АБАЙ ӨЛЕҢДЕРІН ЖАТҚА БІЛЕТІН АУЫЛ

804 көрілім

Қазақ халқының руханияты жайлы сөз айтылса Абай шыңына соқпай кету мүмкін емес. Ұлы ақынның өлмес мұрасы бізді қанаттандырып келеді. Өлеңдері арқылы дүниетанымымыз тереңге тамыр тартып кемелдене түссе, қарасөздерімен жан дүниемізде жасырынып жатқан рух құблыстары жарылыс жасап жатады. Сол арқылы шөліміз қанып ой-санамыз ашыла түседі. Сөзіміздің бір дәлелі ретінде хәкім есімі мен ұлағатын биік бағалайтын ауылым жайлы айта кетсем деймін.

Ұлтымыздың ғана емес адамзаттың тұлғасына айналған Абай Құнанбайұлының туылғанына 175 жыл толды. Шындығында аз уақыт емес. Бірақ осынша уақыт болғанына қарамастан ақынның әрбір өлеңінің өміршеңдік күші артуда. Аты биіктемесе аласарған емес. Қазақ – Абай, Абай – қазақ ұғымына айналып ұлттық идеологиямыздың алтын діңгегіне айналып отыр. Түркістан облысы Кентау қаласына қарасты Абай елді мекені деп аталатын туған жерім соның бір көрінісі. Мұнда мектеп те ұлы ақынның атында. Әуелі арнайы үйірме бар болып, ақын өлеңдерін, қарасөздерін жаттап, оны талдап және арнайы іс-шаралар өткізіп отырады. Балалар мектеп қабырғасынан бастап тұлғамен алғашқы таныстықты осылай бастайды. Тіпті ауыл болып құрметіміз бен сүйіспеншілігіміз өзгеше өрілген. Елді мекен аты Абай болған соң ба, әлде басқалай да себеп болды ма, бұл өңірдің адамдары ұлы ақынымыз үшін ішкен асын жерге қояды. Салған жерден өмірбаяны мен тарихын тыңдауға әрдайым әзір. Кез-келген елді-мекен тұрғыны жоқ дегенде ақынның бір өлеңін жатқа біледі десем қате айтпаған боламын. Ынтымағы ұйыған бұл жерде тіпті Абай атамыздың ескерткіші де бар. Әр жыл сайын кем дегенде 3-4 рет Абай атамызды ұлықтау үшін ауылдағы мәдениет үйінде ел болып жиналатыны бар. Биылғы жылы Абай атамыздың мерейтойына ел болып жиналып, бар білгенімізбен бөлісе отырып, еске алу шарасын өткіздік. Барша тұрғын атаулы осындай керемет ауылда тұрғаны үшін өзін бақытты санайды. Бәріне ортағы ұлы тұлғамызды дәріптеуші ауыл ретінде қарайтын мақтаныш сезімі басым.

Ұрпақтар ұлағатымен жалғасқан бұл дәстүрдің келешек жастарға берер қазынасы мол. «Өлмейтұғын артына сөз қалдырған» ұлы ақын есімі өлең болып өріліп, ән болып әуелеп ауыл өмірінде де мәңгілік есімге айналған және халықпен бірге соңына дейін өмір сүреді. Абайдың жарқын бейнесі һәм шығармалары жадымызда. Бізге қараңғы түнде жол нұсқаған жұлдыздай жарығын төгіп тұра береді. Ол жүрегімізден мықтап орын алған. Ешқашан сөнбесі, сүрінер жол сілтемесі анық.

Дархан СЕЙЛХАНҰЛЫ,
11 сынып оқушысы.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы