КІТАП ОҚУ – БАСТЫ МІНДЕТ

140 көрілім

Қазақ халқының ғасырлар қойнауынан, ұрпақтан-ұрпаққа жеткен рухани, мәдени мұрасы – сөз өнерінің асыл қазынасы. Қазақтың сөз өнерінің тегі, тетігі әріден, түркі тілдес тайпалардың өз алдына халық болып қалыптаспай тұрған кезінен басталады.

Жалпы, қазақ әдебиеті төңірегінде әңгіме қозғар болсақ, өткен ғасырдың отызыншы жылдары жарқырап шыққан бір топ әдебиет жұлдыздарын атауымыз керек. Бұл жарық жұлдыздар бозбалалық шақтарынан бастап-ақ балапан прозамыздың іргесін қаласуға өзіндік үлес қосқан Саттар Ерубаев, Ғабдол Сланов, Зейін Шашкин, Хамза Есенжанов сынды азаматтар еді. Ақын немесе жазушы өз ортасынан өсіп, содан сусындап, шыңдалып қана қоймай, біте қайнасып, сол қауымның өкілі ретінде ғұмыр кешеді.

Профессор Т.Кәкішевтің: «Саттар Ерубаев қоғамдық өмірде болып жатқан өзгерістерге немқұрайлы қарамай, өзін толқытқан ойды, орынды пікірді көркем тілмен шебер суреттеп берген публицист болды. Публицистика оның басқа шығармаларына тән қасиет еді. Саттар журналистиканың ірілі-ұсақты жанрының бәріне де қалам тартты» дегені есімізде.

Осы орайда, С.Ерубаевтың шығармашылық өсу кезеңдері мен қарапайым шығармаларына тоқталып өтелік. «Төрт қыз» – «Лениншіл жас» газетінің арнаулы тапсырмасы бойынша жазылып, 1935 жылы 28 шілдеде басылған. Газеттің осы саны түгелдей Совет қыздарының бақытты өмірін, еңбектегі ерлігін, оқудағы табысын, мәдениет саласындағы жетістіктерін көрсетуге арналған еді. «Өмір келбеті» («Лицо жизни») – «Ленинская смена» газетінде 1933 жылы 29 қазанда жарияланған. Газеттің бұл саны Ленин комсомолының XV жылдық мерекесіне арналған. Жаңа заманның жас азаматтарының еңбектегі ерлігі, мәдени де бай тұрмысы жан-жақты суреттелген. «Күрестің түйісінде» – 1933 жылы 8-9 қазанда «Лениншіл жас» газетінде басылды. Редакция «Көркем әдебиет социалды майдан құрылысында» деген тақырыппен арнаулы әдебиет бетін ұйымдастырып, Саттардың «Колхоз базарында» деген өлеңін, Зейін Шашкинмен бірлесіп жазған «Күрестің түйісінде» деген очеркін жариялапты. «Үш шахтёр туралы баллада» 1934 жылы 1 тамызда «Қарағанды пролетариаты» газетінде екінші рет 23 қазан күні «Лениншіл жас» газетінде басылды.

Жалпы айтқанда, Саттар шығармаларының тұтас өзегі, тәлім-тәрбиелік бағыты білім-ғылымға, ақыл-ой, адамгершілік, еңбек, отбасы тәрбиесіне негізделе отырып жазылғанын оқыған жан айтпай-ақ ұғынары сөзсіз. Саттар шығармашылығындағы идеялардың сабақтастығы, қоғам өміріне белсене араласуы қазақ халқының ой-пікірінің, сана-сезімінің өсуіне әсер етті. Сондықтан, Саттар еңбектерін оқып, саралап, өткен мен бүгінді байланыстыру – біздің парызымыз және заманымызға сай ұрпақ тәрбиелеуге пайдасы зор міндет.

Бағила АБЗЕЙТОВА,

С.Ерубаев атындағы музейдің қызметкері.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы