Береке мен бірліктің киелі ордасы

3  072 көрілім

Әмір Темірдің басшылығымен XIV ғасырда бой көтерген Қожа Ахмет Ясауи кесенесі қазақ халқының иелігіне XVI ғасырда Есім ханның билігі кезінде өтті. Содан бері бұл кесене халқымыз үшін киелі мекенге айналды. Хан мен сұлтан, би мен батырлар жерленетін қасиетті орынға айналды.   
Ясауи кесенесінің маңына 24 хан-сұлтан мен 57 батырдың, 18 бидің сүйегі жерленген. Абылай, Есім, Тәуке, Жәңгір, Жолбарыс, Әбілмәмбет хандардың, Бөгенбай батыр, Есей батыр, Шақшақ Жәнібек, Мамай батыр, Жарылғап батырдың, Қазыбек бидің, Әнет бабаның, жалайыр Нарынбай әулиенің, Қанай бидің, Қонақай мен Қараменде бидің, тағы басқа есімі алты Алашқа танымал тұлғалардың сүйегі жатыр мұнда. Бұлардың көбі ХVII-XIX ғасырда өмір сүрген адамдар. Тіпті, XVI ғасырда өмір сүрген адамдар да бар.
Кесене – үлкен порталды-күмбезді мемориалдық құрылыс болып саналады. Жергілікті дәстүрді жете меңгерген парсылық шеберлердің архитектуралық жобасы құрылысқа негіз етіп алынған. Кесене оңтүстік-шығыстан солтүстік-батысқа қарай созылып жатыр. Ені – 46,5 метр, ұзындығы – 65 метр. Күйдірілген шаршы кірпіштен өрілген. Кесене жобасының ерекшелігі – онда Орталық Азия сәулет өнерінде бұрын-соңды ұшыраспаған шатыр жабу тәсілдері қолданылған. Ескерткіште күмбезді, аркалы элементтер мол. Сәулетші-шеберлер тек аркалы күмбезді жүйенің өзіне сан түрлі көркем әдістерді қолданған. Кесенеде аса үлкен портал (ені – 50 метрге жуық, порталдық арканың ұзындығы – 18,2 метр), бірнеше күмбез, 35 бөлме бар. Ғимараттың биіктігі – 37,5 метр. Сыртқы қабырғалардың қалыңдығы – 1,8-2 метр, қазандық қабырғаларының қалыңдығы – 3 метр.
Қожа Ахмет Ясауи кесенесі мешіт, медресе қызметін де атқарған. Кесененің үш қабырғасының үстіңгі жағымен өтетін эпиграфтық фризде Құран Кәрім сүрелері мен аяттары жазылған. Жазулар көгілдір қышпен өрнектелген. Жазулардан «Алла», «Мұхаммед», «О, Жарылқаушы», «Билік Аллада», «Алла менің әміршім», «һижраның 800 жылы» деген сөздерді оқуға болады. Қоладан соғылып, алтын, күміс жалатылған есік тұтқалары мен алты шырағдан да сәулет өнерінің інжу-маржандарының қатарына жатады. Бұларда оны жасаушы исфаһандық шебер Тадж әд-Дин Изеддиннің есімі жазылған. Қола шырағдандағы жазулар һижраның 799 жылы 20-рамазанында жасалғандығын көрсетеді.
Бүкіл құрылыстың мағыналық кіндігі – қабірхана ортасында Қожа Ахмет Ясауиге құлпытас қойылған. Қабірхана есігі жұқа темірмен қапталып, оған алтынмен жазулар түсірілген. Кесене мешітінің 16 терезесі, қос қабат күмбезі бар. Мешіттің батыс жақ қабырғасына Меккедегі Қағба іспетті 3,5-2,5 метрлік мозаикалық михраб орнатылған. Кесененің оңтүстік-батыс жағындағы Аллаға құлшылық етуге арналған жер асты ғибадатханалары Ясауи бабамыздың тірі кезінде жасалып, кейін қайта жаңғыртылған.
Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің есігінен аттаған адамның көзіне алғаш түсетін зат – қазандық бөлмесінің қақ ортасынан орын тапқан қасиетті Тайқазан.
Бойына талай сыр бүккен бұл қазанды бабалардың көзі деп қолымен ұстап көруге әркім-ақ құмар. Кесенені салдырған Көреген Әмір Темір тапсырысымен бұл қазан 1399 жылы 25 маусымда, (хижр. 801 жыл, 20-шәуәл) Түркістан қаласының батысында, 27 шақырым жерде орналасқан Қарнақ елді мекенінде, сирек кездесетін асыл металдардың қоспасынан құйылған. Салмағы – 2 тонна, сыйымдылығы – 3000 литр. Қазан сыртындағы арабтың гүлденген «сульс» және «куфи» қолтаңбаларымен жазылған үш қатар жазудың біріншісінде оның шайхылардың сұлтаны Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне арналып жасалғаны туралы айтылады. Қазақстан мен Қырғызстанның аумағында жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары барысында табылған қазандарды ғалымдар екі түрге бөледі.
Біріншісі – «сақтық», конусты қазандар, екіншісі – тұғырсыз қазандар.
Түркістандағы тайқазан «сақтық» типтегі қазанға жатады. Алып қазан жасау көне сақ, ғұн, дәуірлерінен бері жалғасып келе жатқан дәстүр екенін деректер мен айғақтар растайды. Елдік санасы биік, отбасылық құндылықтарды жоғары қойған әлігі социумдар үшін қазан береке мен бірліктің, молшылықтың, елдіктің нышаны болған. Қазан сыртындағы жазулардың екінші қатарындағы он сегіз рет қайталанып жазылған «Мубарак бад» деген сөз де құтты болсын, берекелі болсын, береке дарыған орын деген мағынаны береді.
Мұндай алып қазандар заманында билеушілердің, лауазымды әскербасылардың қабіріне қойылатын болған. «Бұл қабір иесінің ауқатты, жоғарғы топтан болғанынан хабар береді» дейді ғалымдар. Ал, Геродот келтірген мына бір қызық мәліметке қарағанда мұның мәні, тіпті тереңде екенін аңғаруға болады. «Бір күні сақтардың Ариант есімді патшасы жауынгерлерінің әрқайсысына бір-бір жебелерінің ұшынан алып келуді бұйырады. Сосын оларды балқытып, алып қазан құйдырды». Яғни сансыз жауынгердің жебесінің ұшы қазанның бөлінбес бөлшегіне айналғандай, өздері де сол тайпаның ажырамас бөлшегіне айналып, тайпаның бірлігінің, беріктігінің кепілі болған.
Қазан сыртындағы үш қатар жазудың төменгі жағында орналасқан отызға жуық томпақтарды ғалымдар «Куббалар» дейді. Халық арасында мұны «қазанның емшектері» деп атап кеткен. Осының екінші атауы томпақтардың мәнін толық ашады, бұл Ұмай анаға сыйынған сақ тайпаларының ұғымында өмірдің шырағы, шаңырақ отын тұтатушы, ұрпақтарды жалғастырушы болып табылатын анаға бас июдің, үлкен құрметтің көрінісі. Бұл – кез келген нәрсенің байыбына жете барып, қадірін терең ұғынған сақтардың табиғатына тән құбылыс.
Шығыстанушы М.Массонның еңбектерінде жұма күндері Түркістандағы қазан суға толтырылып, жұма намазынан кейін айналасына адамдар алқа құрып отырып зікір салатыны айтылады.  
1935 жылы тайқазанды Санкт-Петербургтегі атақты музей Эрмитажға, Иран шеберлерінің III халықаралық конференциясына алып кетеді.  Тайқазан жарты ғасырдан астам уақыт сонда тұрып, 1989 жылы қыркүйектің 18-інде ғана тарихи отанына қайтарылды.
XIV ғасырдың алғашқы ширегінде Қоқан билеушілері кесенеге жөндеу жұмыстарын жүргізіп, оның төңірегіне қамал-бекіністер салуды қолға алды.
1864 жылы Түркістан қаласын жаулап алған Ресей отаршылдары зеңбірекпен атып, кесененің 11 тұсына зақым келтірді. XIX ғасырдың соңына қарай Қожа Ахмет Ясауи кесенесі тарихи-мәдени мұра ретінде ғылыми тұрғыдан зерттеле бастады. 1978 жылы қыркүйекте Қожа Ахмет Ясауи республикалық мұражайы ашылды. 1989 жылы тамыздың 28-інде Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен «Әзірет Сұлтан қорық-мұражайы» ұйымдастырылды. Түркия елімен арадағы келісім бойынша жүргізілген ғимаратты қалпына келтіру жұмыстары 2000 жылы аяқталды.
2003 жылы маусымда Парижде өткен ЮНЕСКО-ның 27-ші сессиясында Қожа Ахмет Ясауи кесенесі дүниежүзілік мәдени мұралар тізіміне енгізілді.

Руслан ХАМЗА,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы