«ХАЛЫҚ СЕНІМІН АБЫРОЙМЕН АҚТАҒЫМ КЕЛЕДІ»

667 көрілім

Түркістан су спорты кешенінің басшысы, қалалық мәслихат депутаты Ғалымжан Батырханұлымен газетіміздің «депутат мінбері» айдары бойынша сұхбат құрып едік. Әңгімеміз халық қалалулылары өз міндетін қай деңгейде атқарып жүр деген мәселе төңірегінде өрбіді. Атқарылып жатқан жұмыстар мен салалық мәселелер де сөз болды. Ендеше, сұхбатқа назар салыңыз.

    – Ғалымжан Батырханұлы, биыл халық қалаулысы атандыңыз. Бұл міндеттің жауапкершілігі қалай екен?

    – Иә, депутаттық мандаттың жауапкершілігі түсінген жанға оңай емес. Бірақ, оңай емес екен деп жауапкершіліктен жалтаруға болмайды. Себебі, осы жолды өзім таңдадым. Бұған дейін де қалалық мәслихат депутаты болуға әрекет етіп, бағымды сынап көргенмін. Осы жолы ел сеніміне ие болдым.

Өзім жастайымнан спортпен айналыстым, Қазақстанның көптеген аймақтарында және шет мемлекеттерде болдым. Елге қызмет етіп жүрген көптеген азаматтармен танысып, дос болдым. Бертін келе қызметке араласып, ел алдындағы азаматтық борышымды атқарсам, бұқара халыққа пайдамды тигізсем деген мақсатпен халық қалаулысы атануға бел будым. Сондықтан осындай ойға алған арман-тілектерімді іске асыру үшін жауапкершілік жүгін арқалап отырмыз. Әлгінде айтып өткенімдей депутаттық мандаттың жауапкершілігі жеңіл қарайтын дүние емес. Халықпен бетпе-бет кездесесің, ел ішіндегі проблемалармен танысасың сонан соң билік тармақтарында атқарылып жатқан жұмыстарды көресің. Міне, осы аралықта бірінші кезекте атқарушы орган тарапынан әріптестеріңмен бірлесіп, халық игілігіне бағытталған шешім қабылдауға атсалысасың. Бұл ретте халық амаманатын арқалаған соң үдесінен шығу үшін барыңды саласың. Егер олай болмаса мансабыңнан бұрын азаматтығыңа сын.    

    – Депутаттарды халық пен билік арасында алтын көпір деп жатамыз. Осы күнге дейін халықтың игілігіне бағытталған қандай мәселелерді шешуге атсалыстыңыз?

    – Мансабымды жыл басынан бастап келемін. Осы күнге дейін шама-шарқымызша өңірдегі мәселелердің шешілуіне, халық пайдасына бағытталған жаңа жобалардың іске асуына сонымен бірге, түрлі салаларға бағытталған мемлекеттік бағдарламалардың іске асуына атсалысып келеміз. Енді ел арасында жүрген соң, көмек сұрап жататын азаматтар аз емес. Оның барлығын атын атап, түсін түстеп жатқаным ыңғайсыз болар. Соның ішінде негізгі дегендеріне тоқталып өтсем. Жыл ішінде 9 қала тұрғыны тұрақты жұмыс орынын іздеп жүргенін айтып өтініш білдірді. Қазіргі күні бұл мәселелер толығымен шешімін тапты. Сонымен бірге, Түркістан қаласында көпқабатты үй тұрғындарының арасында бірқатар әлеуметтік мәселелер өз шешімін күтіп отыр. Халықпен кездесулер барысында Т.Бокин көшесінің бойындағы бір топ тұрғыннан орталық жылу жүйесін орнату бойынша шағым түсті. Қазіргі таңда тұрғындар өтінішін қанағаттандыру мақсатында тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр. Атап айтсам, қала әкімдігі тарапынан «Түркістан қаласындағы 2 қабатты тұрғын үйлерді модульді жылу қазандығы және жылу жүйесімен қамтамасыз ету» жобасы бойынша аталған аймақтың жобалау-сметалық құжаттары әзірлену үстінде. Бұл жұмысты депутат ретінде өз бақылауымда қалдырып отырмын. Оған қоса, жыл басында боран соғып, қаладағы инфрақұрылымдардың кейбірі істен шықты. Солардың ішінде менің бастамаммен бірқатар трансформаторларды ауыстыруға ықпал жасалды. Сонымен бірге, жекелеген тұрғындардан отбасылық әлеуметтік жағдайларына байланысты көптеген өтініш-шағымдар түсуде. Оның барлығы өз кезегімен шешімін тауып жатыр.   

    – Әкімдік бір істі бастамас бұрын оның жобасын әзірлеп, оған қаралатын қаржы көлемін депутат талқысына салады. Міне, осындай талқылау кездерінде әкімдік ұсынған жобалардың тиімсіздігі дәлелденіп, кейінге қалдырылғаны немесе мүлде қабылданбай қалған кездері болды ма?

    – Мұндай жағдайлар болады. Бола да береді. Себебі, 200 мыңға тарта халқы бар Түркістанның бүгінгі тынысы, келешегі үлкен маңызға ие. Бұл басқа уақыттарда маңызсыз болды деген сөз емес. Облыс орталығы атанған тарихи шаһарымызға көзқарас ерекше. Сондықтан кешегі аудан-қалалар қатарындағы Түркістан емес, республика көлеміндегі үлкен маңызға ие мекеніміздегі әрбір мәселе ерекше назар аударуды қажет етеді. Бұл ретте әкімдіктің халық қалаулыларының талқысына ұсынып отырған жобалары мен бастамаларының басым көпшілігі әлеуметтік маңызға ие деп айта аламын. Дегенмен олай екен деп ұсынылған барлық мәселелерге бас шұлғып отырғанымыз жоқ. Кейбір жобалар әлі де толықтыруды қажет етеді. Енді бірі аса шұғыл жағдайда іске асыруды қажет етпейді. Міне осындай ұсыныстардың депутаттар тарапынан қолдау таппайтыны заңдылық. Соның ішінде бір мысал, өздеріңіз білетін Түркістан қаласынан Кентауға шыға берістегі «Парасат» саябағын қайта жаңғырту бойынша тұрақты комиссия отырысына ұсыныс түсті. Бұл мәселеге өз басым қарсы болдым. Қысқасы әріптестеріммен ойымыз бір жерден шықты десем қателеспеймін. Мемлекеттің қаржысын тиімді пайдалану мақсатында және өзге де өзекті мәселелерді шешу барысында етек-жеңі жинақы, әзірге халық игілігіне пайдалануға жарамды «Парасат» саябағын қайта жаңғыртуға қаржы бөлуге келісім беріп отырсақ, шаһарымыздағы басқа мәселелердің кейбірі кейінге шегерілмей ме?

     Сол секілді қала тұрғындарын мазалап жүрген тағы бір өзекті мәселе бар. Түркістандықтардың басым көпшілігі шағын және орта кәсіпкерлікпен айналысады. Одан бөлек жекелеген азаматтар өздерінің қажеттіліктері үшін несие алатыны заңдылық. Осы сәтте тұрғын үйлерін кепілге қою кезінде көп кедергілер туындап жатыр. Ол – мемлекет мұқтаждығы үшін алынатын аймақтарда салынған үйлер. Шын мәнінде ол үйдің қай уақытта мемлекет меншігіне қайтарылатыны белгісіз. Солай бола тұра үй иелері өз кәсіптерін жетілдіру үшін алатын несиелерден құр қалып отыр. Қаржы ұйымдары күмәнді кепілге сенбейтіні бесенеден белгілі. Бұл ретте осы бағыттағы әкімдік құрылым халыққа кедергі келтірмейтіндей жұмыс жүргізуі керек. Осындай мәселелерді басшылыққа ала отырып, қала әкімдігінің «қалалық сәулет және қала құрылысы» бөлімінің есебі депутаттардың талқысынан өткен жоқ және «қалалық жер қатынастары» бөлінің де жұмыстарына қатысты сын ескертпелерімді ұсынып келемін. Дегенмен бұл салада да, өзекті мәселелер жеткілікті. Себебі, жоғарыда айтқанымдай бөлімдердің жұмысы көптеген тұрғындардың шаруасына едәуір кедергі келтіріп отыр.              

    – Спорт саласында жастайыңыздан тер төгіп келе жатырсыз. Түркістан спортынан не күтесіз?

    – Үмітім көп. Себебі, Түркістан қаласында спорт саласын дамытуға бағытталған жұмыстардың қатары мол деп сеніммен айта аламын. Бір ғана мысал. Соңғы екі жылда қаламызда заман талабына сай бірнеше спорт нысаны бой көтерді. Әлі де салынатын және салынып жатқан нысандар бар. Атап айтсам, «Түркістан арена» футбол стадионы,  Отырар мөлтек ауданынан спорт кешені, жаттығу залы сынды жобалар іске асты. Оған қоса Б.Саттарханов атындағы спорт кешенінің құрылысы қолға алынды және де әкімшілік іскерлік аумақта жасанды көл салынып, ескек есу спортына арналған кешен бой көтереді. Міне, осының барлығы біздің шаһардың ғана емес ел спортының өркендеуіне үлес қосады деп сенемін.  

    Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында: «Денсаулық кілті – дене шынықтыру. Қайталап айтамын: бұқаралық спортқа, балалар спортына барлық жағдайды жасау қажет»,- деп спорт саласына айрықша мән берді. Мұның өзі көп нәрсені аңғартады. Бұл ретте сала мамандары яғни, біздер нәтижелі жұмыс жасауымыз керек. Біздің қаламызда оған лайықты жағдайлар толықтай жасалып жатқанын жоғарыда айтып өттім.

Тағы бір қоса кетеp, бұқаралық спортты дамыту мақсатында жақында әуесқой футбол лигасында өнер көрсететін шағын футбол клубына жергілікті бюджеттен 5 млн теңге бөлінуіне және Қазақстан футбол лигасының екінші деңгейінде өнер көрсетіп жүрген «Яссы» футбол командасына қолдау көрсету үшін оған да бюджет есебінен 5 млн теңге қаржы бөлінуіне ықпал жасадым.  

    – Спортшы ретінде болашағынан үміт күттіретін жас спортшылардың есімін атай аласыз ба?

    – Иә, кеше ғана Токиода төрт жылда бір болатын әлемнің басты бәсекесі олимпиада өтті. Жалпы еліміздің спортшылары жоспардағы нәтижеге қол жеткізе алмағанымен құралақан қалған жоқ. Соның ішінде облысымыздың мақтанышы, былғары қолғап шебері Сәкен Бибосынов қола жүлдегер атанды. Осындай жетістіктердің жалғасы Түркістанның төл тумалары жастар мен жасөспірімдер арасында еркін күрес және грек-рим күресінен өткен әлем біріншілігінде топ жарған бұрымды қарындастарымыз Нилуфар Раимова мен Мадина Аман мерейімізді тасытты. Міне, осылай жалғасып кете береді. Дидар Хамза әлемдік рейтингте үздік дзюдошылардың қатарынан орын алады. Сонымен бірге, соңғы екі жылға дейін әуесқой бокста жоғары нәтиже көрсеткен Бек Нұрмағамбет бүгінгі таңда кәсіпқой бокста бақ сынап жүр. Сол секілді су спортында да елеулі нәтижелерге қол жеткізіп, жалындап өсіп келе жатқан Бағдәулет Абдроимов, Мадияр Сейділда, Нұрғиса Тілеубай, Сәулет Рахманберді деген спортшылармыз бар. Соның ішінде Сәулет Рахманбердінің есімін ерекше атап өтсем болады. Суға жүзуден алдағы уақытта құрлықаралық және келе жатқан олимпиадада өнер көрсетуі де ғажап емес. Алда өтетін байрақты бәсекелерде Түркістан топырағынан шыққан көптеген жаңа есімдер аталуы мүмкін.           

    – Су спорты кешені алғаш ашылғанда түркістандықтар «қаламыздан суға жүзуден спортшылар шығатын болды», деп қуанды. Қазіргі күні өзіңіз басшылық етіп отырған кешеннің тыныс-тіршілігіне тоқталып өтсеңіз?

    – Иә, су спорты кешені осы спорт түрінен талаптарға сай келетін Түркістанда тұңғыш рет бой көтерген спорт нысаны. Бұл қала тұрғындары үшін үлкен жаңалық және қуаныш болды. Міне, 2014 жылдың тамыз айынан бергі уақытта жас өрендеріміз су спортымен шұғылданып, бүгінде біршама жетістіктерге қол жеткізіп үлгерді. Әуелгі кезде жұмысты жандандырып алып кету барысында қиындықтар да орын алды. Атап айтсақ, балаларды жаттықтыратын су спорты мамандарының тапшылығы туындады. Маман іздеп, сырттан шақыруға мәжбүр болдық. Бір мектеп үшін арнайы маман шақырып, оған жайғдай жасау оңайға соқпайтыны белгілі. Осындай ауыртпалықтарды жеңіп шығу үшін айтарлықтай уақыт жұмсадық. Қазіргі күні бұл мәселе өз шешімін тапты десем болады. Әуелде айтып өткен болашағынан мол үміт күттіретін спортшылардың қатарында осы мектебіміздің де шәкірттерінің есімдері аталған.

Сұхбаттасқан:

М.ДӘУЛЕТОВ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы