БIРЛIККЕ ШАҚЫРАТЫН МЕРЕКЕ

320 көрілім

Ежелгі заманнан қалыптасқан жыл бастауы – Ұлыстың ұлы күні – әз-Наурыз мейрамы да келіп жетті. Тарихы тереңде жатқан мерекені күллі шығыс халқы атап өтеді. Бақ пен берекенің, мызғымас бірлік пен айнымас татулықтың негізі болған бұл күні барша жұрт бір-бірімен төс қағыстырып, ренжіскен ағайын табысып, тек жақсылыққа бет бұратыны белгілі.

Өкінішке орай, қанша заманнан бері тойланып, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан айтулы күн кеңес заманының тұсында халқымыздан біраз жыл ажырап қалды. Өткенді ұмыттыруға бағытталған солақай саясаттың кесірінен бұл мейрамды 1926 жылы атап өтуге ресми түрде тыйым салынды. Себебі, Наурыз мерекесі діни мереке деп қабылданды. Дегенмен, тәуелсіздік таңы қарсаңында егемен ел атанған кезден бастап мейрам қайта жаңғырып, ұлтымыздың ұлықтығын паш етті. Ұлы күнді тойлауға тыйым салғанмен, әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрін ұлықтаудан танбаған халқымыз мерекені тойлаудан бас тартқан емес. Осы ретте біз де кеңестік дәуірдің бел ортасында өмір кешкен қариялармен тілдесіп, өздерінің көрген наурызы жайында сұраған едік. Әңгіме төмендегідей өрбіді.

Кенжеш Мақұлбекова, 86 жаста: – Бір кездері бұл күнді атап өтуге тыйым салғаны белгілі. Десек те, есімде қалғаны ауылда ішінара тойлайтын. Көше бойына орналасқан үйлер наурызкөжесін жасап, көршілер үй-үйді аралап, астан дәм татып жатады. Сондай-ақ, ренжіскендер татуласып, төс қағыстырып, бір-бірлеріне жылы лебіздерін айтып, келер жылға аман-есен жетуге тілектерін білдіреді. Қазақ болған соң, оның үстіне ата-бабамыздан келе жатқан ұлық мереке болғаннан кейін тойлауға тыйым салғанына қарамастан, ел-жұрт мерекелейтін. Дегенмен, халықтық деңгейде тойланғанын көргенім жоқ. Бертін келе, өз қолымыз өз ауызымызға жеткеннен кейін ғана ресми түрде атап, республика бойынша тойланып жатыр. Жалпы Наурыз мерекесінің бізге берері мол.

Қарлығаш Сейтжапбарова, «Салиқалы әжелер» алқасының төрайымы: – Бүгiнде, мiне, жетпістің жиегіне келiп қалдым. Құдайға шүкiр ес бiлгелi Наурыз мерекесiн үзбей тойлап келе жатқан анамын.

Мен, өзiм Қарағанды облысының Өспен совхозы, Нiлда стансасында дүниеге келгенмiн. Көрнектi жазушымыз С.Сейфуллиннiң туып өскен жерiнен боламын. Бiзде кiшкентайымыздан наурыз мерекесiн Ұзынсары деп атайды.

… Алғашында, баламыз ғой түсiнбейтiнбiз Ұзынсары дегенге. Әрбiр жанұя қыс мезгiлiнде сойған соғымдарының жартысын, қазы-карталарын «Ұзынсары келгенде жеймiз» деп сақтап қоятын. Оған қоса бар жиған-терген, тәттiлерiн де соған сақтайтын. Сонда кiшкентай баламыз ғой: «Ұзынсары қашан келедi? Неге ол тез келмейдi» деген сауалдарды қоюдан да шаршамайтын едiк. Күндердiң күнiнде «Ұзынсары келдi» деп анамыз дәу қазанға соғымның еттерiн салып, бәрiн асатын. Сөйтiп, дастарқанды жайып жiберiп, үстiне бар тәттiлердi қойып, мына жағынан жетi шелпегi мен бауырсақтар пiсiретiн. Бұл күнi тек бiздiң үйдiң ғана емес, бүкiл ауылдағы үйлердiң қазан-ошақтарында Ұзынсарыға сақталған ас мәзiрлерi сақылдап қайнап жатар едi.

Кейiн ес бiлгеннен кейiн бiлдiк қой, Ұзынсары дегенiмiз Наурыз мерекесi екенiн. Наурыз мерекесi Самарқанның көк тасы ерiген күннен бастау алып, бүкiл адамзат баласы жаңарып, жасарып жаңарған дүниеге бар сақтағандарын шығарып, барша ағайын, туыстар, ауылдастар бiр-бiрiне iзгi ниет айтады.

Иә, бүгiнде сол бiр күндердi сағына еске аламын. Әсiресе, кимешек киген әжелерiмiз өсиетке толы өнегелi сөздерiн айтып отырса, ақ жаулықты аналарымыз, келiндер мен жеңгелерiмiз бiр-бiрiмен әзiлдесе жүрiп бауырсақтарын пiсiретiндiгi, одан наурыз көже жасап, жиналғандардың бәрiне құйып берiп, ақ дастарқанның сәнiн кiргiзiп отыратындары әлi есiмде. Сонда әжелерiмiз «бауырсақты дөңгелек етiп пiсiргенiмiз ұрпағымыз ұйымшыл болсын дегенiмiз», -деп айтып отыратын. Ал, наурыз көжеге «ақ мол болсын», -деп сүт, «тарыдай көбейейiк», -деп тары қосатын. Бидайдың өзiн қуырып алып, одан қайнатып, соғымның етi, жал-жая, қазы-карта пiсiп жатқан қазанға бидайды салып бұқтырып қоятын. Мiне осылай, түнiмен пiсiрiлiп, тiске жұмсақ, даяр тұрған астың үстiне тары, күрiш, тұз, ең соңында кеспе кесiп салады. Осы наурыз көжеге құртты езiп қосып жiбередi де кесеге құйып бергенде дәмі шынында ерекше болатын.

Бұл күнi тек наурыз көже iшiлiп, жан рахаты болмайды, сонымен бiрге ән-жырдан маржан төгiлiп, ойын-сауық өтетiн. Жасөспiрiм балаларды күрестiрiп, оларға сыйлық беретiн. Ауылдың ержетiп қалған ұлдары мен бойжетiп қалған қыздары алтыбақан басында бар өнерлерiн салып, ән айтып жататын, ақ сүйек ойынын ойнайтын.

Мiне, осылай Ұзынсары келдi деген мерекемiз наурыз айы бiткенше жалғасатын. Ауылдастар, көршiлер бiрiн-бiрi қонаққа шақырып, той-тойға ұласып жататын. Және балалардың барлығы да бұл қонақасыдан құр қалмай, арнайы дастарқан жайылып отыратын. Балалар бiлсiн, ұрпақтан-ұрпаққа жеткiзсiн деген ойлары болған екен ғой ата-әжелерiмiздiң.

Ал, бүгiнде әжелерiмiз, апаларымыз орамал, кимешек дегендi тек наурыз мерекесiнде бiр күндiк науқан ретiнде киетiн секiлдi. Осы орайда, айта кетейiн дегенiм, алғашында менiң кимешек киiп жүргенiме көбiсi таңдана қарайтын. Бүгiнде өзiмiз әже болғанда неге кимеске. Кимешек киiп жүру әрi тазалық сақтаудың тамаша үлгiсi емес пе. Оның үстiне кимешек береке сақтайды,-деген наным-сенiмi бар халықтың ұрпағымыз. Ал, орамал құт-берекенiң өзi. Ертеде апаларымыз «басым ауырып тұр» деп айтқандарға, түнде орамал тартпағандықтан басыңа шайтан отырған ғой,-деп жауап қатып жатқандары есiмде қалыпты. Осының өзi өмiрлiк сабақ болды өзiме.

Жақында маған жасы елуден асқан ана келiп, «келiнiм орамал тартпайды, сiз айтыңызшы келiнiме» дедi. Әлгi ананың өзi басына орамал тартпағанын көргеннен кейiн, «өзiңiз басыңызға ақ жаулықты салып, қадiрiн бiлсеңiз, келiнiңiз айтқызбай өзi-ақ бiлiп тартады» дедiм. Содан бiр күнi жаңағы ана «апа сiзге рахмет, келiнiм орамал тартатын болды» деп келiп тұр. Өзi де басына ақ шәлiсiн жамылып, немересiмен бiрге жарасып тұрғанын көргенде, аналық ақ батамды бердiм.

Халық бірлігі мен мемлекет тұтастығын үндейтін Наурыз мерекесі құтты болсын, ағайын!

Ләззат ҚАНЫБЕКҚЫЗЫ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы