ЖАС КӘСІПКЕРЛЕР – КЕЛЕШЕКТІҢ КЕПІЛІ

447 көрілім

Еліміздің ертеңі – жастар бүгінде өздерін барлық салада белсенді екендіктерін көрсетіп келеді. Оларға мүмкіндік жасап, демеу көрсету  біз секілді кәсіпкерлердің үлесінде деп ойлаймын. Осы мақсатта Түркістан қаласындағы «Сапар орталығында» кездесу өтті. «U:projects Тurkistan» жобасы аясында қолға алынған кездесуге қаламыздың жас кәсіпкерлері мен студенттері қатысты.
Белсенді жастар алдында спикер болып, отбасылық кәсібіміздің қалай басталғаны, даму мен өсу жолында кездескен кедергілерді, мақсатқа жету бағытында туындаған мәселелер аясында әңгіме өрбіді. Еркін форматта өткен басқосуға қатысқан жастар кәсіпкерлік саласына қатысты тың идеяларымен бөлісіп, ұсыныстарын білдіріп, сұрақтарын жолдады.
Мен осы орталықта өткен бұл кездесуге қатысып, кейіпкер ретінде түйгенім, біздің қаламызда көздері жанып, жігер мен энергияға толы позитивті жастардың келешекте дұрыс бағытқа беттегені іштей қуантты. Олар өздерінің бизнес саласында өзекті проблемаға айналған тақырыптарын әрі қарай кофе-брэйк барысында жалғады.
Түркістан қаласындағы ірі әрі байырғы  сауда орындарының біріне айналған «Қуаныш» сауда орталығының тарихымен танысып, бүгінгі тіршілігіне қаныққан жастармен жүздесуді ұйымдастырған «U:projects Turkistan» әлеуметтік жобасының менеджері Аружан Мұратқызына ерекше алғысымды білдіремін.
Екі аптада бір рет қолға алынатын осындай кездесулерге өзге жастарды қатысуға шақырамын. Себебі, бұл алаң – кәсіпкерлікті келешегім деп таныған жастарға тәжірибе алмасуға мол мүмкіндік беретініне сенімдімін.

Инара НАМАЗБАЕВА,
«Қуаныш» ЖШС-нің директоры.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы