ҚАНМЕН БЕРІЛГЕН ҚАСИЕТ

471 көрілім

Түркістанда бұл кісінің есімін естімеген адам кемде кем. Сондықтан өзімен сөйлесуге ниеттеніп жұмыс орны – ХҚТУ клиникасына іздеп барғанымызда, алдына бірі аяғын, бірі қолын орап қинала тоқтаусыз кіріп-шығып жүрген науқастарды көріп, расында талай жанға шипасы дарып жүрген дарынды шипагер екеніне көз жеткізгендейміз.

Сынықшы Немат деген атпен халыққа танымал болып кеткен Немат Абдузаиров бірінші санатты травматолог, ортопед. Халық қадірлейтін, қасиет тұтатын сынықшымен суыртпақтап отырып, екінің біріне қона бермейтін қасиеті жайлы айтып беруін сұраған едік.

«Күнделікті тұрмыста оқыс қозғалып, жазым болып жатқан жандар аз емес. Ондайда жанын шүберекке түйіп күндіз-түн демей алыс-жақыннан іздеп келіп жатады. Сынықшылық ­­- атадан балаға беріліп келе жатқан қасиет. Арғы ата-бабаларымнан әкеме, әкемнен маған қонған екен. Әкем Акажан атақты сынықшы болған. Әкем 1985 жылы 45 жасында өмірден өтті. Мен ол кезде бар болғаны 4 сыныпта оқып жүрген ойын баласы едім. Дертіне шипа іздеп әкеме келіп-кетіп жүрген адамдарға балалықпен мән бермеппін. Содан әкемнің жылдық асы таяғанда түс көрдім. Түсімде біреу ақ боз атты жетектеп есік алдына әкелген екен, алдынан шықсам аттың тізгінін қолыма ұстатады да ғайып болады. Тұрсам түсім екен. Әжеме айтып едім, түсті іштей жорып, мәнін үлкендер өзара түсінген шығар, маған ештеңе демеді.

…Бір күні сынған жері сыздап, жанын қоярға жер таппай бір әйел кісі келді үйге. Ол әкемнің өмірден өткенін естісе де, ісін жалғастырар ұрпағы бар шығар деген үмітпен келген екен. Сонымен, әжемнің түсіндіруімен, он екі жастағы оқушы бала осылай алғаш рет медколледж мұғалімі Мизипа апайдың шыққан қолын сипалай отырып орнына салып бердім. Қанмен берілген қасиеттің атадан балаға адаспай тауып, қонатынын есейгенде түсіндік қой.

Сегіз жылдықты бітірген соң қаладағы медучилищеге түстім. Талай жыл фельдшер болып жұмыс істедім. Сынықшылық қасиетпен көптеген қиналған жанға көмек қолын созып, елдің алғысына бөлендім. Негізі сүйегі зақымданған адамға ең алдымен жағдайын түсіндіремін, сосын алғашқы көмек ретінде ауырған жерін босатып, жеңілдеу етіп беремін, бірақ бірден таңып тастаудың қажеті жоқ, мұндайда қан жүрмей қалу қаупі басымырақ болады. Десе де, көпшілік болған соң «жаман айтпай, жақсы жоқ» кейде ауруы асқынып немесе басқа да жағдайларға ұшырап, ауруы жазылмаса өзіңнен көретін адамдар да табылады. Сондай ушыққан даулы бір жағдайдан кейін, оның үстіне медицинаның дәл қазіргідей дамыған тұсында алдыма келген науқасты міндетті түрде рентген аппаратына түсуін талап етемін.

Осы ата кәсіпке ден қойғаннан кейін Ташкентке барып «Халық емшісі» курсын тәмамдап, сертификатын иелендім. «Жедел жәрдем» қызметінде жұмыс істеп жүрген жылдарым болатын, ХҚТУ-дің тұңғыш ректоры М.Жұрыновтың жұбайы аяғынан қатты мертігіп, сынықшы іздеген. Ел-жұрттан сұрастырып маған келген беті екен. Алғашқы көмектен аянбай, сырттай сипап отырып, уатылып кеткен сүйектерді орны-орнына салып бердім, мұқият емдеу тәсілімді бақылап жүрген ректор ағамыз қызметіме риза болды. Ол кісі «халықтық емді дамыған медицинамен ұштастыру керек екенін» құлағыма құйып, оқимын деген талантты жастарға қашанда қолдау білдіретінін қайта-қайта айтып, Қожа Ахмет Ясауи университетінің «Емдеу ісі» факультетіне түсуіме ықпал еткен болатын. Одан кейін де алыс-жақыннан келген, университет ішіндегі талай азаматтардың аяққа тұруына себепші болғанымды естіп, риза болған ректор Жұрынов тіпті өзіне тарту етілген «Түркістанның 1500 жылдық» медалімен марапаттаған еді. Сынықшылықпен айналысқан 35 жылдан астам уақыт ішінде жылап келген адамдардың үйіне күліп қайтқандарын көріп, өзімді бір сәт бақытты сезініп тәубе етемін. Әуелі Алла, одан соң осынау қасиетпен халқыма пайдамды тигізгеніме шүкіршілік етемін. Бүгінде бұл ісімді медицина факультетінде оқитын ұлым жәйлап қолға алуда.

…Бірде қаламыздағы «Талғат» клиникасында жұмыс істеп жүргенімде кезекшілікке келген болатынмын. Кешкісін есік алдында қазандықта істейтін жігіттермен темекі тартып тұрсақ, бір ит қыңсылап, аяғын ақсаңдатып жүгіріп келе жатыр екен. Қыңсылаған даусы сай-сүйегіңді сырқыратады. Иттің аяғы сынғанын, онысы жанына батып тұрғанын бірден ұқтым. «Бұл да Алланың жаратқан тіршілік иесі ғой» деп аяп кеттім де, көтеріп алып ішке кіргізіп аяғын уқалап отырып, сынған жерді байқадым, дәріханаға жүгіріп барып гипс әкеліп, гипстеп қойдым. Бірнеше күн гипспен жүргенін сырттай бақылап, кейін шауып кеткенін көріп қуандым. Сол ит емхананың ауласын мекендеп, айналаны күзетіп, сол мекеменің бір мүшесіне айналып кеткен еді» – деп күліп аяқтады әңгімесін Немат аға.

Расында, сынықшылық көбіне қолдың ептілігі мен сынықшы адамның сезгіштігіне және тәжірибесіне сүйенеді десек те, ғажайып бір тылсым күштің болатынына осындайда қалай сенбессің?! Ісіңіз алға басып, халыққа пайдаңыз тие берсін деп қолы шипалы, жүрегі мейірімді шипагермен жылы қоштастық.

Несібелі ИМАНҚҰЛОВА.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы