ЖЕҢІМПАЗДАР МАРАПАТҚА ИЕ БОЛДЫ

733 көрілім

Оқушылардың пәндік олимпиадасы – мектеп қабырғасында білім алып жүрген жас жеткіншектердің білім сапасын айқындаумен қатар олардың арасынан дарынды оқушыларды анықтауға, ынталандыру арқылы білім жолында бағыт беруге зор мүмкіндік туғызатын білім сайысы екендігі анық. Жыл сайын өткізілетін бұл білім бәсекесі осы уақытқа дейін қаншама жас дарындардың жолын ашуға септігін тигізгені айтпаса да анық.

Түркістандық оқушылардың пәндік олимпиадасы биылғы жылы да жоғары деңгейде өтті. Түркістан облысы адами әлеуетті дамыту басқармасы «Дарын» орталығының ұйымдастыруымен өткізілген шараның ережесіне биыл біршама өзгерістер енгізілді. Ондағы мақсат – олимпиаданы өткізу барысында адалдық пен ашықтықты сақтау. Осы орайда жас жеткіншектердің мүдделері үшін ерінбей еңбек еткен Түркістан облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің «Адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің менеджері Нұржахан Абуова, департамент жанынан құрылған арнайы мобилді топтың мүшелері Қаламқас Ботабекова, Акром Абдувалиев, Айгүл Бижановалар, Түркістан облысы адами әлеуетті дамыту басқармасы «Дарын» орталығы, орталықтың арнайы өкілдері Ақнұр Міндетбаева мен Шукур Алимхановтар олимпиада барысын қадағалап отырғандығын тілге алғанымыз жөн. Осы ретте олимпиада барысын жіті қадағалап, бағыт-бағдар беріп отырған Түркістан облысы адами әлеуетті дамыту басқармасы «Дарын» орталығының директоры Элмира Дуланқызы Асқароваға да түркістандық оқушылар мен ұстаздардың айтар алғысы мол.

Сонымен, С.Рахимов атындағы жалпы орта мектебінің базасында бес күнге жалғасқан республикалық пәндік олимпиаданың қалалық кезеңі де мәреге жетті. Санитарлық талаптарға сай өткізілген қалалық олимпиадаға жалпы саны 438 оқушы қатысып, олардың ішінде 222 оқушы жүлделі орындарды өзара бөліссе, 45 оқушы жеңімпаз атанды. 70 оқушы ІІ орыннан көрінді, сондай-ақ, 105 оқушы жүлделі ІІІ орын иегері атанды. Осы орайда олимпиаданың ережесіне сай қатысқан оқушылардың жартысына жүлделі орындар белгіленгенін айта кеткен жөн.

Олимпиаданың белесін бағындырған жеңімпаздар қаладағы «Ақжайық» музыка мектебінде марапатталды. Оларды қалалық адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы Ақмарал Үсенқызы Батырбекова құттықтап, жүзден жүйрік шыққан оқушыларға бөлімнің арнайы дипломдарын тапсырды. Сонымен қатар, мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Оқуға құштар мектеп» жобасына қолдау көрсету, оқушыларды кітап оқуға шақыру мақсатында жас білімпаздарға құнды кітаптарды тарту етті. Ақмарал Үсенқызы оқушыларға білімнің маңызын, білімді адам ғана биік шыңдарды бағындыра алатынын ұғындыра отырып, алдағы облыстық, республикалық кезеңдерде де өз білімдерін дәлелдеп, жеңімпаз атануларына тілектестік білдірді.

Райымжан ӘЛІБАЕВ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы