ХАЛЫҚ ТАҒДЫРЫН ТАРАЗЫЛАҒАН СҰХБАТ

646 көрілім

Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ел басына түскен ауыртпалықтарды еңсере жүріп, ой толғамдары мен тәжірибеден түйген парасатты ойларын бөлісіп те отырғанды ұмыт қалдырмайды. Осындай бір керемет өрбіген әңгімемен жалғасқан сұхбаттың бірін «Ана тілі» газетіне берген екен. Үлкен көлемде жазылған мақаланы бір деммен тоқтаусыз оқып шықтым. Көп әңгіме айтылып, үлкен мақсаттар алға қойылған екен. Сүйсініп қалдым.

Президентіміз өз сөзінде халықты әсіресе өскелең жастарды ойын-сауыққа емес керісінше білім мен ғылымға баулуға шақырады. Біздің де, еліміздің де болашағы жастардың қолында екені айтпаса да түсінікті. Сондықтан жастар өздеріне артылған сенімді сезініп, соны ақтау үшін еңбек еткені абзал болар еді.

Бүкіл әлемді жалындай шарпып өткен пандемия жөнінде де Қасым-Жомарт Тоқаев кеңінен айтып өтті. Бұл сынақтың әлем халқының басына төнген қатер екенін ескерсек біздің ел де дерттің зардабын тартып жатыр. Ол жөнінде: «Қазір бүкіл дүниежүзі пандемия салдарымен күресіп жатыр. Әлемдік экономика көз алдымызда құлдырап, жұрттың өмір сүру салты өзгерді және осы үрдістер күн тәртібіндегі өзекті мәселелерге айналды. Міне, осындай кезде жас ұрпаққа беделді ақыл-ой иелерінің парасатты пікірі ауадай қажет. Жаңа заманда ар, намыс, ұят сияқты адами қасиеттерге қажеттілік бола ма? Менің ойымша, бұл – зиялы қауым өкілдері талқылайтын ауқымды философиялық мәселе. Үлгі-өнеге, ұлттық құндылықтар болмаса, машиналар мен роботтар әлемінде жұтылып кететініміз сөзсіз. Біздің ұлы ақын-жазушыларымыздың шығармалары да маңызын жоғалтады. Әрине, мұндай жағдайдың мүлде болмағаны жақсы. Сондықтан зиялы қауым өкілдері болашақ өмір туралы мәселені қазірден ой таразысына сала беруге тиіс» – деп жас ұрпақтың тәрбиесінде үлкендердің жауапкершілігі бар екенін еске салып өтеді. Шын мәнінде де солай, тал тамырына қарай өседі. Біздің аға буын өкілдері жас ұрпаққа үлгі болуы қажет. Әсіресе осындай қиыншылық кезеңде жауапкершілікті абыроймен алып шықса игі.

Сөз соңында Президентіміз: «Елімізді өркендету, көркейту – тек қана өз қолымызда. Біздің осындай сындарлы сәтте қателесуге еш қақымыз да, құқымыз да жоқ. Мемлекет құрушы ұлт ретінде бұл мәселені бірінші кезекте өзіміз терең сезінуіміз қажет. Өйткені қазақ халқының тағдыры тарих таразысында тұр…» деп ойын аяқтайды.

Ел сенімін арқалаған Президенттің сұхбатын оқып отырып үлкен қуанышқа кенелгендей болдым. Ол кісінің бөліскен ойлары, халқына айтқан ақ көңіл тілектерінен ыстық ықылас пен сенім анық байқалып тұрды. Амандық болса, бұл күнді де еңсереміз! Ең бастысы бірге болып, бір жұдырықтай жұмылсақ бар қиыншылық артта қалатынына сенуіміз қажет. Жақсы күннен үмітімізді үзбейік.

Дүйсенкүл ЖАМБОЛОВА,
Түркістан облысы, Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің төрайымы.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы