерекше ықыласпен қарсы алды. Жеті бағыт бойынша аса маңызды міндеттерді айқындап берген стратегиялық құжат – еліміздің одан әрі өркендей түсуінің алғышарты болмақ.Президент Жолдауындағы негізгі пікірлер қазақстандық қоғамды жаңғыртуды жалғастыруға арналған жаңа мүмкіндіктерді көрсетті. Жолдау халықтың басты мәселесі – әлеуметтік тұрмысқа тікелей бағытталды және онда республиканың әлеуметтік-экономикалық дамуындағы маңызды қадамдар талқыланды. Мұның бәрі халыққа жасалып отырған үлкен қолдау. Сонымен қатар, Президенттің биылғы Жолдауы әлбетте, форматы мен мазмұны жағынан бұрынғылардан ерекше. Жолдауда нақты міндеттер мен мақсаттар белгіленді. Яғни, ең алдымен құжатта адам мен оның мүддесіне басымдық берілген. Демек, Жолдау бәрінен бұрын қарапайым азаматтардың мүддесін көздейді. Атап айтқанда, құжатта басты талап ретінде айлықтың өсуіне, халықтың табысына маңыз берілді. Біз ең төменгі жалақының бір жарым есеге артатынын да нақты біліп отырмыз. Түптеп келгенде, бұл Жолдауда қарапайым азаматтардың жағдайын жақсарту жайы кеңінен қарастырылған.

Сұқбатыңызға рақмет!
Ғалия БИСЕЙІТ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы