ҚАЛА ЖЫЛНАМАСЫН ЖАЗЫП КЕЛЕ ЖАТҚАН ҚАРАШАҢЫРАҚ

951 көрілім

Газет 1959 жылдың 1 шілдесінен бастап қазақ және өзбек тілдерінде төрт бет болып, аптасына үш реттен шығарыла бастады. Алғаш 4 беттік болып шыққан газеттің 3-інші беті СССР халық шаруашылығы жетістіктеріне, соның ішінде Қазақстан көрмесіне арналған. Әуелі цифрлар мен деректерді сөйлетейік.

«СССР халық шаруашылығы жетістіктерінің көрмесі 211 гектар жерді алып жатыр. Мұнда 71 павильон бар.

Бұл Көрме өзінің алып жатқан көлемі жағынан өткен жылғы Брюссельдегі дүниежүзілік көрмеден әлдеқайда үлкен. Ол көрмеге жер жүзінің 54 елі қатысқан болатын. Бұл – бір елдің ғана көрмесі.

Көрмеде 15 республиканың шаруашылық дамуын, мәдени жетістіктерін көрсететін 15 павильон тұр. Соның ішінде Қазақстан көрмесі ерекше орында тұрғаны байқалады. Оны біз «Қазақстан – көрмеде» атты мақаланы оқығанымызда көзіміз жетіп отыр.

Көрмедегі ірі де, көрікті павильондардың бірі – Қазақстанның павильоны. Мұнда республиканың жетістіктерін және оның болашағын көрсететін 44 үлкен стенд бар. Кіреберіс залда үлкен рельефті карта тұр. Онда Қазақстанның қыруар қазба байлығы, өнеркәсіп орындары, тың жерді игерген аудандар көрсетілген. Қазақстанда Менделеев таблицасындағы элементтердің барлығы кездеседі. Түсті металдардың запасы жөнінен одақта алдыңғы қатарда. 80 миллиард тонна көмір, миллиондаған тонна мұнай қоры жатыр мұнда.

1958 жылы 1913 жылғымен салыстырғанда республика өнеркәсібінің жалпы өнімі 44 есе көбейді.

Қазір Қазақстанның шахталарында 31 миллион тонна көмір өндіріледі. Бұл 1913 жылғыдан 355 есе артық. Жалғыз Қарағанды бассейні қазір 1913 жылы бүкіл Россияның өндірген көмірінен артық отын береді.

Революцияға дейін Қазақстанда екі ғана мұнай кәсіпшілігі – Доссор мен Мақат бар еді. Қазір Ембі бассейнінде ондаған ірі кәсіпшіліктер бар. 1958 жылы Ембі 1,5 миллион тонна жоғары сапалы мұнай берді. Бұл 1913 жылғыдан 12,8 есе көп. 1965 жылы 2 миллион тонна мұнай өндіретін болады.

Түсті металдар өндіру әлдеқайда көбейді. Түсті металлургия алыбы – Жезқазған қарыштап өседі.

Қазір Қазақстанда барлық егістік көлемі 28,7 миллион гектар. Бұл 1913 жылғыдан 6,6 есе көп. Қазақстан астық өндіру жөнінен елімізде екінші орын алады. Республикада 857 совхоз бар. Егін даласында 243 мың трактор, 93 мың комбайн, 52 мың жатқа жұмыс істейді.

Соңғы бес жылдың ішінде қой мен ешкі саны 18,5 миллионнан 30 миллионға дейін көбейді.

Міне республика павильоны осыларды баяндайды.

«Түркістан» газетінің сарғайған парақтарын ақтара отырып, бір беттік болып шыққаны көзге қораштау көрінгені рас. Заманның қиын кезеңі, жоқтан бар жасаған ел азаматтарының еңбегі ол да болса,-деген ой түйгенбіз іштей. Содан да болар, төл басылымның алғаш рет 4-беттік болып шыққанын көргенде біз де қуанышқа кенеліп отырдық. Шынында бүкіл түркістандықтарға шаттық ала келгендей. №54 санда газет редакторының орынбасары Б.Егембердиев «Қызыл Түркістан» газеті көлемінің ұлғайып шығуына байланысты «Біздің газет» өлеңін жазып, ел қуанышын жеткізе білген.

«БІЗДІҢ ГАЗЕТ

Талай жылдар партиялық күресте,

Шын батырша белдестің де күрестің.

Қоғам қамы, идеялық зор істе,

Партияңа жәрдемші боп сен өстің.

Талай кадр қаламдас боп өзіңмен,

Талай шын жан сынға ұстады сөзіңді.

Талай енжар, жарамастар түзелген,

Тәрбиешіл, досқа болдың көңілді.

Атың әйгі. Атың «Қызыл Түркістан»,

Затың – болат, асыл сөзбен туысқан.

Сені баулып, өз партияң ұшырды,

Тілегі сол:

-Жарқын жолда алыссаң!..

Біздің газет, ақта үмітті, арыма,

Тілші-автор сап қатарын өсіріп.

Қызметіңді жақсарта түс тағы да,

Баста шыңға, осы тілек, осы үміт!

Б.ЕГЕМБЕРДИЕВ».

Қызылқұм мен Сырдария бойындағы шопандардың мерекелік тойы 12 июльде «Балтакөлде» өткізілді. Тойда ат бәйге, қазақша күрес сияқты ұлттық ойындар болды, қазақтың мемлекеттік филармониясының артистері, сондай-ақ педучилищенің көркемөнерпаздары ойын-сауықтар көрсетті. Бұл жөнінде газеттің №58 нөмірінде жергілікті тілші Жұмабек Мәмбетаевтың «Малшылар мерекесі» атты мақаласында кең көлемде жазылған.

«Жыл сайын үй салушы колхозшылардың саны артып келеді. 1958 жылы 27 колхозшы жаңа қонысқа көшсе биыл оның саны 42-ге жетіп отыр» деп жазады М.Жұманов «Жамбыл атындағы колхозда» атты мақаласында.

Газеттің 73 санында «Цифрлар мен фактілер» келтірілген. Осыдан 62-63 жыл бұрын киелі қаламызда мал басының саны қанша болғанына көз жүгірте отырайық.

«Қой-ешкі саны 1951 жылы 10038 бас болса, 1958 жылы 17070 басқа көбейді. Қара мал 696 бастан 783 басқа өсті. 1951 жылғы 90 бас тауық төрт есе көбейді. Түйе 261 бастан 342 басқа жеткізілді.

1951 жылы 85,8 тонна ет өндірілсе, 1958 жылы 138, 3 тонна ет өндірілді. Өндірілген сүт 44869 литрден 60919 литрге жетті.

1951 жылы 949 килограмм жүн алынса, ал 1958 жылы 42558 килограмм жүн алынды. Қаракөл елтірісі бұрынғыдан 1072 дана артық өндірілді.

1959 жылы 18130 бас қой-ешкі 1965 жылы 35114 басқа, қара мал 841 бастан 1411 басқа жететін болады.

Жылқы қазіргіден 100 бас артып, түйе 346 бастан 375 басқа көбейеді. Қазір колхозда құс 780 басқа жетіп отыр, ал жетіжылдықтың аяғында 2600 басқа жеткізілмек.

Биыл 1864 центнер ет өндірілсе, 1965 жылы 5080 центнер ет өндірілетін болады. Сүт өндіру 500 центнерден жетіжылдықтың соңында 1125 центнерге жеткізіледі.

Биыл қаракөл өндіру 3941 данаға жетті, ал 1965 жылы ол 8000 данаға артады. Сондай-ақ үстіміздегі жылы 384 центнер жүн өндірілген болса, 1965 жылы 830 центнер жүн өндірілмек».

«Түркістан станциясының батыс жағындағы екі қабатты биік үй алыстан көз тартады» деп жазады газет 78-і нөмірінде. Бұл биыл салынып пайдалануға берілген Мәншүк Мәметова атындағы жеті жылдық мектеп. Мектеп 26 бөлмеден тұрады. Арнаулы спорт залы, әртүрлі оқу құралдар бар.

Бүгінгі таңда М.Мәметова атындағы жалпы орта мектепке (2011 жылы) үш қабатты жаңа ғимарат салынып берілді. 550 оқушыға 60 мұғалім сапалы білім беруде.

«Түркістан жөндеу заводының жұмысшылары, инженер-техник қызметкерлері мен қызметшілері жеті сағаттық жұмыс күніне көшті. Механикалық, моторлық және құю цехтарының коллективтері алғашқы күндерде-ақ сменалық тапсырманы анағұрлым асыра орындауға жетісті» деп жазады газеттің №94 санында жергілікті тілші.

«1958 жылы 1 ноябрьге дейін аудан мақташылары Отанға 6253 тонна мақта тапсырған болса 1959 жылдың күзінде 11064 тонна мақта өткізді.

21-22 ноябрьде теміржолшылар клубында аудандық ХХY партия конференциясы болып өтті. Алғашқы ұйымдастыру пленумында ҚКП аудандық комитетінің бірінші секретарлығына Ә.Момынов, екінші секретары етіп М.Исақов, үшінші секретары етіп Б.Бершінова жолдасты сайлады.

Пленум аудандық «Қызыл Түркістан» газетінің редакторы етіп Т.Мырзахметовты бекітті». Бұл мәліметтерді газетіміздің №106 санынан оқып отырмыз.

«Тек қана биылдың өзінде ауданымыздың оншақты колхозшылары «Москвич» жеңіл машинасын сатып алды. Олардың ішінде «ІІІ-интернационал» колхозының атақты шопаны Тоқжан Бақиев, «Коммуна» колхозының білікті мақта өсірушісі, Қазақ ССР Жоғарғы Советінің депутаты Зулпия Ісменова, Сталин атындағы колхоздың озат звено жетекшісі Ергеш Түркстанов және «Коммунизм» колхозының ферма меңгерушісі Абдірахман Махмудов жолдастар бар» деп жазады Ж.Шағатайұлы «Көк тұлпарлылар» атты мақаласында.

Газеттің 1-72 нөмірлеріне редактор А.Абдусаттаров, 73-78 нөмірлеріне редактордың орынбасары А.Анарбаев, ал 79 нөмірден бастап редактор Т.Мырзахметов қол қойған. Газет таралымы 2580, қыркүйектен бастап – 2613 болған.

 «Жаңа жыл құтты болсын, жолдастар!» деп басталған 1960 жылдың №1 саны 4-бетте айшықталып шыққан. «Жаңа 1960 жыл» тақырыбында жарияланған басты мақалада: «Өткен 1959 жыл тамаша оқиғаларға толы. Космос ракетасы Айға ұшырылды. «Ленин» атом мұзжарғышы пайдалануға берілді. Совет адамдары халық шаруашылығының барлық саласында ірі-ірі табыстарға жетісті. Еңбекшілердің әл-ауқаттылығы жақсарды.

Бүкіл Совет халқы сияқты ауданымыздың еңбекшілерінің де жаңа жылды лайықты жетістіктермен қарсы алып отырғанын айтсаңызшы! Өндіріс және транспорт орындарының көпшілігі жылдық тапсырмаларды толық және асыра орындады. Мақта дайындау жөніндегі міндеттеме артығымен орындалды. Өткен жылға қарағанда мал шаруашылығы өнімдері көп дайындалды. Мал саны анагұрлым артты» деп жазылған.

Қазақ халқының біртуар ақыны, жерлесіміз Жұмабек Еділбаевтың «Ұлы уақыт» өлеңі жаңа жылдық нөмірдің бетін әрлеп тұрғандай.

«ҰЛЫ УАҚЫТ

Шіркін уақыт сырға толы қандайсың?

Бір сыдырғы жылжуыңнан танбайсың.

Кірпік қағар уақыттарды есептеп,

Ғасырларды ғасырларға жалғайсың.

                Ескерткіші қалып жатыр әр айдың,

                Өткен ізге мақтанышпен қараймын.

                Тасқындаған табысымның мөлшерін,

                Күнмен емес, сағаттармен санаймын.

Үлкен белес – өткен жылғы уақытым,

Болды айғағы алып күштің, қуаттың.

Миллион гектар айдынында дән сүйді,

Көк тамшысы, ашық ауа, шуақ күн.

                Жоғары шық, жаңа жылым қонағым,

                Құшағыңда сенің өсіп, толамын.

                Ашсаң да есік аязды түн ақ қарда,

                Жүрегімді ыстығыңмен орадың.

Аймаладық қол тимеген тұлғаңды,

Аппақ жүзің ақ күмістей нұрланды.

Қосылды да миллион дауыс ырғағы,

Ұлылығың, қасиетің жырланды.

                Таңдандырмақ тағы сенің табысың,

                Аз емес қой алдымызда тағы сын!

                Партия айтса орындаймыз бәрін де,

                Ардақтаймыз уақыттың намысын!

Ж.ЕДІЛБАЕВ».

Газеттің 3-нөмірінде «КПСС Орталық Комитетінің декабрь пленумының шешімдері аудан еңбекшілерін жаңа жеңістерге жігерлендіреді» деген тақырыпта ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің топтама материалдары берілген. Соның ішінде Карл Маркс атындағы колхоздың сауыншысы Т.Омарова «Үстіміздегі жылы әр сиырдан 1700 литрден сүт аламын» деп көтеріңкі міндеттеме қабылдаған.

Қалалық советтің Ү сессиясында қалалық Советтің председательдігіне М.Қасымбеков, орынбасарлығына М.Орынбетов бекітілгені хабарланған.

Ленин атындағы және «ХХ партсъезд» атындағы колхоздар ірілендіріліп, Ленин атындағы шаруашылық болып аталғанын, «Қазақстанның 30 жылдығы» артелі Чапаев атындағы шаруашылыққа қосылғаны айтылады.

Түркістан аудандық партия комитетінің бірінші секретары Әшір Момынов аудандық Советтің депутаттығына ұсынылған. ҚКП аудандық комитетінің секретары Б.Бершінованың «Қыздар, техниканы меңгерейік» атты мақаласы №10 санда жарияланған.

Ақын, жазушысын құрметтеген елдің рухани байлығы артады. Қасиетті қалам иегерлерінің шығармашылықтарын баспасөз бетінде жиі шығарып тұрудың өзі халқының келешегіне жасалған игілікті іс болса керек. Оның үстіне өлең-жырлар, жалпы көркем әдебиеттің жазылғанына қанша жылдар өтсе де құнын жоғалтпайтыны анық. Жұмабек Еділбаевтың өлең жырларын «Түркістан» газетінің сарғайған беттерінен оқып отырып осындай ойда болғанымыз рас.

«Жерлесіміз Еділбаев Жұмабектің екі кітабын Қазақтың көркем әдебиет баспасы жарыққа шығармақ. Жазушылар одағы талқылап, баспаға ұсынған екінші кітабына енетін «Адалдық пен айла» атты заң қызметкерлерінің өмірінен жазылған повесі жоғары бағаланды»деп арнайы анатация жазып, газеттің №15, 16, 17, 18 сандарында осы повестің «Сырласу» деген тарауынан үзінділерді екі беттен беріп отырған. Ал, «Сыңар нәл» (тергеушінің әңгімесі) повесі №26,29, 31,36, 39, 40, 41 сандарда жарық көрген.

«Арыс-Түркістан» каналының құрылысшылары өткен жылғы күзде Бөген су қоймасына су толтыра бастаған еді. Қазір мұнда судың деңгейі оны пай-далана бастауға мүмкіндік беретін алғашқы дәре-жеге жетті. Суды ағызып жіберетін бас құрылыс-тың қақпалары көтеріліп қойылды. Су осы жерден көптеген арықтар арқылы егіс даласына ағуда» деп жазады газет 3 наурыздағы нөмірінде.

Биылғы жылдың екі айында редакцияға 400-ден астам хат түсіп, өткен жылдың осы уақытымен салыстырғанда екі есе артқандығы хабарланған.

Қазақстан Компартиясының Х съезіне қатысуға 5 адам аттанған. Олардың ішінде «Коммунизм» колхозының механизаторы М.Әбенова, «Коммуна» колхозының звено жетекшісі З.Ісменова және Крупская атындағы колхоздың колхозшысы А.Жиенбаева бар.

Газеттің №29 саны «Биыл жүгерінің әр гектарынан 30 центнерден дән, 450 центнерден көкпая алу үшін күресіңдер!» Үндеуімен ашылған.

Аудандық универмаг (директоры Айсаев жолдас) қаланың орталық көшесінен өзіне-өзі қызмет ететін жаңа кітап магазинін ашып, игілікті іс жасады. Қазір магазинде 65 мың сомның 1200 түрлі кітаптары сатылуда» деп жазады газет тілшілері Ж.Мәмбетова мен М.Жұманов «Жаңа кітап магазині» мақаласында.

Газеттің 1 мамырдағы 35-нөмірінде «Коммунизмдік Ленин ордені иегері Майшай Әбенова ауданымыздың ең үздік механизаторы. Ол биыл колхоздан кетпенсіз, механизм күшімен баптауға 40 гектар мақталық жер алған болатын. М.Әбенова жолдас универсал тракторымен шитті өзі септі» деп жазады.

Газеттің 5 мамырдағы №36 саны «Партиямыздың қолқанаты» атты мақаламен ашылып, Советтік баспасөз күніне бір бет берілген. Осы санда «Қызыл Түркістан» газетінің жүлдесі үшін қазақша күрестен жарыс өтетіндігі хабарланған. Сондай-ақ, қарашаңырақ басылымның №43 санының «Әдебиет пен өнер» бетінде жарияланған Елтай Бимаханбет көкеміздің өлеңі арада 60 жыл өтсе де бүгінгі күннің болмысын жырлап тұрғандай әсер қалдырды. Ендеше, бірге оқиықшы.

«ҚАС ПЕН КӨЗ

(Мысал)

Бір көріксіз басқа,

Бітіпті көз бен қас та.

Екеуі дос-ақ

Көңілдері бос-ақ.

Қас сатушы болды,

Көз тексеруші болды.

Қас қу өзі,

Сүйенетіні көзі.

Алдымен бастыққа жақты,

Бухгалтердің де тілін тапты.

Түскен заттың тәуірін терді,

Оны бастық пен бухқа берді.

Қас қатысын бұлардан айырмады,

Олар да осы қалыптан айнымады.

Тексеруге көз барды,

Қай-қайдағыны қозғады.

Қас қысылды,

Көріп қысымды.

Сасқанынан қас – досым деді,

Мақұл ма осың – деді.

Көз аларды

Қас: айтты- дегенің болсын деді.

Көз: – тірегіңмін деді,

Білсең, керегіңмін,-деді.

Сөйтіп, кілемді нұсқады,

Көз бұған онша ұрыспады.

Не керек қас көзге

Келіп сөзге.

-Бастық пен бұхаң

Олар – бөтен қорқам.

Сен кәдімгі көзімсің- деді,

Несін қорқамын, өзімсің-деді.

Ақыры қас мықтап орнықты,

Досы көп-ақ ол мықты.

Көз көруін қойды,

Өзі де әбден тойды.

*** **** ***

Өз құлқынын ойлайтын,

Көптің мүлкін қоймайтын.

Қанша жесе тоймайтын,

Сауда орнында жебірлер

Кездеседі арам көңілдер.

Е.Бимағамбетов».

Шынында, Елтай көкеміздің осы өлеңі бүгінгі таңда елімізде белең алған сыбайлас жемқорлыққа арналып жазылғандай.

Ләззат САРЫБАЕВА.

Жалғасы бар.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы