КЕЛЕЛІ ШЕШІМДЕР ҚАБЫЛДАНДЫ

1  526 көрілім

Түркілер Кеңесінің құрылғанына – 12 жыл. Осы жылдар ішінде халықаралық беделге ие болды. Жақында өткен түркі әлемі басшыларының бейресми басқосуында келелі ұсыныстар айтылып, шешімдер қабылданды. Білім беру саласындағы ынтымақтастық – болашақтағы табысты серіктестіктің негізгі факторы. Осы ретте Қазақстан Президенті ортақ мәдени-ағартушылық кеңістік қалыптастырған жөн деп есептейтінін айтты. Президенттің пікірінше, оны «Ұлы түркілер» білім беру қорын құру арқылы жүзеге асыруға болады. Қор университеттер арасында академиялық ұтқырлық, тағылымдамадан өту, біліктілікті арттыру ісін үйлестіреді.

Мемлекет басшысы бауырлас елдердің жастары үшін Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде бакалавриат бағдарламасы бойынша 50 грант бөлуге дайынбыз деді. Бұл 50 грант «Ясауи стипендиясы» деп аталатын болады. Білім беру, біліктілікті арттыруда Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің мүмкіндігі көп. Түбі бір түркі халықтарының басын бір тудың астына біріктірген университетіміздің есігі білімгерлер үшін айқара ашық. Білім алуға барлық жағдай жасалған. Қазіргі заманда гуманитарлық және академиялық ықпалдастықтың өзектілігі артып келе жатқанын айтқан Қасым-Жомарт Тоқаев іргетасы орта ғасырда қаланған Түркістан шаһарының археологиялық және ғылыми тұрғыда әлі толық зерттелмегенін атап өтті.

– Сондықтан ТҮРКСОЙ мен Түркі академиясының Түркістан өңірінде архео-логиялық ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуге баса мән беруі өте орынды. Бұдан бөлек, тамырластық символы ретінде Түркістанда халықтарымызға ортақ сәулет нысанын салсақ, құба-құп, – деді Мемлекет басшысы.

Түркия Республикасының Президенті Режеп Тайип Ердоған Түркі кеңесі түркі халықтары арасындағы бірліктің символы деп атап өтті. Сонымен қатар, Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың Түркістанда өмір сүруі, қаламызды бүкіл әлемдік географияға енуіне зор ықпал еткендігін айта келе Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетіне де арнайы тоқталып өтті. Мемлекет басшыларының ортаға салған пікірлеріне қарап Түркістан қаласы мен оқу орнымыздың мәртебесі асқақ екенін аңғаруға болады. Саммитте Түркістан қаласын түркі әлемінің рухани астанасы ретінде атау ұсынылды. Ондағы мақсат – түркі әлемін XXI ғасырда маңызды экономикалық және мәдени-гуманитарлық кеңістіктің біріне айналдыру. Түркі өркениетін жаңғыртуды, ең алдымен, Ясауи мұрасы мен қасиетті Түркістанды әлемге танытудан бастауға шақырған Мемлекет басшысы саммиттің атауын да «Түркістан – түркі әлемінің рухани астанасы» деп аталып отырғанын айтты. Түркітілдес мемлекеттердің ынты-мақтастық кеңесінің бейресми саммитінің қорытындысы бойынша Түркістан декларациясы қабылданды. Барлық түркі халықтарының қастерлі қарашаңырағы Түркістан қаласы түрлене берсін!

Ж.ТЕМІРБЕКОВА,

Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің ректоры.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы