Айбек ИБРАГИМОВ, Түркістан қалалық мәслихаттың депутаты: ХАЛЫҚҚА ҚЫЗМЕТ ЕТІП, АЛҒЫСЫНА БӨЛЕНСЕМ ДЕЙМІН

1  639 көрілім

Қалалық мәслихат депутаттары арасында түрлі кәсіп иелері мен мемлекеттік қызметкерлер бар. Сол депутаттар арасында Гиппократ антына адал болған ақ халатты абзал жан, бүгінде Кентау қаласына қарасты Ескі Иқан ауылдық округіндегі бастапқы медициналық-санитарлық көмек көрсету орталығының аға дәрігері Айбек Ибрагимовпен сұхбаттасудың сәті түскен еді. – Айбек аға, жастық шағыңызда депутат болуды армандадыңыз ба, жалпы депутаттыққа қалай келдіңіз?

– Негізі адам баласы дүниеге келгеннен кейін алдына мақсат қойып, сол мақсатына жету жолында күреседі, түрлі қиыншылықтарды жеңіп өтуге тура келеді. Жастайымнан қарапайым халықтың ортасында жүріп, ауылдың тыныс-тіршілігін, олардың мұң-мұқтажын көріп, біліп есейдім. Халықтың сенімді өкілі болуды армандап, оның мән-мағынасы мен жауапкершілігін терең түсініп өстім. Әсіресе, өзім таңдаған сала бойынша ізденіп, жетістіктерге жетіп, науқас жандарға ауруынан жазылуына көмек беруді мақсат тұттым. Осы еңбегім арқылы халықтың алғысына бөленуді қаладым. «Еңбек – ердің көркі, ер – елдің көркі», – демекші, қалалық мәслихаттың бұрынғы хатшысы Ғани Рысбеков бір жиналыста маған өз ұсынысын айтып: «Айбек, ауылға сен сияқты жас, іскер, еңбекқор азаматтар депутат болуы керек» деген-ді. Сол ұсынысы арқылы «Nur Оtаn» партиясы атынан 2-рет қалалық мәслихаттың депутаты болып сайландым.

– Депутаттық мансапты қалай түсінесіз?

– Депутаттық қызмет – мансап емес, ол үлкен жауапкершілік. Депутат – халық пен билік ортасындағы алтын көпір. Халықтың талап-тілегін, күрделі мәселелерін жоғарыға жеткізу, оның оң шешілуіне ықпал жасау. Егер де осы жауапкершілікті сезіне алмасаң, елдің сенімінен шыға алмасаң жинаған абыройың да, беделің де түсері анық. Бұл ретте, халықтың көңілінен шығудан артық бақыт болмаса керек. Қысқаша айтар болсам, депутат болу – ол тек халық қалаулысы деген атақ емес, ол елге деген құрмет, білім мен тәжірибе, іскерлік қабілетпен келетін абырой.

– Сайлауалды бағдарламаңызда айтылған мәселелердің орындалуы қалай? Сіздің ойыңызша халықтың көңілінен шығып отырсыз ба?

– Сайлауалды бағдарламамдағы ең бірінші мәселе бойынша ауыл амбулаториясының жұмысы мен қызмет көрсету аумағын кеңейтуді қолға алдым. Яғни, Ескі Иқан ауылдық амбулаториясынан ауылдық емхана мәртебесін алуға қол жеткіздік. Бүгінде бастапқы медициналық-санитарлық көмек көрсету орталығы болды. Соның арқасында мұнда бейінді мамандарды көптеп тарта бастадық. Олар, невропатолог, акушер-гинеколог, эндокринолог, кардиолог сияқты мамандар. Нәтижесінде Ескі Иқан ауылдық округі тұрғындарымен қоса Жаңа Иқан, Достық, Шаға ауылының тұрғындары да бізге келіп, ем-дом қабылдауға мүмкіндіктер алды. Сонымен қатар, 32 млн теңгеге рентген аппараты сатып алынып, арнайы маман жұмыс істесе, бүгінгі күнде кең дамыған заманауи УЗИ аппараты да халыққа қалтқысыз қызмет етуде. Ұжымда бұрын 50 адам жұмыс істесе, бүгінде тағы 20 адамға көбейді. Атап айтсақ, 27 аймақтық мейірбике, 13 дәрігер, 10 бейінді дәрігер тағы басқа қызметкерлер бар. Сондай-ақ, ауыл арасында «Жедел жәрдем» көлігін жүргізу халықтың өтініші болатын. Бұл мәселенің оң шешім табуына ықпал етіп, 2018 жылдың 1 мамырынан бастап арнайы көлік тұрғындарға қызмет етуде.

Тағы бір айта кететін маңызды мәселе – дихандардың егістік алқаптарына су жеткізіп беру. Оны бір топ депутаттармен бірлесе «Арыс-Түркістан» каналынан келетін суды тамыз айында қосымша 10-15 күн пайдалануға қол жеткіздік. Бұл өнімнің мол болуына әсер етіп, дихан қауымының табысы еселенуіне зор мүмкіндік берері анық. Бұған қосымша, облыстық өзбек этно-мәдени бірлестігімен бірге «2018 жыл Қазақстандағы Өзбекстан жылы» аясында бір топ еңбек ардагерлерін Өзбекстанның тарихи қалаларына саяхат жасауына мұрындық болдым.

– Өмірде өз мамандығыңызды дұрыс таңдадыңыз ба? Дұрыс таңдаған болсаңыз, осы салада еңбегіңіздің жемісін көріп жүрсіз бе?

– Дәрігер болуға жастық шағымда жиі сырқаттанып, айлар бойы ем қабылдағаным себеп болды. Сондықтан, өзіме кішкентай кезімнен дәрігер болуды мақсат қойдым. Арманыма жету үшін көп оқыдым, еңбектендім. Бүгінгі күнде осы еңбегімнің жемісін көріп жүрмін. Ал еңбектерім қалалық, облыстық денсаулық сақтау басқармасы тарапынан бағаланып келеді. «Алтын дәрігер» Республикалық төсбелгісі еңбегімнің жемісі деп ойлаймын. Құдай қаласа, алда халыққа қызмет етіп, алғысына бөленсем деймін.

– «Қайырымдылық – асыл қасиет» демекші, көмекке мұқтаж отбасыларға жәрдем беріп тұрасыз ба?

– Иә, қайырымдылық жасау – ата-бабаларымыздың қанына сіңген ұлы қасиет. Сондықтан, мұқтаж жандарға көмек көрсетіп, қоғамымыздағы әлсіз топтар мен әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға дұрыс бағыт-бағдар көрсетіп, мемлекет тарапынан берілетін тиісті көмекті алуға атсалысып келемін. «Оң қолын берген садақаңды, сол қолың білмесін» дегендей жария етуді қаламаймын. Менің атқарып отырған жұмысымның бағасын ел берсін.

– «Ауылым – алтын бесігім» деп айтамыз, бұрынғы ауыл мен бүгінгі ауылдың тыныс-тіршілігінде айырмашылық бар ма? Шаруалар мемлекеттен алатын жеңілдіктерді тиімді пайдаланып жүр ма?

– «Өз ауылымның түтіні түзу шықсын» деген қанатты сөз бар. Құдайға шүкір, бүгінде еліміз өсіп-өркендеп, жылдан-жылға тұрмысымыз түзеліп келеді. Осы тұрғыдан алғанда, ауыл тұрғындарының да тұрмыс-тіршілігі Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарына қарағанда әлдеқайда жақсарды. Мемлекетіміз ауылды қолдау мақсатында шаруаларға жеңілдіктер қарастырып, көмек беруде. Мысалы, «Сыбаға», «Алтын асық», «Құлан» сияқты бағдарламалар ауыл шаруашылығын дамытуға арналған. Ендігі кезекте шаруалар жалқаулыққа бой алдырмай еңбек етсе, табысы еселеніп, тұрмысы жақсаратыны анық. Шаруалар ұзаққа сабылмай ауылымыздағы «Түркістан-несие» несие серіктестігі арқылы жұмыстарын ретке қоюына мол мүмкіндіктері бар. Ескіиқандықтар табиғатынан еңбекқор болып келеді, демек сайлаушыларым да еңбекқор.

– Өзіңіз ауыл тұрғыны ретінде жеке шаруашылықпен айналысасыз ба?

– Әрбір ауылдың азаматы ауылда тұрған соң қосымша бір шаруамен айналысуы табиғи құбылыс. Біреулер мал бағуды, біреулер диханшылықты ұнатады. Өзіме тиесілі 0,80 га жерге бау егіп, бүгінде одан алған өнімді базарға саудалап, қосымша табыс тауып отырған жайым бар.

– Бос уақытыңызда немен шұғылдануды ұнатасыз?

– Әр адамның қызығушылығы әр түрлі. Жеке өзім бауға күтім жасап, салқын саяда демалғанды ұнатамын.

– Отбасыңыз және өзіңіз жайлы айтып өтсеңіз?

– Әкем Дархан кең пейілді, дархан мінезді, білімді жан. Еңбек жолын мұғалім болудан бастаған, кейін ұзақ жылдар «Партия ХХІІІ съезі» совхозында бас инженер болып қызмет атқарып, ауылымыздың көркеюіне, дамуына өз үлесін қосқан. Бүгінде зейнеткер. Анам Анажан төрт ұлды дүниеге әкеліп, тәрбиеледі. Өкінішке орай, бүгінде арамызда жоқ. Кезінде фельдшер болып жұмыс атқарған. Ата-анамның берген тәрбиесі мен тура жол сілтеуінің арқасында бүгінде осындай жетістіктерге жетіп отырмын. Олармен әрқашан мақтанамын. Өзім Ескі Иқан ауылында зиялы отбасында туылдым. Ауылдағы Қ.А.Ясауи атындағы жалпы орта мектепті (бұрынғы Ю.А.Гагарин) ойдағыдай аяқтап, Семей Мемлекеттік медицина институтында, кейін Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде жалғастырдым. Әйелім Наргиза – фармацевт. Бүгінде 2 ұл, 2 қыз тәрбиелеп отырмыз.

– Сұхбатыңыз үшін рахмет.

Сұхбаттасқан:

Райымжан ӘЛІБАЕВ,

«Түркістан».

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы