АУДАН ӘКІМІ КҮНДЕЛІКТІ ТЕКСЕРУГЕ ӨЗІ ҚАТЫСПАҚ

886 көрілім

Мақтаарал ауданының әкімі Бақыт Насырханұлы Асанов дәріханалар мен кәсіпкерлік нысандардағы, базарлардағы тұрғындар тарапынан карантиндік режимінің сақталуын өз бақылауына алған. Осы мақсатта аудан басшысы Мырзакент және Атакент кенттеріндегі дәріханаларда дәрілердің сатылу бағасының қымбаттамауын, олардың санитарлық тазалығын, тауарға берілетін фискальді чек, арақашықтықты сақтау, маскалық тәртіп, залалсыздандыруға арналған антисептик құралдарының болуы секілді басты талаптарды назарға алып, тексеру жұмыстарын жүргізіп отырады. Бүгін де аудан әкімінің бастамасымен барлық сала мамандары, мобильді топ өкілдері мен «Мақтаарал Адалдық Алаңы» кеңсесінің мүшелері кезекті рейдтік шарасын өткізді.

Рейд жұмыстары барысында Бақыт Насырханұлы азық-түлік дүкендері мен базарларды аралап, маскасыз жүрген бірнеше тұрғындар мен сатушыларға ескерту жасады. Сондай-ақ, азық-түлік сататын кәсіпкерлік нысандарда карантин талаптарының дұрыс орындалуын қадап тапсырды.

«Біз бірінші кезекте сақтық шараларын өзіміз үшін, отбасымыз үшін қатаң сақтауға тиіспіз. Өйткені, бүгінгі әлемді әуреге салған індет ешкімді аяп жатқан жоқ. Covid19 пандемиясы мен вирусты пневманиядан сақтанудың тиімді тәсілі – гигиеналық-санитарлық тазалықты сақтау, маскалық режимді, карантиндік талаптарды орындау.

Жүргізілген түсіндіру жұмыстарының нәтижесінде тұрғындардың басым бөлігі бетперде тағып, арақашықтықты сақтау, антисептикті пайдалану секілді ережелерді орындап жүр. Біз осындай тәртіппен ғана бір-бірімізге көмек бере аламыз, көптеген адамдардың өмірін арашалап қала аламыз. Осыны түсінулеріңіз керек» деді аудан басшысы тұрғындармен өткізген сұхбатында.

Бұған дейін де аудан әкімдігі жанынан құрылған «Мақтаарал Адалдық Алаңы» кеңсесінің мүшелері барлық кенттер мен ауылдық округтерде арнайы рейдтік шаралар ұйымдастырып, түсіндіру жұмыстарын жүргізген болатын. Кейбір нысандарда анықталған кемшіліктер бойынша ескертулер жасалып, жүгенсіз кеткендеріне айыппұл да салынған. Енді бұл мәселелерді аудан басшысы тікелей өз бақылауына алып отыр.

Бауыржан НАЙМАНОВ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы