ЕШҚАШАН ҰМЫТЫЛМАЙДЫ

216 көрілім

31 мамыр – саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні. Иә, қазақтың басынан небір зұлматтар мен зауалды күндер өткен. Қазақ халқына қасірет әкелген сол бір аумалы-төкпелі жылдарда мыңдаған адам жазықсыз түрмеге тоғытылды, аяусыз атылды, айдалып кете барды. Елін, жерін сүйген Алаш арыстарынан бастап қаншама азамат сталиндік репрессия құрбаны болды.

Осы атаулы датаға 30 мамыр күні «Фараб» кітапханасында Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алуға арналған танымдық шара өтті. Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөнінде мемлекеттік өңірлік комиссияның 33 томдық жинағының таныс­тырылымы болды. Сол жиында профессор Досай Кенжетайдың: «бәріміз қуғын-сүргін кезеңінің зардабын тарттық, зұлматты көрмесек те көргендердің ұрпағымыз», деген сөздері жүрегіме жеткендей. Расында, біз сталиндік репрессияны көрмесек те, қуғын -сүргін көрген адамдардың ұрпағы ретінде бұл қасіретті жүректен өткізген жайымыз бар-ды.
Менің атам Тәшім Ержанұлы 1928 жылы Жаңақорған өңірінен Кеңес үкіметінің құрығынан (кәмпеске) қашып Тәжікстан асқан екен. Жалғыз менің атам емес, Жаңақорған өңірінен мыңдаған отбасы сол жылдары Өзбекстан, Тәжікстанға ауа көшкен. Оның себебі, Кеңес үкіметінің тоталитарлық қасаң режимі болса керек. Тәжікстанға қоныстанған соң 3-4 жылдай бейбіт өмір сүріпті, елде аздап егіншіліктің ебін тапқан, ол жаққа тез бейімделіп тұрмыстары жаман болмапты. Алайда, құрығы ұзын Кеңестің бұл жерге де жетерін іштей сезген атам Тәшім ересек ұлдарына: «Ауған жеріне көшсек қайтер еді, «бәлшебек» деген түбі жақсылық әкелмейді» деп жүреді екен. Балалары тілі бөтен, тұрмысы жат елді жерсінбейміз ғой, әке деп қарсы болады. Содан күндердің күнінде Кеңес үкіметі Тәжік жеріне де жетіпті, «Қызыл отау» деген құрылып жастарды ата діннен бездіріп, атеизмді, жаңа үкіметті насихаттау басталыпты. 1932 жылы бай-құлақ Тәшім Ержанұлын тұтқындау туралы құжат Сырдария губерниясынан Тәжікстанға жеткен. Оны белсенді болып жүрген бір досы: «жуықта сені тұтқындап, мал-мүлкіңді тәркілеп, өзіңді итжеккенге айдағалы жатыр» деп айтып қойыпты. Ересек екі ұлын Куляб пен Қорғантөбенің базарына мал айдатып, өзі таң ата Ауған асып кетеді. Қатын-бала, үй орманды тастай қашуға мәжбүрліктен барған, түп мақсаты қайта келіп оларды алып кетпек болған ғой. Бірақ заман желі жайсыз болып, шекара тас бекіп, шегенделеді де атам сол күйі оралмаған. Сол кезде әкем 30-дағы жігіт екен. Сосын әкесінің орнына 28-дегі інісі Әбсәмет Тәшімұлын соттаған, себебі Әбсемет еті тірі, көзі ашық, өткір жігіт екен. Әбсәмет көкем Қарағанды түрмесінде өкпе ауруынан қайтыс болған дейтін. Әкем Жаңақорған мен Қызылорданы 6 ай кезіп, табанынан тозып Сталиннің «әкелер үшін ұрпағы жауапты емес» дегенге саятын бір жарлығы негізінде інісін ақтап алған көрінеді. Бірақ сол қағазды алып Қарағандыға жеткенде, түрме бастығы: бауырыңыз он бес күн болды өкпе аурудан қайтты деп қолына қағаз ұстатыпты. Әкем өмірінде темекі тартпаған, таза, тақуа жан еді. «Сол күннен темекі тартып кеттім, бір күнде шашым ағарып кетті» деп жылап отыратын дейтін анам. Жылайтындай да бар, көрмеген бейнеті жоқ. Ақтау құжаттарын дайындап жүргенде күндіз кепеде дән сақтайтын ұрада тығылып жатады екен, түнде күйеу баласы Ақжанға жолығып істі бақылайды. Ақжанның ағалары сауатты, кезінде болыстың песірі болған, соттың кеңсесінде қызмет істеген жандар болған.
Әкем інісін ақтап алып қайтамын деп Қарағандыға кеткенде ауылда қалған анасы, жары, қарындастары қатты үміттеніп күткен екен. Әкемнің қарындасы Зияда апам: «Бағман ағам жадап-жүдеп бір айдан көп жүріп ол үйге келгенде түсі сынық, жанары солғын еді. Келді де келіні Жібек пен маған екі көк түсті орамалды тастай салды, екі көзі көрмей отырып қалған анамызды құшақтап көрісті. Мен әлі балаңдау қызбын, басында онша ұқпадым. Жеңгем дауыс салып жоқтау айта бастады. Ағам менің қолымдағы қою көк түсті орамалды алып, қараша үйдің есігіне байлап қойды. Сәлден соң көрші үйлер, ағайындар көрісуге келе бастады» дейтін.
Көк орамал өліктің білдірудің белгісі екен. Батыс жақтың қазақтарында «көк тігілгір» деген қарғыс болушы еді. Сол сөздің мәнін енді ұққандаймын.
… 1960 жылдары әкеміз имамнан мұның үкімі қалай болады деп сұрағанда: «құран шығартып, сырттай жаназасын беруге болады, өлген болса сауабы тиер, тірі болса артық-айып болмас» деген соң жамағатты жиып, жаназа намазын оқытып, құран бағыштап, ас беріпті. Әкем 1971 жылы дүниеден өтті. Інілерінің бірі 1973 жылы Жаңақорған ауданында жаңадан ашылған «Сунақата» кеңшарына көшеді, ағасын да үгіттейді әрине. Әкем марқұм: «Баламның баласы көрмесінші, қажет емес» деп безектепті. Бұл сонау зұлматты жылдары кеңестің құқайын көріп, әбден зәрезап болған, жүйкесі тозып, жүрегі шайлыққан жанның сөзі деп ұқтым өз басым.
…Ауған асқан атамның тағдыры не болды екен деген арманды ой мазалап мені де ойға батырады. Сонау 90-жылдары, студент кезімде халықаралық «Қазақстан» қоғамы арқылы бір сұрау салған едім, хабар болмады. Иә, бұл қазақ үшін қасіретті, қастерлі күн. Бабалар рухына тазым етіп, еске алатын күн. Қуғын-сүргін зұлматының құрбаны болып, жазықсыз қаны төгілген аталарымыздың рухы шат болсын!

Әтіргүл ТӘШІМ,
журналист.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы