ӨЗ ҮЙІМ – ӨЛЕҢ ТӨСЕГІМ АРМАНЫНА АПАРАР ЖОЛ

763 көрілім

Жаһандық көшке ілесу дейтін ұғым бар-ды. Ал осы ұғым өзінің ықпалын қарқынды түрде жүргізуде. Әсіресе, экономикалық тұрғыдан қамшылауымыз әлсіз болып тұр. Нақтылап айтқанда, еліміздің тағдырына әсерін тигізуде. Бұндағы басты көрініс ретінде ел азаматтарының жағдайын айтуға болады. Соның ішінде баспана мәселесі бас ауруға айналып отыр. Газетіміз осыған дейін түркістандықтардың баспанаға қол жеткізуіне тілекші бола отырып, үнемі материалдар жазып келеді. Ондай болса «өз үйім өлең төсегім» арманына жету жолында қандай мүмкіндіктер бар, осы жайына тоқталайық.

Бүгінде шаһар бойынша әлеуметтік жағынан осал топ 5435, мемлекеттік және бюджеттік қызметкер 3146, тұл жетім 175, көпбалалы аналар 2773, апатты үйлер 9 болып, жалпы 11538 азамат тұрғын үй кезегінде тіркеліп тұр. Мұнда көрсетілген сандық көрсеткіш Қазақстан Республикасының «Тұрғын үй қатынастар туралы» Заңының 68-бабы Халықтың әлеуметтiк жағынан осал топтарына жататын 11 санаттағы азаматтар болып табылады. Осы мүмкіндіктерге де қолы жетпей жүргендер қатары да жоқ емес. Төменде тиімді деген тұрғын үй бағдарламаларын түсіндірейік. Қажетіңізге жараса керегін талдап аларсыз деген ниеттеміз.

Баспаналы болуға мүмкіндік берудің көшін «5-10-20» бағдарламасы бастап тұр. Көңілге қуаныш сыйлар бағдарлама шарттары 2019 жылдың қараша айында таныстырылды. Сала мамандарының айтуынша ережелері 2016 жылдың желтоқсан айынан бері талқыланып келген. Осы мүмкіндік бойынша әкімдік кезегінде тұрған әскерилер, мемлекеттік қызметкерлер, бюджет саласының қызметкерлері ипотека рәсімдей алады. Ал бағдарлама талаптарын айтар болсақ, табыс көзі отбасындағы жан басына шаққанда 3,1 күнкөріс деңгейінен аспауы қажет (2020 жылы 96 667 теңге); 5 пайыз жылдық мөлшерлеме; 10 пайыз бастапқы жарна; қарызды өтеу мерзімі 20 жыл; үміткердің атында соңғы 5 жылда үй болмауы шарт; төлем қабілетін растау міндетті. Міне осы талаптарды орындай отырып, 15 миллион теңгеге дейінге кез-келген үйдің иесі атануыңызға болады.

Екінші кезекте «7-20-25» деп аталатын ел азаматтарына арналған әлеуметтік бағдарламаны айтуға болады. Ең негізгі талаптары: 7 пайыз жылдық мөлшерлеме; бастапқы жарна 20 пайыз не одан жоғары; қарызды өтеу мерзімі – 25 жыл; үміткердің атында үй болмауы шарт; ипотекалық тұрғын үй қарызы бойынша өтелмеген берешектің болмауы міндетті; тек құрылыс салушылардан сатып алған жаңа үйлерден пәтер алуға болады. Осы шарттарды орындай отырып, ЦентрКредит банк, Сбербанк, Халық банк, АТФ Банк, Jýsan bank, Bank RBK, Евразия банкі мен Фортебанк қатарлы 8 банктің бірінен несие рәсімдеуге болады.

Үшінші кезекте тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің «Бақытты отбасы» бағдарламасы. Негізгі талабы тек әкімдік кезегінде тұрған жандар ғана ипотека рәсімдей алады. Олардың қатарына көпбалалы отбасыларды, толық емес отбасыларды, мүмкіндігі шектеулі баласы бар отбасыларды жатқызуға болады. Ипотека рәсімдеушілерге ең төмен көрсеткіш 2 пайыз жылдық мөлшерлеме ұсынылып отыр. Бастапқы жарна ретінде үй бағасының 10 пайызын толтыру және отбасының табыс көзін растау міндетті. Сондай-ақ, отбасылардың атында басқа үй болмауы шарт. Қарызды өтеу мерзімі – 20 жыл және соңғы 6 ай ішінде отбасының әр мүшесінің айлық табысы ең төменгі жалақыдан артық болмауы керек (2020 жылы Қазақстандағы ең төменгі жалақы – 42 500 теңге). Бұл да үйлі болудың ерекше бір мүмкіндігі болып саналады десек қателеспеген боламыз.

Төртінші кезекте «Жас отбасы» жаңа тұрғын үй бағдарламасын айта кеткен оңды болмақ. «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ 1 шілдеден бастап отбасын жаңадан құрған жанұяларға тиімді шарттармен пәтер алуға мүмкіндік беретін тың жоба ретінде іске қосты. Жылдық несие мөлшерлемесі алғашқы екі жылда 6% болып, кейін ол 5% дейін төмендейді. Мұнда үміткер ерлі-зайыптылардың бірі немесе екеуі «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде» арнайы «Жас отбасы» депозитін ашып, бір жыл ішінде болашақ пәтерлерінің 50% жинап бағалау көрсеткішінің «5-ші» деңгейіне жетуі керек. Басты шарт ретінде депозитті ашар кезде, некеге тұрған мерзімі 3 жылдан аспаған (некеге тұру туралы куәлікке сәйкес) болуы міндетті. Ипотекалық мерзімі 6-9 жыл. Мысалы, 10 милионның үйін алсаңыз, айына 51000 теңгеден төлейсіз. Сонымен қоса қаражатты жинақтау кезінде оған жылдық 2% көлемінде банк сыйақысы мен 20% мөлшерінде жыл сайынғы мемлекет сыйлықақысы (200 АЕК-тен аспайтын сомаға есептелінеді) түседі. Тіпті ерлі-зайыптылар депозитті әрқайсысы өз атына ашып, кейіннен шоттарды «Отбасылық пакетке» біріктіру арқылы екі есе көп мемлекет сыйлықақысын алуларына да болады. Тағы бір артықшылығы – оған қатысу барысында ерлі-зайыптылардың жас мөлшері мен отбасындағы балалар санына назар аударылмайды. Бағдарлама шарттарына сәйкес, жас отбасылар пәтерді жаңа және қолданыстағы үйлерден ала алады. Немесе жер телімін сатып алып, үй салуларына да болады.

Осылайша тізбектей берсек жылдық мөлшерлемесі 13,75 пайыз «Баспана хит», жылдық мөлшерлемесі 16 пайыз ЦентрКредит банкінің «Жас отбасы» бағдарламасы, жылдық мөлшерлеме көлемі 12 пайыз «Әйелдер ипотекасы», жылдық мөлшерлемесі 8 пайыз «Әскери баспана», жылдық мөлшерлемесі 2 пайыз балаларға арналған «Арнау» депозиті, жылдық мөлшерлемесі 3,5 – 8,5 пайыз «50/50», жылдық мөлшерлемесі 14 пайыз «Орда» ипотекасы, жылдық мөлшері 7 пайыз «Өз үйім» деп аталатын бағдарламалар бар-ды. Негізінен барлық қаладан қол жеткізу мүмкіндігі қарастырылған. Экономикалық жағдайыңыз бен жылдық мөлшерлемесіне қарай отырып талдауыңызға болады. Ыңғайыңызға қарай кез келген біреуін қажетіңізге жаратасыз.

Ал қалада баспанамен қамту тұрғысынан нақты жұмыстар атқарылуда. Қала әкімі Р.Аюповтың тапсырмасымен әкімдіктің «Тұрғын үй қатынастары және тұрғын үй инспекциясы бөлімі» осы түйткілді мәселемен бел шешіп араласып келеді. Мәселен, осы жылдың бас шенінің өзінде қалалық тұрғын үй қорынан 1396 мұқтаж отбасы баспанамен қамтылған. Ендігі қадам тағы да баспанамен қамтудың жолдарына арналып отыр. Елдегі індет жайлаған қиын жағдайға қарамастан шаһарда құрылыс қарқынды жүріп жатыр. Атаулы алып жобалардың ішінде тұрғын үй үшін салынып жатқан құрылыстар шоғыры мол. Нақтылай кетсек, Түркістан қаласы әкімшілік-іскерлік орталығында 350 мың ш.м аумақты алып жатқан 89 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы мемлекеттік бюджет есебінен жүргізілуде. Былайша айтқанда, 5600 пәтер салынып жатыр деген сөз. Осы жылдың аяқ кезінде 92,2 мың ш.м аумаққа орын тепкен 7 қабатты 24 тұрғын үй пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр. Бұл дегеніміз 1452 пәтер үй кезегінде тұрғандарды қамтамасыз етеді. Тұрғын үй кезегіндегі қай санаттағы азаматтардың бағы жанатынын да айта кетейік. Мұнда кезекте тұрған әлеуметтік осал топтарға және көпбалалы отбасыларға арналып 450 пәтер, кезекте тұрған мемлекеттік қызметкерлеге кредиттік тұрғын үй ретінде 1002 пәтер тапсыру көзделген. Сөйтіп мың жарымға жуық отбасы арнаулы қоныс тойын тойлайтын болады.

Ендігі істер іс пен атқарар жұмыстар легі Үкімет қарары шыққан сәттен бастап баспананың кілті табысталары белгілі. Әрбір үйсіз жүрген отбасының арманы баспаналы болу. Әйтеуір кезегі келіп, болмаса бағдарлама арқылы болсын бақ жана жатар. Асық алшысынан түсер күнде бұйырар. Анығы, баспаналы болу бақыты келер бір күн.

Үмітбек БАҒДАТ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы