КҮЙЗЕЛІСТЕН АРЫЛУДЫҢ ЖОЛЫ БАР МА?

430 көрілім

Бүгінгі қоғамда еңбектеген баладан бастап, еңкейген қарияға дейін күйзелістің  жетегінде кетіп барады. Оған себеп қоршаған ортаның ластануы мен  адамзаттың материалдық құндылыққа бет бұруы. Бүгінде заман ағымына қарай түрлі аурудың еміне қажетті дәрі-дәрмектер шығарылуда. Алайда, кей аурудың түрлеріне медицина емес, керісінше халық емінің жаңарған түрлері көмектеседі. Жалпы адам өмірі терапияның көптеген түрлерімен ұштасып жатыр. Мәселен, сурет салу арқылы емделу дегенге сенесіз бе? Бұл әрине, тосындау естілуі мүмкін. Терапия емінің адам өміріндегі  маңызы жайлы, арт-терапевт маман Лаура Айдарбекқызымен арнайы сұхбаттасқан болатынбыз.

– Лаура Айдарбекқызы, терапиялық емнің адамдарға әсері қандай, және емнің бұл түрі қай уақыттан бастап кеңінен қолданылып келеді?

– Жалпы психотерапия жан мен тән, ақыл мен ойдың байланыста болуын қамтамасыз ететін құрал. Сонымен қатар, ғылымның бұл түрі адамның жүйке жүйесіндегі пайда болған блоктарды шешуге көмектеседі. Қазіргі кезде қоғамда күйзеліске тап болмаған жанды кездестіру екіталай.  Ғылымда күйзелістен шығару жолдары мен көптеген әдіс-тәсілдері қарастырылған. Бұл ғылымда дәлелденген дәйек, атақты ғылым профессоры Бессел ван дер Колк «Тело помнит все» атты  еңбегінде жазған. Ол соғыс кезеңдерінде жәбірленушілердің жай-күйін бақылау арқылы күйзелістің адам өміріне едәуір қауіпті екенін 30 жыл бойы  зерттеген.

– Терапияның бала психологиясына қандай әсері бар?

– Күйзеліс бүлдіршіндер үшін де қауіпті аймақ саналады. Себебі бұғанасы қатып үлгермеген балада күйзелістің пайда болуы үлкен мәселе. Дегенмен, терапияның бала психологиясы емінде пайдаланылып жүрген бірнеше түрлері бар. Мәселен: фототерапия, кинотерапия, құм терапиясы, драматерапия, ертегі терапиясы, әуен терапиясы, ойын терапиясы, иппотерапиясы, суда жүзу терапиясы және т.б түрлері өте көп. Аталған әрбір түрінің өзіндік емдеу жолдары, бағыт-бағдары бар. Адам баласы шыр етіп дүние есігін ашқаннан бастап түрлі  күйзелістерге тап болса немесе толыққанды есеймеген сәтте орын алған агрессивті яки негативті факторлар денеге блок болып жиналады.

Психология саласымен қатар бүгінде түрлі терапиялық методикалар дамып келеді. Соның ішінде өз тәжірибемнен өткізген, арт-терапиясын айта кетсем, адам өмірінде түрлі жағдайлар кезігеді жүйкең сыр беріп, мәселелер миыңда шашырап жатса арт-терапия методикасы керемет көмек. Өнер арқылы емдеу дегенге көп адам сене бермеуі мүмкін. Өйткені бұл емдеудің ерекше түрі. Сіз адамдармен сөйлескіңіз келмеуі, ішіңіздегі жағдаймен бөліскіңіз келсе де ешкімге айта алмауыңыз бек мүмкін. Осындай жағдайда арт-терапия арқылы ішкі сырыңыздан жұрт хабардар бола алады.

–          Адамның тәні ауырса, дәрігерге қаралып, ем-шара қабылдайды, ал жаны ауырса ше? Жүйкесі тозған адамға қандай ем бар? 

– Жалпы, адамдардың ауыз қуысында жиі кездесетін ангина, тонзиллит, фарингит, киста түрлері текке басталмайды, яғни ішкі жан дүниең ән айтуды қалап тұрса, ми тарапынан ұят деген сигнал түскен кезде адамда ішкі қақтығыстар пайда болады. Мұндайда психотерапевт мамандардың көмегі орасан зор. Негізінен адам баласының күйзеліске ұшырауына қоғамдағы мәселелер  жиі әсер етеді. Ал күрделі күйзелістің соңы суицидке душар етеді. Кейде бізді психикамыз күйзелістен сақтандыру үшін миды жылдам блокқа қояды, бірақ дене бәрін есте сақтап қалады. Айта кетсем, шығармашылық ем арнайы қағидаларға бағынбайды, мәселен медицина немесе басқа да сала түрлерінде емдеу барысында түрлі шектеулер кездесуі мүмкін. Ал, терапия адам нені қалай өзгерткісі келеді, дәл солай жасауына мүмкіндіктер беретін бостандық алаңы. Мәселен, түрлі картиналар, адамның  көңіл күйіне әртүрлі әсер қалдыруы мүмкін. Музейге барып, әлдекімнің туындысын тамашалағанда міндетті түрде  сана-сезімімізге, я жүрегімізге сұрапыл тебіреніс туындайды. Бұл терминнің негізін қалаған британдық суретші – Адриан Хилл. Дәл осы әдісті 1938 жылы туберкулезге шалдыққан адамдардың көңіл-күйін сипаттау мақсатында қолданған екен.

– Қағазға жаның қалаған суретті сала қойып, аурудың диагнозын табу десе, қарапайым халық  бұл қалай деп таңырқауы ғажап емес. Шығармашылық емде түстердің рөлі қандай?

– Реңк – адамның жан дүниесінен хабар береді. Мәселен, адам психологиясында  сары және қызғылт түстер зорлық-зомбылық құрбаны болғанын білдірсе, қара яки сұр түстер нашақорлық секілді түрлі нашар жолда жүргендігінен хабар беретін көрінеді. Ал, жасыл түс адам жанын тыныштандыратын болса, қоңыр түс салмақтылықтан сыр шертеді екен. Түстер адам денсаулығына тікелей байланысты.  Арт-терапия суреттермен тікелей жұмыс болғандықтан, түрлі түстілік емдеу түріне тән қасиет. Жалпы арт-терапияның негізгі мақсаты – адамның психоэмоциялық жағдайын шығармашылық арқылы емдеу. Кеңес үкіметі заманында көптеген ауру түрлерін (бронхы, сары ауру аллергия, туберкулез, сонымен қатар наркологиялық ауруларды) арт-терапия арқылы емдеп келген. 

– Ерекше қажеттілігі бар балаларға иппотерапияның қандай көмегі бар екендігіне кеңінен тоқталсаңыз.

– Қимыл-қозғалысты сауықтырудың прогрессивті әдістерінің бірі иппотерапия жылқыға мініп жаттығу деп аталады. Яғни сал ауруымен тіркелген балалардың қимыл-қозғалысын, жылқы терапиясы арқылы сауықтыруға болады. Алайда, бұл әдісті бүгінде әлем медицинасы иппотерапия деп атайды. Елімізде иппотерапевт мамандар мен қоса ат үстінде серуендеу арқылы емдеу орталықтары жоқтың қасы. Иппотерапиялық орталық «Нұрлы әлем» атымен Жаңаөзен қаласында ашылған. Дәл осы орталықтан 2018 жылы, 18 ерекше қажеттілігі бар азамат иппотерапия әдісімен емделіп шыққан екен. Дегенмен барынша шыдамдылық танытып, әдістемелік жүйемен емдеген жағдайда ғана бұл аурудың салдарын түзетіп, баланы жүруге, сөйлеуге, денені басқаруға, және қоғамда өмір сүруге бейімдеуге болады. Жүріп бара жатқан аттың қимыл-қозғалысы денеге массаж түрінде әсер етеді. Мамандар бұл әдісті «тірі тренажор» деп атаған. Иппотерапия – грек тілінде «hippo» – «ат» деген мағынаға ие, яғни «атқа мініп жүру арқылы емдеу» дегенді білдіреді, қысқасы қазақтың жылқы терапиясы. Алайда кез-келген жылқы жануары емдік қасиетке ие деген сөз емес. Иппотерапияда пайдаланатын жылқылар мен емді жүргізетін мамандар да арнайы тексерілуден өтіп, емнің әдіс-тәсілін оқуы керек. 

– Жүйкесі жұқарған адамдарға дәстүрлі емес медицинаға яғни халық еміне жүгінуге кеңес берер ме едіңіз?

– Терапияның барлық түрі бүгінгі қоғамда мейілінше сұранысқа ие. Адамдардың басым бөлігі дәрімен емес, керісінше халық емі арқылы емделгенді құп көреді. Медицина мойындаған терапияның тағы бір түрі су терапиясы. Емнің бұл түрі адам ағзасына босаңсу қабілетімен көмектеседі, яғни денеде неврологиялық құрысып қалу жағдайлары кездеседі. Әйелдер тіпті судың көмегімен босанып жатады себебі су жеңілдікті, қауіпсіздікті сезіндірудің бірден-бір құралы саналады.  Көптеген аурулар жүйке жүйесімен тығыз байланысты. Бұл жайлы медицина былай дейді – «90 пайыз аурулар жүйке жүйесінен туындайды». Бұл туралы Джо Диспенза «Сила подсознания» кітабында жазып қалдырған.   Депрессия – денсаулықтың басты жауы, себебі адамның ішкі органы мазаласа ауырып тұрған тұсын сезеді. Ал, күйзеліске ұшырағанда адам бүкіл жан дүниесінің ауырғанын сезінеді. Егерде адам ой санасын толықтай реттесе ішкі күйін ресурс түрінде пайдалана алса, ынтасы мен ерік жігері бір арнада тоғысса, әрекеттенсе адам өз өмірін басқа жаққа өзгерте алады. 

PS:Кей адамдар өз психологиясымен алысып, ішіндегі қайнаған даумен бөлісе алмай, көп жағдайда өлшеулі өмірімен қош айтысып жатады. Тіршілікте адам баласы ең қымбат жаратылыс болғандықтан денсаулығы мен ішкі жан дүниесін психикалық және де физикалық тұрғыда жайлы сезінуі өте маңызды. Мұндай жағдайлардың алдын-алу үшін терапияның сиқыры айтарлықтай көмектесе алады. Адамдар қазіргі таңда сіз бен бізге беймәлім мамандық түрлеріне бейімделуде. Демек, аталмыш өнер емінің адам психологиясына өзіндік пайдасы бар екендігі даусыз.

Нұрсұлу ҚУАНЫШҚЫЗЫ,

«Түркістан».

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы