САУРАНДА ШАҒЫН ФУТБОЛДАН АШЫҚ БІРІНШІЛІК БАСТАЛДЫ

2  293 көрілім

Салауатты өмір салтын сақтау мақсатында Сауран ауданы Оранғай ауылдық округіндегі аудандық спорт кешенінде Сауран ауданы әкімдігі мен мәслихат депутаттарының қолдауымен шағын футболдан ашық біріншілігі басталды.

Біріншіліктің ашылу салтанатына аудан әкімінің орынбасары Мақсат Таңғатаров,  аудандық мәслихат төрағасы Сержан Байсбаев, облыстық мәслихат депутаты Баймахан Сүлейменов, «Түркістан Медиа» ЖШС директоры Мәлік Дәулетов, LLF  (әуесқой футбол лигасы) Түркістан қаласы бойынша филиалы директоры Нұрғали Асанов, аудандық мәслихат депутаттары қатысып, командаларға сәттілік тіледі. Бұқаралық спортты дамытып, ауыл жастарын спортқа баулуды мақсат еткен сайыста салауатты өмір салты мен ауыл тұрғындарының ынтымағы насихатталды.

          Тарқатып айтсақ, теңбіл доптан өтіп жатқан аудандық ашық біріншілікке 30 команда өтінім берген. Шын жүйріктер қатысатын додада ауданға қарасты 12 ауыл округінен 24 команда бақ сынауда. Командалар бұған дейін де алаңда шапшаңдық танытып жүрген кіл мықтылар.

Сайыстың бір ерекшелігі қатысушылардың жасына шектеу қойылмаған. Тіпті 60 жасты алқымдаған ардагерлерден құралған “Ардагер” командасы да ойын алаңында бақ сынаспақ. Жарыстың басынан-ақ ойыншылар ерекше ептілік пен өзгеше ойын өрнегін көрсетіп жатыр.

          Бұл сайыс — үлкен додалардың бастауы десек қателеспейміз. Олай дейтініміз, қазір ала доп шеберлері мен спорттың бұл түріне қызығушылардың саны күн санап артуда. Жарысты ұйымдастырушылар осыны ескере отырып, жастардың жігерін шыңдағымыз келеді дейді. Сондай-ақ, алдағы уақытта спорттық шараны дәстүрлі түрде өткізуді қолға аламыз дейді ұйымдастырушылар. Нәтижесінде халықаралық, республикалық бәсекелерде ауданның намысын қорғайтын команда құру үшін мықты ойыншылар жасақталынып алынады.

          Айта кетейік, ашық біріншілік аудандық мәслихат депутаттарының демеушілігімен аудан көлемінде алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Екі күнге жалғасатын сайыстың жүлде қоры да қомақты. Ал, жеңімпаздарды марапаттау рәсімі ертең өтеді.

Азамат ӘЛІБЕК.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы