КОНСТИТУЦИЯ КҮНІ ҚАРСАҢЫНДА ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА АЛҒАШ МҰЗ САРАЙЫ ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ

76 көрілім

            ҚР Конституциясы күні қарсаңында облыс орталығында әсем де зәулім Мұз сарайы пайдалануға берілді. Спорт нысанының ашылуына облыс әкімі Дархан Сатыбалды қатысып, сала мамандарын, жанкүйерлерді құттықтады. 

– Бүгін – тарихи күн. Еліміз үшін қастерлі Конституция күні қарсаңында Түркістан облысында алғаш Мұз сарайы пайдалануға беріліп отыр. Түркістандық жасөспірімдер ендігі жерде мәнерлеп сырғанау, шайбалы хоккей, шорт-трек сынды спорт түрлерімен айналысуға қол жеткізсе, қала тұрғындары мен қонақтары аптаның сенбі, жексенбі күндері жаппай сырғанаумен айналысуға мүмкіндік алды. Бұл Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүргізіліп жатқан бұқаралық спортты дамытудың жоспарлы жұмыстарының нәтижесі. Өңірімізде спортпен айналысу үшін барлық мүмкіндіктер жасалуда. Алдағы уақытта ұлттық ат спорты үшін атшабардың, дарынды балаларға арналған спорт мектеп-интернаты мен колледжінің ғимараты, кәсіби спортшыларға арналған дәрігерлік диспансердің құрылыстары жүргізіледі. Түркістандықтар осы қысқы спорт түрлерін жақсы меңгеріп, алда өтетін республикалық және халықаралық жарыстарда жоғары нәтижелерге қол жеткізеді деген үміттемін. Жаңа спорт кешені баршамызға құтты болсын! Осы спорт кешенінен мықты спортшылар шығып, қасиетті Түркістанды барша әлемге таныта берсін! – деді Дархан Амангелдіұлы. 

Іс-шараға сондай-ақ, ҚР мәнерлеп сырғанау спорты федерациясының президенті Елена Те, Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері, 2014 жылы Сочиде өткен қысқы Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Денис Теннің анасы Оксана Тен қатысып, түркістандықтарға табыс тіледі. 

Мұз сарайының ашылу рәсімінде Астана, Алматы және Шымкент қалаларынан келген мәнерлеп сырғанау спорты шеберлерінің көрсетілімі көпшілік назарына ұсынылды. Шайбалы хоккейден Қызылорда қаласының «Қайсар» және Шымкент қаласының «Тұран» жасөспірімдер командаларының арасында жолдастық кездесу өтті.

Айта кетейік, 1200 орынды Мұз сарайы 2 гектар аумақта орналасқан. Мұз сарайында қысқы спортты дамытуға барлық жағдай жасалған. Екі қабатты спорт нысанында шорт-трек, мәнерлеп сырғанау және хоккей секілді спорт түрлерін дамыту көзделген. Керекті құрал-жабдықтар Италия, Канада, Финляндиядан арнайы тапсырыспен алдырылған. 

Түркістан облысында 2 миллионнан астам тұрғын бар. Ал, Түркістан қаласының өзінде тұрғындар саны 220 мыңнан асты. Өңірде демографиялық өсім жоғары. Сондықтан өскелең ұрпақты спортқа баулу аса маңызды. Түркістан облысын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарына сәйкес облыс орталығында 7000 орынды Түркістан-арена стадионы, көпфункционалды «Олимпик Центр» спорт кешені, «Теннис орталығы», Олимпиада резервін даярлайтын орталықтың спорт кешені, 7 ашық үлкен теннис корты, заман талабына сай 75 ойын алаңы, 45 балалар алаңы, қала тұрғындары мен қонақтарына арналған 51 шақырымдық веложол салынды.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы