ТҮРЛІ-ТҮСТІ ҚҰРТ КӨРІП ПЕ ЕДІҢІЗ?

2  499 көрілім

Ағарғанның төресі сүттен 35 түрлі тағам дайындалады десек, соның бірі де бірегейі – құрт. Мамандардың айтуынша, құрт құрамы құнарлы, түрлі минералдар мен дәрумендерге бай, денсаулыққа пайдалы әрі ұзақ уақыт сақтауға төзімді. «Ғарыштық тағам» мәртебесіне ие болған жеңсік асты кезінде ғарышкерлер де, кеңестік кезеңде биліктің озбырына тап болып, ас-ауқатсыз қалған адамдар да аталмыш тағамды талғажау етіп, өмірін жалғағанын тарихтан білеміз. Жұмысқа жегіліп, ішерге суы, жеуге асы болмаған өзге ұлттың өкілдеріне тікен сымның сыртынан «қаралап» тас лақтырған қазақ халқының даналығын әлі күнге еске алатын жандар, сол кезде тас орнына құрт лақтырғанын, сонда олардың өміріне араша болғанын осы күні үлкен құрметпен еске алатынын білеміз.

Иә, ұлттың ұлттық тағамына қатысты осындай да жан күйзелтер тарихи деректер бар. Айтайын дегеніміз ол емес еді.

Қазір әлеуметтік желінің дамыған заманы. Қазақтың сұлу да көрікті қыз-келіншектері үй тірлігімен қоса, қосымша кәсіп көзін де тауып, әрі ұлттық тағамдарды заман талабына сай дамытып, жан-жақты жаңғыртуда. Ғаламтор арқылы кәсібін дөңгелетіп отырған Мақпал Жазыбекованың ісіне қызығушылық танытып, оқырмандарымызға қызықты ақпарат беруге асықтық.

Түркістанның іргесінде орналасқан Ынтымақ ауылының тұрғыны Мақпал Әлібекқызы ұлттық тағамдарды ұлықтап жүрген еңбекқор жан. 17 жасында тұрмыс құрған. Бүгінде 28 жастағы келіншек үш ұл, бір қыздың анасы. Сиырдан қатты қорыққанымен, тұрмыс құрған соң енесінен сиыр саууды үйреніп, биылғы жылдың көктемінен бастап құрт жасауды қолға алғанын айтты.

– Жалпы, бұл кәсіпті сәуір айынан бастап қолға алдым. Одан алдын әлеуметтік желілерден түрлі-түсті құрттарды көріп, қалай жасалады екен деп қызығып қарап жүрдім. Бұл құрттар барлық қалаларда үлкен сұранысқа ие екен. Ал, Түркістанда мұндай құрттарды әлі ешкім қолға алмағанын анықтадым. Шынымды айтсам, жарты жылдай ойдың жетегінде жүрдім. «Қалай болар екен?», «Сатылым болады ма?» «Тұтынушыларға ұнай ма?» деген сауалдар санамды жаулап алды. Дегенмен, ол уайымдардың барлығы артта қалды. Қазір сатылым жақсы. Көбіне Түркістан қаласының тұрғындары алады. Ал, басқа қалалардан төмен бағада алуға тапсырыстар көп келеді. Осы кәсібіме атау беріп, негізгі жұмысым етіп, кеңейткім келеді, – деген М.Жазыбекова арман-мақсатымен де бөлісті.

Расында, бізді де қызықтырғаны сол түрлі-түсті, әртүрлі дәмі бар құрттар еді. Кезінде тек қана майлы құртты ғана білсек, бүгінде оның бірнеше түрі бар. Ал, Мақпал әпкеміз ысталған құрт, майлы құрт, райхан қосылған құрт, ащы бұрыш қосылған құрт, шоколад пен балқаймақ қосылған құрт жасап, арнайы қорапшаға салып, жеткізу қызметімен қоса қолына тапсырады. Мұндағы шоколад пен балқаймақ қосылған құрт сізге де таңсық дүние болар. Бұл құртты кейіпкеріміз көбіне салқын мезгілде жасайды. Себебі, күннің ыстығында еріп кеткен соң, пішіні де өзгеріп, бір-біріне жабысып қалады. Тапсырыс беруші ондай жағдайда басқаша пікір айтуы мүмкін. Сондықтан да, жазда жасамауға тырысамын дейді. Дегенмен, қасиетті Ораза айында ауызашар кезінде дәмін татқандар қызығып, түрленген құрттар сұранысқа ие болған екен.

«Майлы құрттың жасалу жолын барша әйел қауымы біледі деп ойлаймын», – деп сөзін бастаған М.Әлібекқызынан өзіндік құпиясын ашуды сұрадық: «Жаңа сауған сиырдың сүтін пісірген соң, жылы күйінде бір қасық қатық (айран) қосып ұйытып аламын. Ұйыған айрандарды жинап, күбіге 5-6 литр айран құйып, оның көлеміне қарай аздаған салқын су қосып, күбі пісіп, майын аламын. Ал, піскен айранды қазанға құйып, бір қайнатып аламыз. Суыған айранды сүзбе қалтаға құйып, іліп қоямыз. 2-3 күнде ол жаюға келеді. Оған тұз қосып, екі алақанға салып қалауымызша түрлі пішінге келтіреміз. Сосын қамыстан жасалған шиге жайып қоямын», – деп, құрттың өзіндік дайындалу жолын түсіндірді. Құртпен қоса қарапайым ірімшік пен қызыл ірімшік те жасайды. Дегенмен, құртқа тапсырыс көп болғандықтан, кейде үлгере алмайтын сәттері болатынын да жасырмады. Өйткені, оны қайнатып отыруға кем дегенде 5-6 сағат қажет. Қазір көбісі отта ысталған құртты және балалары үшін майлы құрттарға тапсырыс береді екен. Кейбірі көп мөлшерде қыста жеу үшін қазірден алып қояды. Өйткені, қыста сиырды сауу, жем-шөбі бар барлығы екі есе ауыртпалыққа түседі, сол үшін бағасы да қымбаттайды.

Осылайша атакәсіпті жаңғыртып, кәсіпке айналдырған Мақпал Әлібекқызы өз ісін одан әрі жаңғыртуды көздейді. Сапалы өнімге қашан да сұраныстың жоғары болатынын терең ұғынған кәсіп иесі, әрбір істе адалдықтан айнымауды мұрат тұтқан.

Құрттың адам ағзасындағы ас қорыту жолдарының жақсы жұмыс істеуі мен тістің ағаруына, бүйректің қалыпты қызмет етуі мен сүйектердің берік болуына тигізер пайдасы мол. Бұл ретте әжеден анаға, анадан қызға беріліп, өз құндылығын жоғалтпаған ұлттық тағамдарды және ұмыт қалмауына үлес қосып жүрген жандар жайлы айтудан біз де шаршамаймыз.

«Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын!» деп салтын дәріптеп, дана жұртымыз батасында «ақтан» аттап өтпеген. Осы тұста, пайдасы ұшан-теңіз ұлттық тағам қаймағы бұзылмаған қазақ халқының ұлттық бренді екені сөзсіз.

Жанерке ЖАРЫЛҚАСЫН,
«Түркістан».

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы