ГҮЛДЕНГЕН ТҮРКІСТАННЫҢ ӘР КҮНІ ТАРИХ

2  349 көрілім

Көк күмбезі шалғайдан көрінетін рухани шаһар осыдан тура екі жыл бұрын жаңа мәртебеге ие болып, облыс орталығы ретінде құрылған еді. Жар құлағы жастыққа тимей, «Түркістанымыз облыс орталығы болды!» деп қуанып, атой салған жерлестеріміз қаншама десеңізші? Тіпті, бұл қуанышты сәтте алыс-жақыннан да шынайы ілтипат білдіргендер көп болған-ды. Міне, бүгінде бұл күнге, Елбасы Н.Назарбаевтың «Түркістан қай жағынан алсақ та облыс орталығы болуға әбден лайық» деп, тарихи шешімге қол қойып, Түркістанның күллі түркі жұртына ортақ екенін танытқан тарихи күнге де екі жыл толыпты. Өңірдің өркендеуіне тың серпін берген тарихи құжат бір леппен жазылып келе жатқан Түркістанның жылнамасын көктен бір-ақ шығарды.

Қазақ хандығының ордасы болған, рухани тағылымы мол қаланы Мемлекет басшысы Қ. Тоқаев мәдениет пен руханияттың символы, халқымыздың бойтұмары, еліміздің алтын бесігі санады. Міне, осындай Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан өркениет орталығы сенім мен қолдаудың нәтижесінде жылдам қарқын алуда. Жерлестеріміз жаңа жұмыс орындарымен қамтылуда, кәсіпкерлерге қолдаулар көрсетілуде, қауіпсіздікті жандандыру үшін түрлі жобалар, тәртіпті бақылау үшін цифрализацияға ерекше көңіл бөлінді. Қаланы дамытуға тұрғындар өздері атсалысып, саялы бақтардың да жобасын өздері жасауда. Ашықтық – қазіргі жаңа облыс орталығының басты ұстанымы.

Рухани-мәдени аумақ, әкімшілік-іскерлік орталық Түркістанның жаңа келбетін айқындайды. Егемен еліміздің әр облыс пен қалалары тарту еткен ғимараттар уақытымен пайдалануға беріліп, тұрғындардың жүзіне қуаныш сыйлауда. Экология мен климатты жақсартуға арналған «Жасыл белдеу», ирригациялық каналдар, қоныс тойын жасауға көпқабатты тұрғын үйлер, саябақтар, скверлер, кәсіпкерлер үшін оңтайлы қызмет жолдары, тұрғындарға жайлы орта сыйлау мақсатында жолдар, жарықшамдар мен цифрландыру мақсатында жұмыстар әлі де тоқтаған емес.

Түркістанның «Біріккен қала және жергілікті билік» ұйымына мүше болып, Халықаралық меморандумдарға қол қоюы нәтижесінде Түркістан келбеті түрлі елдерде бейнеленуде.

Облыс орталығын дамытудағы мақсат – мегаполис қалалармен тең ету емес, Халықаралық дәрежедегі Рим, Стамбұл, Иерусалим шаһарлары секілді тарихи қала ретінде өз болмысын жоғалтпастан дамыту. Және бұл ретте алға қойған мақсатымыз да бар. Осы мақсатта, екі жыл ішінде көзқуантар ғимараттар бой көтеріп, қала дамуының даңғыл жолы сараланды. Аз ғана уақыт ішінде орасан жұмыстар атқарылып, батыл бастамалар іске асты. Қала архитектуралық жағынан шығыс үлгісінде қайта жанданды. Оның барлығы сіз бен біз болып, шынайы жанашырлық танытудың нәтижесінде іске асуда. Облыс орталығының аяққа тұруы үшін Түркістанға келіп, өз үлесін қосып жүрген мемлекеттік қызметкерлер, қаншама алпауыт компаниялар бар. Мен үшін де осындай киелі шаһарда қызмет етіп, Елбасы айрықша көңіл бөлген қаланы басқару да – үлкен бақыт! Тіпті, шежірелі өлкеде қызмет етіп жүрген де, топырағына аунап ойнап, жерін басып, мекен еткендердің де бағы бес елі деп ойлаймын.

Қойнауы қазынаға толы Түркістан қонақжай халқымен, ілтипатты жастарымен, жазы Дубайдан да асып кетер ауа-райымен, базардағы нарық бағасы өзге шаһарлармен салыстырғанда әлдеқайда арзан бағасымен танымал. Ал, одан әрі сәулетті ғимараттарымен таныту – ортақ міндетіміз. Елбасы Н.Назарбаев айтқандай, көне Түркістан жаңа Қазақстанның шырайлы шаһарына айналады! Болмысы бөлек киелі мекен – Гүлдене бер, Түркістан!

Құрметпен,

Түркістан қаласының әкімі Р.Аюпов.

Суреттерді түсірген: Мақсат ШАҒЫРБАЕВ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы