ПОЭЗИЯ ӘЛЕМІ

1  194 көрілім

Ш А Л Ы Қ

Сағынышымның салмағы серттен ауыр,
Күрсінісімнің деміне өкпе қарып.
Бұзып-жарып кеудемді көктем ару,
Есімді алдың жанымды дертке малып…

Сол үшін
Өкініштен өртеніп қайғы құшам,
Мүрдесіне дұға оқып ойдың ұсақ.
Қасиетті сезімдер жығылғанда,

Қасіретті жалғыздық жайды құшақ.
Тұнжырайды түнгі аспан мен тәрізді,
Бөлек кешіп жүрсің деп шер теңізді.
Анасындай аяла жалқы тағдыр,

Енесіндей аяулы, ерке қызды.
Қасаң мінез көрсетпей еріктен тыс,
Түйсік көнсе бейкүнә көріпкелміз.
Сөзден анық ойларды тұншықтырып,

Бөзге оранып кетеміз неліктен біз?!
Сонан соң,
Мезі болдым мына түн кірпік ілмей,
Кездесетін күнді аңсап күлкі білмей.

Көңіліңнің көз жасы ыршып түссе,
Мені жоғалтып алардай үркідің бе?
Жүрегімде жаттанды ерін табы,
Жанарымда сақтаулы сенім таңы.

Сөзім үшін селт етсең менің қамым,
Сезім үшін серт етсем сенің қамың.
Қайта айналып келсе ғой бағзы дәурен,
Шалық тиген тәнімде жан жүдеуде.

Пәруанаң ем адасқақ ілкі күннен,
Сені сүю секілді жалғыз әурем.
Сол сәтте,
Есімді алған жанымды дертке малып,

Мөлдірейді өмірім көкке налып.
Кездесу кезеңіне қимай қарап,
Қоштасу кезеңіне кеткен ару –
Мен сені сүйемін!

Р О М А Н С

«Өмір өзі-ақ өлтіреді.
Сен мені
Өлтіріспе жарығым!»
-Мейірхан Ақдәулетұлы

Сөнбейді деп сенімнің шырағданы,
Кім алдады? Иә, рас кінәм бары.
Сағынышым айналып сандыраққа,
Көз ұшында сәттердің мұнарлауы.

Заңдылық па екі әлем тоғыспауы?
Бәлкім бізді көрінбес тор ұстады.
Періштем деп атауға серт бермеймін,
Пендешілік еткен жоқ періште әлі.

Құлазып ой, тоңып тән, құрып сүлдер,
Бәлкім бізді айырды күдікшілдер.
Менің жаным бірге ұшып кететіндей,
Үп еткенде шашыңнан үмітсіз жел.

Солғандай-ақ жүректің гүл күлтесі,
Сонсоң мыйда Мәжнүннің күңгірт есі.
Кездестірер әйтеуір «Мың бір түнім»,
«Мың бір күнім» немесе «Мың бір кешім».

Х А Қ

Жаңбырмен жан жуылмайды…
-Өзіңнің сөзіңнен
Шаттығым мен шерімді тең құшақтап,
Жеттім саған кеудемнен төрді сақтап.

Бекзадалық болмыспен пәк сезімім,
Жүрегімді жолыңа берді ұсақтап.
Сен арусың жанымды терең ұғар,
Мен ақынмын жүрек пен өлеңі бар.

Ең сүркейлі жаңбырдың тырсылында,
Ең аяулы сезімнің дерегі бар.
Ұғынарсың, ұғарсың бәрін соның,
Шұғыласын күлкіңнің танушы едім.

Жылытшы енді нұрыңа жымия сап,
Шуағыңды сағындым, Жаным сенің.
Бірін-бірі қапсырған құшақтардай,
Ғашықтарға бейнесі құсап қалған.

Жаңбыр емес жүрек қой үзік-үзік,
Тырсыл емес дүрсіл ғой ұсақ тамған.
Маңдайыңды сүйгізіп әр тамшыға,
Сырлы сезім дәл солай тарқалсын,ә?!

Періштелік даусыңа жаным ғашық,
Балталасаң сертімді балтаң сынар.
Шаттығым мен шерімді тең құшақтап,
Жеттім саған жүректен төрді сақтап.
Бекзадалық болмыспен пәк сезімім,
Ғұмырымды жолыңа берді ұсақтап.

S U S P I C I O N

Түндерге жырын, күндізге сырын,
Айтар үкімін қай бір қу?
Өмір дегенің жұлдызды өшіру,
Жапырақ етті қайғырту.

Жылылық сезіп тоңған аяқпен,
Жолдарға төсеп от басу.
Ақын дегенің оңбаған атпен,
Тағдырға қарсы соттасу.

Тәңірді кейде елемей мүлдем,
Тәкаппарсынып жақ ашпау.
Адам дегенің телегеймін деп,
Ақиқат үшін адаспау.

Сапырып ішіп сусынның бәрін,
Сарқылды уақыт, бой күнә.
Өлім дейтұғын бір сұмның барын,
Сарша күз айтып қойды ма?

*   *   *

Көктемге барып қайтсақ:
Шай ішейік өріктің гүлін қосып,
Оңашада сырласып, күбірлесіп.
Бақыт жайлы сүркей жел сыбырласа,

Төбемізден бұлт емес ғұмыр көшіп.
Шай ішейік бірге естіп құстар әнін,
Менің жаным өмірге құштар әлі…
«Carpe diem» дегенің латын сөзі,

Тәржімәсы «Сәттердің ұста бәрін».
Шай ішейік бал қосып, лимон қосып,
Сенің нәзік жұпарың сирень хошы.
Ерні күйген біз ғана емес шығар,

Сүркей желден үрлеуді үйрен, досым.
Шай ішейік сүт қосып, шекер қосып,
Көргендер тәттіқұмар екен десін.
Жалықтырса кей-кейде кофехана,

Сен ұсынған шайды аңсап жетем, досым
Шай ішейік сынғанша үміт кесең,
Тұнық десең өзің біл суық десең.
Амнезияға шалдықсаң, мені қойшы,

Көктемге барар жолды ұмытпа сен!..
Ұмытпа сен мені де…

Азамат АЛИБЕК.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы