ЕСКЕРТПЕНІ ЕСТЕН ШЫҒАРМАҢЫЗ

1  192 көрілім

Қазіргі таңда аты жаман дерт жақсы мен жайсаңды жалмап қайғы әкеліп отырғаны жасырын емес. Сол себепті, карантин шараларының барлығын орындауымыз керек. Ұсынылған талаптарға бей жай қарамай бетперделік режимді ұстанып, сақтық шараларын орындауымыз тиіс.

Осы ретте, карантин кезінде өкпе ауруы бар адамдарға арналған 3 ұсынымды назарларыңызға ұсынамын:

1. Жиі желдету

Үй-жайлардағы ластанған ауа өкпе ауруынан зардап шегетін адамдарға жағымсыз әсер етеді. Табиғи желдетуді қамтамасыз ету үшін әрбір 2 сағат сайын үй-жайды кемінде 30 минут желдету қажет. Үйде температураны

19°C-ден 22°C-ге дейін ұстау керек. Әсіресе, қарт адамдар мен балалар бар кезде өтпелі желдетуден аулақ болу керек. Сондай-ақ, жылтырату құралдары мен лак-бояу материалдары, ауа тазартқыш сияқты күшті химия өнімдерін пайдаланудан аулақ болу қажет. Өйткені олар тыныс алу жолдарының тітіркенуін туғызып, ауру симптомдарының нашарлауына әкелуі мүмкін.

2. Темекі шегуден бас тарту

Темекі шегу өкпе аурулары дамуының негізгі себептерінің бірі болып табылады. Шегетін шылымның санын қысқартып қана қоймай, шегуден толық бас тарту қажет. Ғылыми зерттеу нәтижелері темекі шегуден бас тартқан кезде тыныс алу функциясының жақсаратынын, өкпе аурулары симптомдарының күшеюі мен асқыну жиілігінің бәсеңдейтінін, өкпе обырының даму қаупі төмендейтіндігін, жұқпалы ауруларға төзімділігінің артатынын көрсетті.

3. Диета

Дұрыс тамақтану сіздің күнделікті өміріңіздің бір бөлігіне айналғаны маңызды. Тамақтану рационына көптеген жемістер мен көкөністерді қосуға тырысыңыз. Дәрігерлер жақсы көңіл-күйде күніне 3-4 рет тамақ ішуді ұсынады. Көңіл-күй нашар болған кезде аз мөлшерде 5-6 рет жеңіл тамақ ішу керек.

Сонан соң, тағайындалған емді сақтаңыз. Өйткені, созылмалы өкпе ауруы бар көптеген адамдар өкпе қызметін жақсартатын ингаляциялық препараттар қабылдайды. Оларды уақытында және дұрыс пайдалануды ұмытпаңыз. Көңіл-күй нашарлаған жағдайда дәрігерді үйге шақырыңыз.

Дилбек АБДИЕВ,
Ақмарал ауруханасы неврология бөлімінің І санатты дәрігер неврологы.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы