«ҚОҒАМНЫҢ БИЛІККЕ ДЕГЕН СЕНІМІ НЫҒАЯ ТҮСЕТІН БОЛАДЫ»

706 көрілім

Қала әкімі аппаратының өтініштерді қарауды бақылау және мемлекеттік қызмет көрсету мониторингі бөлімінің басшысы Мадина БАЙҒҰТ:

«ҚОҒАМНЫҢ БИЛІККЕ ДЕГЕН СЕНІМІ НЫҒАЯ ТҮСЕТІН БОЛАДЫ»

Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі қабылданды. Бұл заң 2021 жылы 1 шілдесінде өз күшіне енді. Бұл кодекс мемлекеттік органдардың ішкі әкімшілік рәсімдерін, олардың қатынастарын реттейді. Бір жағында мемлекеттік орган болса, енді бір жағында заңды тұлғалар. Заңның басты ерекшелігі – жауапты тек мемлекеттік орган болады. Осыған байланысты бүгінгі таңда әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің қаншалықты деңгейде жүзеге асып жатқаны бойынша қала әкімі аппаратының өтініштерді қарауды бақылау және мемлекеттік қызмет көрсету мониторингі бөлімінің басшысы Мадина Байғұтпен арнайы сұқбаттасқан едік.

– Мадина Жүсіпқызы, Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында айтылған негізгі бағыттарының бірі «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы болатын. Өзіңіз білетіндей бұл жөнінде ҚР Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі қабылданып, ол 1 шілдеден бастан өз күшіне еніп отыр. Осыған байланысты қала әкімдігі тарапынан атқарылап жатқан жұмыстардан бастасақ.

– Иә дұрыс айтасыз, бұл жөнінде қала әкімдігінің қызметкерлерінің қатысуымен аталмыш тұжырымдаманы кеңінен түсіндіру мақсатында «Нәтиже» азаматтардың өтініштерін қабылдаудың бірыңғай орталығы пилоттық жобасы шеңберінде «Е-Өтініш» ақпараттық жүйесі арқылы жеке және заңды тұлғалардың өтініштерімен жұмысты ұйымдастыру бағытында бірнеше рет семинар өткізілді. Семинарды «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Түркістан облысы бойынша филиалының Түркістан қалалық 1 бөлімінің HR-менеджерлері Ә.Жұмаш пен Ж.Булекеев өткізіп, жаңа ақпараттық жүйе туралы қатысушылардың сұрақтарына да жауап берді. 2021 жылдың шілдесінен бастап, барлық мемлекеттік органдардың жұмысына «Е-Өтініш» ақпараттық жүйесі енгізілді. Бұл жаңа жүйе азаматтардың мемлекеттік органдарға жүгіну жұмысын жеңілдетіп, өтінімдерді бақылау ісін жетілдіру үшін қолға алынып отыр.

– Өзіңіз жоғарыда айтып өткендей «Е-Өтініш» жаңа ақпараттық жүйесі арқылы жұмыс жасау. Бұл жаңа жүйе әкімшілік органдарға азаматтардың өтініштерін сапалы қарауды қамтамасыз етуге күш салатыны белгілі. Осы жүйе туралы оқырмандарға түсіндіріп өтсек?

– Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыруда маңызды құрал ретінде айқындалған жобаны Бас прокуратура Президент Әкімшілігінің өтініштерін қарауды бақылау жөніндегі бөлімімен бірге әзірледі. Өтініштерге қатысты процестерді цифрландыруды қамтамасыз ететін ақпараттық жүйе, мемлекеттік органдардың құзыретіне қарай өтініштерді автоматты түрде бөлу, мемлекеттік органдар арасында сауалдар санын оңтайландыру есебінен өтініштерді қарау мерзімін қысқарту, өтініштерді қарауда барлық саты мен мерзім бойынша өтініш берушіні ақпараттандыру, мемлекеттік органдарға түскен өтініштердің бәрінің бірыңғай базасын құруға мүмкіндік беруде. Сонымен қатар, «Е-Өтініш» ақпараттық жүйесі өтініш берушімен кері байланыс ұстап, мемлекеттік органдардың жұмысына баға беруге жол ашады. Мемлекеттік органдардың жауабына міндетті түрде жүйелі талдау жүргізіліп, бұл жұмысты жауапсыз қалдыру ісінің алдын алып, нақты салада өтініштерді қараудың бірыңғай тәжірибесін жолға қоятын болады.

– Бүгінде қала әкімдігіне жүгінетін жеке және заңды тұлғалар тарапынан жергілікті әкімдікке жазған өтініштерінің жауабына бұған дейін еш қанағаттанбай келетінін жақсы білеміз. Аталмыш жаңа кодекс қарапайым халықтың өтініштерін қаншалықты деңгейде орындауға мүмкіндік бермек?

– Иә, сұрағыңыз өте орынды. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының негізгі мақсаты – азаматтардың мемлекеттік органдарға өтініш беру процесін барынша жеңілдету, олардың қарастырылуын бақылауды жетілдіре түсу. Бүгінде қоғамдық қабылдау мен мемлекеттік органдарға өтініш жасаушы азаматтар саны артқан. Мемлекет пен қоғам арасындағы екіжақты байланысқа кедергі бірқатар проблемалар «Е-Өтініш» жүйесі арқылы шешімін тауып келеді. Мемлекеттік органдар арасында өтініштерді автоматты түрде бөліп беру арқылы артық іс-әрекеттен құтыламыз – шағымданушы тек бір рет қана өтінішінің электронды нұқсасын толтырса жеткілікті. Қолданушы сервистің көмегімен оның түріне, саласына және сұрақтың сипатына қарай таңдау жасайды. Таңдап алынған параметрлер бойынша жүйе автоматты түрде құзырлы органды анықтайды, ал шағым беруші өтініш мәтінін жазады немесе дайын құжатты қыстырады. Бұдан соң, құжат тиісті органдарға жөнеледі. Өтінішті қарастыру процесі де оның мерзімін қысқартуға орай сәйкестендірілген. Мемлекеттік органдар шағымданушының басқа органдарға түсірген өтінішінің тарихын еш тапсырыс бермей-ақ пайдалану мүмкіндігіне ие болады. Бүгінгі күндері мұндай тапсырысты алуға 15 күнге дейін уақыт кетеді. Бұдан бөлек, кері байланысты жақсарту үшін, шағымданушы жауапты орган туралы, кім орындайтыны туралы және қанша уақытта қарастыратындары туралы толық ақпаратқа қол жеткізетін болады.

– Бұдан былай бұқара көпшілікпен санаса білген билік қана толағай табыстарға қол жеткізбек. Қалай алып қарасақ та, мемлекеттік қызметкер – биліктің айнасы. Алайда, бүгінгі таңда мемлекеттiк қызметшiлер күнделікті қызметінде, сонымен қатар, халықпен кездесу барысында өзін-өзі ұстау мен көпшілік алдында сөйлеу кезінде әдеп нормаларына сай келе бермейтін әр түрлі кемшіліктерге жол беретін кездер жиі көрініс табатыны жасырын емес. Осы тұрғыда не айтар едіңіз?

– Жаңа кодекстің басты талабы мемлекеттік органдардың арыз-өтініш иелеріне қайтарған жауабының дұрыс-бұрыстығы қажет болса, сотта қаралады. Тұрғындардың мәселесіне жүрдім-бардым қарап, әуре-сарсаңға салғандар жауапқа да тартылады. Шағымдану кезінде шешімдердің немесе жауаптардың негізділігін мемлекеттік орган дәлелдейді. Бұл ретте жаңа әкімшілік соттар құрылған. Өңірде аталған жүйе енгізіліп, дамытылуда. Заңнаманы мемлекеттік органдар мен азаматтарға түсіндірме жұмыстары жүргізілуде. Өтініш беруші «Е-Өтініш» біртұтас ақпараттық жүйесі арқылы өз өтінішінің мемлекеттік органдарда қаралу барысын қадағалай алады. Және дәлелдер келтіріп, заң нормаларына сай әкімшілік орган өткізген тыңдауға оларды зерделеуге қатысып, түсініктеме беру, қажетті құжаттарды ұсыну құқығына ие болады.

Егер мемлекеттік органнан алған жауабына қанағаттанбаса, оның жоғары сатыда тұрған органға шағым келтіруге, одан кейін шешім қабылдаған мемлекеттік органды талап арызбен сотқа беруге құқығы бар. Азаматтар мен бизнес өкілдерінің талап арызын арнайы әкімшілік соттар мемлекеттік органдардың «кінәлілік презумпциясы» қағидаты бойынша қарайтын болады. Яғни, өтініш беруші емес, мемлекеттік орган өзі қабылдаған шешімінің немесе берген жауабының дұрыстығын дәлелдеп, негіздейді. Өтініштерді қарау мерзімі 30-дан 15 жұмыс күнге қысқартылады. Қазіргі таңда орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар 100% ақпараттық жүйеге қосылған, ел көлемінде пилоттық қолдану басталды. Бұл өз кезегінде кезең-кезеңмен жүзеге асатын ақпараттық жүйе билік пен қоғамның қарым-қатынасын күшейтетін болады

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұқбаттасқан:

Қуаныш ТАСЫБАЕВ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы