БАЯНДЫ БАҒЫТЫМЫЗДЫҢ КЕПІЛІ

1  429 көрілім

Әрбір жарияланған Жолдау Мемлекет басшысы айқындаған нақты жоспар-стратегиялар еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына, рухани түлеуімізге, тәуелсіздігіміздің шынайы нығаюына негіз болып келеді. Мемлекет басшысының биылғы халыққа арнаған Жолдауы «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» деген тақырыбынан-ақ көп дүниені аңғаруға болады.
Жолдауда білім саласына ерекше мән берілген. Биылғы қаңтар айынан бастап педагогика саласы қызметкерлерінің жалақысы 25 пайызға көбейді. Білім саласында қабылданған шаралар өз жемісін беруде. Материалдық қолдау көрсету шараларын «Цифрлы ұстаз» білім беру жобасымен толықтыру, білім беру жүйесіне жігерлі әрі білікті мамандар қажеттігін айтты. Мұғалімдерді қазіргідей 5 жылда емес, 3 жылда бір рет қайта даярлықтан өткізу, өйткені олар шәкіртінің бойына жаңа білім сіңіре алатындай нағыз ағартушы болуға үндеді. Бұл ретте, ұстаздардың курстан өту үшін өз қалтасынан қаржы төлеуіне жол берілмейді.
Орта білім беру жүйесіндегі басты мәселенің бірі – мектептердегі орын тапшылығы, 225 мың оқушыға орын жетіспейтінін мәлім етті. Бұл мәселеде шұғыл шара қабылдап, 2025 жылға қарай орын тапшылығы 1 миллионға жететінін, 2025 жылға дейін кемінде 800 мектеп салуды міндеттесе, осы Жолдауда олардың санын бір мыңға жеткізуді тапсырды.
Елдің болашағы экономикадағы келешегі зор салалардың дамуымен байланысты деп атап көрсеткендей елімізде мәдени-рухани тұрғыда өз орны бар өңірлердің бірі – Түркістан қаласы. Жолдауда белгіленген міндеттерді іске асыруға қаламыздың қазіргі әлеуметтік-экономикалық әлеуеті негізгі алғышарт болатындығы белгілі. Бүгінге дейін Түркістан қаласын абаттандыру, тұрғындардың тұрмысын жақсартып, әл-ауқатын көтеру бағытында талай шаруалар қолға алынып, нәтижелі істер атқарылғанын білеміз. Дегенмен, Жолдаудағы қаламызға жүктелер міндет пен артылар сенім де ерекше. Ең басты міндет – ел болып, біріге етек-жеңді түріп, еңбекті еселей беру деп білемін. Осы жылғы Жолдаудың мәні де, мақсаты да осындай екендігіне назар аударғым келеді.
Бұл Жолдаудың басты ерекшелігі – әрбір қазақстандықты толғандырған әлеуметтік-экономикалық, құқықтың мәселелерді жедел әрі қолжетімді етіп шешуге бағытталуында. Мақсат – айқын, міндет – белгілі. Ендігі кезек атқарушы биліктің пәрменді әрекетіне ғана емес, сонымен бірге бәріміздің де ауызбірлікпен, жұмыла атқаратын ісімізде.
Гүлфарида ҚОСБАРМАҚОВА,
Бауыржан Момышұлы атындағы №22 жалпы
орта мектебінің мұғалімі.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы