«САУРАНДА ҚЫЗМЕТ ЕТІП ЖАТҚАНДАР ТАРИХИ СӘТТІҢ КУӘЛЕРІ»

648 көрілім

Сауран ауданы құрылғанына жеті айдың жүзі болыпты. «Болар істің басына жақсы келер қасына» дегендей, алыс-жақыннан білікті мамандар тартылды. Жергілікті кадрлар бөріктерін аспанға атып қуанды. Тарихи шешімді жүзеге асыруға жұмыла кірісті. Осыған орай, газет тілшілер тобы жаңа ауданның әкімімен сұхбаттасып, жеті айда атқарылған ұйымдастыру шараларына назар аударды.

– Ғани Құрмашұлы, аудандық, мемлекеттік құрылымдарға қажетті мамандар жасақталып, тиісті орындарына жайғасып бітті ме?

– Менің 20 пайыздық мөлшердегі кадрларді тағайындауға құқығым бар. Соны пайдаландым. Қазіргі таңда барлық мамандар жұмысқа кірісті. Бөлімдердің бәрі жасақталды.

– Сауран ауданының орталығы Шорнақ елді мекенін дамытудың Бас жоспары бекітілді ме? Бекітілсе, мемлекеттік қажеттілікке жер алу мәселесінен қиындық туындап отырған жоқ па?

– Бас жоспар әлі бекітілген жоқ. Оған тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп жатыр. Жақын арада толық бекітеміз деген ойдамын. Тұжырымдамасы жасалды. Ал мемлекеттік қажеттілікке жер алу мәселесінде қиындық туып отырған жоқ. Бізде кадастрлық код деген ұзақ мерзімді алады екен. Бірнеше министрліктердің келісімдері қажет. Оны да қыркүйектің біріне дейін толығымен аяқтадық.

– Жарты жылда көп нәрсені игере қою оңай емес. Біраз елді мекендерді аралап тұрғындармен таныстыңыз. Алайда, атқарылған жұмыстардың барысына өз көңіліңіз тола ма? Толмаса, өңірде қордаланған қандай өзекті жайлар бар екен?

– Барлық ауылдарды бір емес бірнеше қайтара аралап шықтым. Тұрғындармен кездестім. Президенттің халыққа Жолдауында айтылғандай, биліктің халыққа жақындауы жаңа ауданымызда шын мәнінде жүзеге асырылуда. Халықтың мұң-мұқтажын жергілікті жерге барып, тыңдаудамыз. Көп мәселені сол жерде шешсек, әлі бюджетіміз қалыптаспаса да, біраз жайды кәсіпкерлермен бірлесіп атқардық. Қазіргі таңда ауданымыздағы ең өзекті мәселе – сапалы ауыз сумен қамту және газдандыру мәселесі болып отыр. Енді биыл барлық өңірде байқалған қуаңшылық та әсер етті. Соған байланысты егін, мал шаруашылығында қиындықтар туындады. Оның бәрін елмен етене араласып, еңсердік. Ал жергілікті өнім мақтаға келсек, терім әлі жалғасып жатыр. Өнімді қабылдайтын жеке корпорациялар болғанымен олар да түсіністікпен қарап, диханға тиімді бағада қабылдауда. Тоннасы 270 теңгеге дейін өсті деп естіп отырмыз. Биыл мақта еккен шаруалардың жайы жақсаратын шығар деп болжаудамыз. Өйткені қанша жылдардан бері олар төмен бағада өткізіп келген болатын.

– Түркістанның дамуына сүбелі үлес қосқан ақ жағалылардың біразы Сіздің қасыңыздан табылды. Ынталандыру шараларын жақсы жүргіздіңіздер ме?

– Бұл жерде ешқандай ынталандыру шаралары жасалған жоқ. Көбісі мемлекеттік байқаудан өтіп келіп жатқан азаматтар. Мен бастапқыда осы маңайдағы елді мекендердегі білікті мамандарға басымдық берілсе деп ойлаған едім. Бірақ, олардың біліктілігі жетекші маман, бас мамандықтан әрі аса алмай отыр. Жаңа аудан болғаннан кейін көпшілігі Түркістаннан келіп жатыр. Әкімдіктегі бөлім басшыларының көпшілігі Түркістаннан. Бірақ, бәрі ысылған. Тәжірибесі мол адамдар.

– Қала маңындағы бірқатар ауылдар Түркістанның қарамағында болды. Одан Кентауға, енді Сауран ауданы қарамағына өтті. Осы жерде жердің қаншама кадастрлық нөмірлері өзгерді. Ел әбден әбігер болды. Осы жұмыс қалпына келтірілді ме?

– Аудан халықтың жағдайын жақсарту үшін құрылғандығын ел түсініп отыр. Әрине, Түркістаннан бері ауысқан кезде  проблемалар болды. Әрбір ауысқан сайын мемлекеттік актіні алу үшін ақша төлеу керек. Аудан құрылған кезде Өмірзақ Естайұлы тиісті министрліктермен ақылдаса отырып, көптеген күрделі мәселелерді орнына қойды. Кентаудан Түркістанға ауысқан кезде мемлекеттік акт алуды тегін еттік. Халыққа қызмет көрсету орталықтары осы негізде жұмыс жасауда.

– Ресми емес ақпараттарға қарағанда, қарамағыңыздағы мемлекеттік қызметкерлер екі-үш айдан бері жалақыларын ала алмай жүрген көрінеді. Бұл шындыққа қаншалықты жанасады?

– Бұл жерде ешқандай құқық бұзушылық болған жоқ. Мен және орынбасарларым, бөлім басшылары шығар ең көп қиындық көрген. Біз шамамен үш айдай жалақымызды ала алмадық. Кадастрлық, қаржылық код дегендер бар. Ол Президент Жарлығы шыққаннан кейін Үкіметтің шешімімен, көптеген министрліктердің сараптауынан өткеннен кейін ғана белгіленеді. Әр министрліктегі бөлім, департамент, комитет басшыларының, сарапшылардың келісімін алады. Мұның барлығына көп уақыт кетеді. Жаңадан құрылған аудандарда алты жеті айға созылған жағдайлары болған. Қайта біз үш айдың ішінде осы құжаттардың бәрін алып, мамандардың барлығы қыркүйектің бірінде қолдарына жалақыларын толық алды. Білім саласында мұғалімдер көп. Олардың жалақысы кешікпесін деп қыркүйектің біріне дейін Кентаудан бері көшірмедік. Күні кешеге дейін ауыл әкімдерінің жалақысын Кентау арқылы алып отырдық.

– Биылғы Жолдаудан туындаған ой-пікіріңізді білсек.

– Жылма-жылғы Жолдаулар елді дамыту болашағын айқындап отыратын құнды құжат. Жолдаудың осалы жоқ. Мен Қасым-Жомарт Кемелұлының алғашқы Жолдауынан бастап, мұқият оқып, танысып отырмын. Бірінші Жолдаудағы биліктің халыққа жақындауы әлі күнге маңызын жоғалтқан жоқ. Кейінгі Жолдаудағы ауыл әкімдерін сайлау бастамасы елден қолдау тапты. Мен сайлаудың талайын көріп жүргендіктен бұған іштей қарсы едім. Әсіресе, Түркістанда көше-көше, ру-руға бөлініп алып, депутат болатын айдаладағы басқа адамға бола ағайынды екі туыстың жүз көріспей кеткен кездері де болған. Әйелі біреуге, күйеуі басқа біреуге дауыс беріп, отбасына жік түскен жағдай да кездесті. Бұрын кәмпитін, қантын, ұнын таратып жүріп депутат болатын. Қазір халық оған алданбайды. Сайлаудың мән-мақсатын түсінбеген кезде, осындай жағдайлар кездеседі. Қазір халық оянды. Көп нәрсені түсіністікпен қабылдайды. Мәселен, кейінгі сайлауды алып қарасаңыз кешегі ауыл әкімдерінің сайлауында жұрт өздеріне қажетті әкімді таңдап алды. Президенттің соңғы Жолдауы бар мәселені қамтып кетті. Дағдарыстан кейінгі даму, білім, медицина мәселелеріне ерекше тоқталды.

– Бәрінен бұрын, қандай мемлекеттік құжат болса да, оның орындалу тәртібі, ел ішіндегі тәртіп мәселесі алдымен жолға қойылуы тиіс емес пе? Шорнақтағы полиция құрамы қанша? Жалпы аудандағы тәртіп жайы қалай болып отыр?

– Жалпы аудандағы полиция құрамына 75 штат бөлінетін болды. Мен полиция басшысымен күнделікті хабарласып отырамын. Бұрын екі ауылға біреу болса, қазір әрбір ауылға учаскелік полиция бекітілді. Оның телефоны, суреті халық көп жиналатын көрнекті жерде ілулі. Елмен етене араласып жүр. Қазір күнде таңғы сегізде ауыл әкімі мен учаскелік полиция кездесіп, ауылдың тыныс-тіршілігін, әрбір тұрғынның жай-жағдайын бақылауда ұстап отыр. Әрбір үйдегі дау-жанжалға дейін талқылайды. Тәртіпке келгенде, майда-шүйде деген болмайды.

Қазір мектептерде жаңа оқу жылы басталды. Онда оқушылардың тәртібі қандай жағдайда? Осының бәрін ауыл әкімі, мектеп директорымен, учаскелік инспектормен бірлесіп, талқылап отыруы тиіс деп білемін.

– Сауран ауданының бренді деп нені айта аласыз?

– Сауран ауданының бренді көне қалашығымыз. Соны логотиптен көргім келеді.

– Аудан орталығы болдыңыздар. Соған байланысты жаңадан теміржол станциясы, автостанция, сауда орталығы секілді нысандар тұрғызылды ма?

– Бізде азық-түлікті, мал өнімдерін әрі сапалы әрі мол етіп өндіруге мүмкіндік бар. Ол өтпей қалады деп қорқуға еш қисын жоқ. Себебі, Түркістан қаласы іргемізде. Қасымыздан Батыс Еуропа –Батыс Қытай халықаралық автожолы, ауыл ішінен теміржол кесіп өтеді. Тоғыз жолдың торабында тұрмыз. Туризмді дамытуға мүмкіндік бар. Үкаша Ата, Жылаған Ата, Сауран қалашығымыз бар.

Жақында сағатына 300 шақырымға дейінгі Ташкент- Түркістан жүрдек пойызы жүретін болады. Әзірге станцияны кеңейту жұмыстары болмайтын секілді. Себебі Түркістан іргемізде тұр. Соған қарамастан болашақта қажет болса, теміржол станциясы маңын абаттандырып, кеңейту жұмыстары жүргізілетін болады. Әзірге кірме жолдарды да пайдаланып жатқандар жоқ. Таяудағы жоспарымызда халыққа қызмет көрсету орталығы мен әкімшілік ғимараттарды салуды ғана көздеп отырмыз.

Балалар ойын алаңдарын, спорт алаңдарын салу ол тікелей Президенттің бақылауындағы нысандар. Ауылдық жерлерде де осыны жүйелі түрде жүзеге асырамыз. Бұқаралық спортты дамытуымыз керек. Ауылдық жерлерде кәсіпкер мен билік біріге отырып, спорт алаңдарын салуға кірісудеміз. Балалар, жасөспірімдерді барынша жан-жақты дамыту бірінші кезектегі мәселе болып табылады.

– Жаңадан құрылған ауданға әкім болу қалай екен?

– Жаңадан құрылған ауданға әкім болып, елдің мұң-мұқтажын бірден жүзеге асыру оңай емес қой. Қиындықтар әлі көп. Сауран ежелгі қала болғандықтан, мұның тұрғындары басқа аудандарға үлгі болуы тиіс.

Біздің ауданның тұрғындары өте бейнеткеш, таңның атысынан күннің батысына дейін тыным таппайды. Оларды аяғандықтан қалайда егінде де, мал өсіруде де жаңа технологияларды барынша тезірек тарту керек деген ойдамыз. Бәрінен бұрын, осы жобаларды жүзеге асыра алатын, көзі қарақты, білікті де тәжірибелі, елге жанашыр мамандардың командасы жасақталды. Халықтың тарапынан қолдау болса, қандай қиындықтарды қиналмай жеңе аламыз. Алғашқы жеңісіміз осы ауыл әкімдерін сайлап алғандығымыз. Халық қолдап отыр. Соның өзі үлкен жетістік.

Менің түсінігімде Сауран ауданында қызмет етіп жатқан мамандар, мемлекеттік қызметкерлер тарихи сәттің куәлері ғана емес, ауданды дамытып, жаңа заманға лайықты қалашықты қалыптастырып жатқандығын, өздерінің күнделікті істерімен бастамашылық жобаларымен, өздеріне жүктелген аса үлкен жауапкершілікті терең сезініп жүргендігін күнделікті жұмысымда, сәт-сайын байқап, рахаттанып жүрмін. Еңбекпен тапқанға ештеңе жетпейді. Көп еңбек еткен адамға бақыт басын иеді деген халықтың қанатты сөзі бар. Әріптестерім мен тұрғындар тарапынан қолдау – маған қанат бітіреді. Елдің сенім үдесінен шыға алсам, соған сай еңбек ете алсам маған одан асқан бақыт жоқ.

Ескендір ЕРТАЙ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы