ҚАҢТАР ОҚИҒАСЫ: ШЫНДЫҚ ПЕН ШЫРҒАЛАҢ

687 көрілім

Қайғылы Қаңтар оқиғасына бір жыл.  Елдің бірлігін бұзып, билікті күшпен басып алуға бағытталған арандатушылық әрекеттердің соңы халқымызды ауыр сынаққа соқтырды. Көпшіліктің көңіліне күдік ұялатқан оқиғаға қатысты нақты жауап алу үшін 2023 жылғы  Мәжілістің алғашқы жалпы отырысында ҚР Бас прокуроры Берік Асылов депутаттардың сауалына ауызша жауап берді. Отырыста Бас прокурор Қаңтар оқиғасындағы төтенше жағдай режимі мен лаңкестікке қарсы операция кезінде барлығы 238 азамат қаза тапқанын айтты. Оның ішінде 41 адам бұрын сотталған.

«Жаппай тәртіпсіздік барысында қаза тапқандарға ерекше назар аудару керек. Мысалы, объектілерді қорғау және лаңкестікке қарсы операция барысында 238 азамат қаза тапты, олардың 41 бұрын сотталған. Бас прокуратура тергеу барысында барлық ақпаратты қайта тексеріп, 67 азаматтың жаппай тәртіпсіздіктерге қатысқанын, 142 адам терроризмге қарсы операция кезінде ерекше режимді бұзғанын, 4 адам басқа құқық бұзушылықтар барысында қаза тапқанын анықтады. Қаза болғандар туралы сандық деректер сенімді, тергеу аясында қайта тексерілді»,- деді Бас прокурор.

Елімізде орын алған қанды оқиғада қаза болғандардың ең көп саны – Алматыда (151 адам) тіркелген. Құрбан болғандар саны Қызылорда (26), Шымкент (20) және Тараз (17) қалаларында да көп. Қаңтар оқиғасынан кейін азаптау бойынша 329 қылмыстық іс қозғалған. Қазірге дейін 24-і сотқа жіберілді. 329 істің 34-ін арнайы прокурорлар жүргізіп жатыр. Ол істер бойынша полиция және ҰҚК қызметкерлері күдікке ілінген.

 «Қазір 315 адамға қатысты 127 қылмыстық іс тергеліп жатыр. Олар бойынша жедел-тергеу іс-шаралары жалғасуда. Тергеу нәтижесін міндетті түрде қоғамның назарына жеткізетін боламыз», – деді Б. Асылов.

ШАБУЫЛДАУШЫЛАРҒА

ОҚ АТУ ПРЕЗИДЕНТ БҰЙРЫҒЫНАН БҰРЫН БАСТАЛДЫ – БАС ПРОКУРОР

ҚР Бас прокуроры Берік Асылов Мәжілісте қаңтар оқиғасында шабуылдаушыларға қандай жағдайда оқ атылғанын түсіндірді. 7 қаңтарда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев терроршыларды ескертусіз атып өлтіруге бұйрық берді.

«Құрметті депутаттар! Шабуылдаушыларға оқ ату Президенттің мәлімдемесінен бұрын басталды. Бұл заң нормалары арқылы реттелген. Осы тұста күштік құрылым қызметкерлері атыс қаруын бірінші рет Алматыдағы Президент Резиденциясын қорғау кезінде – 5 қаңтар күні сағат 16:00 шамасында қолданғанына ерекше назар аударғым келеді. Одан соң полиция мен әкімдіктер ғимараттарына және басқа да объектілерге шабуыл жасалғанда, яғни тәртіпсіздіктер күш көрсету сатысына өткен кезде құқық қорғау органдарының қызметкерлері қару қолданған», – деді Берік Асылов Мәжілістің бүгінгі отырысында. Кейін қалаларды қарулы содырлардан «тазалау» кезінде қару қолданылды.

«Демек, шабуылдаушыларға қарсы оқ ату Президенттің белгілі мәлімдемесінен едәуір бұрын болған. Бұл жағдай туралы барлық дискуссия қоғамдық пікірді әдейі басқа бағытқа бұруда. Іс жүзінде, қылмыскерлерге оқ ату үшін күштік құрылымдарға арнайы бұйрық қажет емес. Бұл туралы: құқық қорғау қызметі туралы; Ұлттық гвардия туралы; терроризмге қарсы іс-қимыл туралы заңдарда тікелей нормалар бар.

Олар адамдардың өмірі мен денсаулығына қатер төнген жағдайда шабуылды тойтару үшін атыс қаруын қолдануға мүмкіндік береді. Дәл сондай қатерлі жағдай 5 қаңтар күні болып, 8 қаңтарға дейін, яғни жағдай тұрақталғанға дейін жалғасты», – деді Берік Асылов.

ҚАҢТАР ОҚИҒАСЫНЫҢ АЛҒАШҚЫ КҮНДЕРІНДЕ ПОЛИЦИЯ ҚАНДАЙ АЛГОРИТММЕН ЖҰМЫС ІСТЕДІ

Қаңтар оқиғасы кезінде кәсіби арандатушылар халық атын жамылып, заңсыз талаптар қойды. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында ҚР Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов айтты. «2020 жылы «Бейбіт жиналыстар туралы» жаңа Заң күшіне енді. Митинг ұйымдастыру процесі «рұқсат беру» жүйесінен «хабарлама» қағидатына көшті. Қазір қарым-қатынас тек акция ұйымдастырушы және жергілікті атқарушы орган арасында орын алады. Митингке қатысушылар тарапынан қоғамдық тәртіпті сақтау міндеті ұйымдастырушыға жүктелген.

Осыған орай, полицияның қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету әдістері өзгерді. Қару мен арнайы құралдарды өздерімен бірге алып шықпайды. Қызметкерлер митинг өтетін аумаққа жақын жерде орналасады. Жиналғандармен тікелей қарым-қатынас жүргізбейді», – деді министр.Оның атап өтуінше, полиция митингіні тоқтату үшін тек қана азаматтардың өмірі мен денсаулығына, қоғамдық тәртіпке қауіп төну, мүлікке залал келтіру, әлеуметтік, нәсілдік, діни алауыздықты қоздыру, конституциялық құрылысты, аумақтық тұтастықты күшпен құлатуға шақыру жағдайларында ғана тартылады. «Тура осы алгоритм Қаңтар оқиғаларының алғашқы күндерінде қолданылды.

Естеріңізде болса, 1-3 қаңтар аралығында жиналған азаматтар әлеуметтік-экономикалық мәселелерді көтерді. Бұл 6 өңірде – Маңғыстау, Атырау, Ақтөбе, Талдықорған, Алматы және Астанада болды. Үкімет пен әкімдер мәселені шешу үшін барлық күш-жігерін жұмсады. 4 қаңтарда бұған 8 өңірдің тұрғындары қосылды. Олар: Шымкент, Көкшетау, Батыс Қазақстан, Павлодар, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Қарағанды, Қызылорда облыстары. Барлық жерде түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Диалог орнатылды.

Бірақ, өкінішке орай, араға кәсіби арандатушылар қосылды. Олар халық атын жамылып, заңсыз талаптар қоя бастады. Көпшілікке дұрыс емес пікір беріп, басқаруға тырысты, шындықты бұрмалады, популистік ұрандар таратылды», – деді Марат Ахметжанов.

МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ ЖАРИЯЛАҒАН РАҚЫМШЫЛЫҚ ШАРАСЫМЕН 1095 АДАМ БОСАТЫЛДЫ

Қаңтар оқиғасынан кейін рақымшылық 1 095 адамға қатысты қолданылды. Бұл туралы Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында ҚР Бас прокуроры Берік Асылов мәлім етті. «Жалпы, «қаңтар оқиғасы» бойынша соттар 1221 адамға қатысты істі қарады, соның арасында 1205 адам сотталды. Өздеріңіз білетіндей, Мемлекет басшысы өз Жолдауында рақымшылық жасау туралы атап өтті.

Осы орайда «Рақымшылық жасау туралы» заң қабылданды. Заң аясында арандатушылардың айтқанына көніп, жаппай тәртіпсіздік кезінде қылмыс жасағандар жазадан босатылды. Рақымшылық 1095 адамға қолданылды», – деді Б.Асылов. Осы орайда ол сот ауыр қылмыстар үшін сотталған 1001 адамның жаза мерзімін қысқартқанын айтты.

МӘСІМОВТІҢ ТАПСЫРМАСЫ БОЙЫНША ҰҚК ДЕПАРТАМЕНТТЕРІНІҢ ЖЕКЕ ҚҰРАМЫ ЖҰМЫС ОРЫНДАРЫН ТАСТАП КЕТКЕН

ҚР Ұлттық қауіпсіздік қызметі басшыларының әлсіздігі жеке құрамның рухын түсірді. Бұл туралы Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында ҚР Бас прокуроры Берік Асылов мәлім етті.«Аумақтық күштік органдар басшыларының билікті асыра пайдалануы туралы фактілерге жеке тоқталғым келеді. Жаппай тәртіпсіздіктер шегіне жеткен кезде Алматы қаласы, Алматы облысы мен Қызылорда облысының Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаменттерінің жеке құрамының барлығы өз ғимараттарын тастап кеткен», – деді Б.Асылов.

Тергеу мәліметі бойынша 5 қаңтарда жеке құрамның ғимараттан кетуге дайындалуы керектігі жөнінде Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары Садықұловтың нұсқауы келіп түскен. «Мәсімовтің тапсырмасы бойынша Алматы қаласы мен Қызылорда облысының Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаменттерінің жеке құрамы жұмыс орындарын тастап кеткен. Сондай-ақ басшылықтың нұсқауы бойынша Алматы және Жамбыл облыстарының Полиция департаменттері өз ғимараттарын тастап кеткен.

Турасын айтқанда, осы басшылар әлсіздік танытты. Бұл өз кезегінде жеке құрамның рухын түсірді. Соның салдарынан тәртіпсіздіктің жолын кесу бойынша шаралар уақытылы қабылданбаған», – деді Бас прокурор.Осы орайда ол Алматы мен Талдықорған 2 күн бойы қарулы содырлардың билігінде болғанын айтты. Олар қару-жарақтың үлкен арсеналы – 3 мыңға жуық автомат, пистолет, снайперлік винтовка және он мыңдай оқ-дәріні тонап кетті.

Яғни, осы басшылардың кесірінен ең қауіпті атыс қарулары бүлікшілердің қолына түсті. Әлі күнге дейін 2 мыңға жуық қарудың қайда екені белгісіз. Арнайы прокурорлар билікті асыра пайдаланудың осы фактілері бойынша тергеуді аяқтады. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің 3 аумақтық департаментінің экс-басшылары, Алматы облысы Полиция департаментінің бұрынғы бастығы және басқа адамдарға қатысты қылмыстық істер сотқа жолданды. Қазір сот талқылауы болып жатыр. Олардың кінәсінің дәрежесі мен жаза түрін сот анықтайды», – деді Б. Асылов.Оның сөзіне қарағанда, Жамбыл облысы Полиция департаментінің экс-бастығына қатысты қылмыстық қудалау тоқтатылды.

ҚАҢТАР ОҚИҒАСЫНДА ҰРЛАНҒАН 1900-ДЕН АСТАМ ҚАРУ ӘЛІ ТАБЫЛҒАН ЖОҚ

Ішкі істер министрлігінің Тергеу департаментінің бастығы Санжар Әділов Парламент Мәжілісінде қаңтардағы тәртіпсіздіктер кезінде ұрланған қару жайлы айтып берді.

Оның мәліметінше, қазіргі уақытта 4 мыңнан астам ұрланған қару табылды.

«Олардың басым бөлігі жедел-профилактикалық іс-шаралар барысында табылған. 500-ден астам схрон табылды. Ұрланған қарудың басым бөлігі Тараз және Талдықорған қалаларында болған. Бүгінгі таңда 1900-ден астам қызметтік және азаматтық қару әлі де табылған жоқ. Полиция қызметкерлері қаруды табу және тәркілеу бойынша белсенді шаралар қабылдап жатыр», деп нақтылады Санжар Әділов.

Оның айтуынша, бүгін депутаттар мен журналистердің назарына заттай дәлелдемелер мен оқ-дәрілердің үлгілері ұсынылды.

«Барлық даналар шынайы, бутафория жоқ. Бұл жерден автоматтарды, тапаншаларды және тіпті граната атқыштарды да көруге болады. Айта кетсек, көрмеде қарудың аз ғана бөлігі ұсынылған», – деп қосты С.Әділов.

ҚАҢТАР ОҚИFАСЫ: БҰРЫНFЫ ҚОРFАНЫС МИНИСТРІ МҰРАТ БЕКТАНОВ ЗАҢСЫЗ БҰЙРЫҚ БЕРГЕН

Әскери сотта Қорғаныс экс-министрі Бектановтың ісі бойынша тыңдау жүріп жатыр. Бұл туралы Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында ҚР Бас прокуроры Берік Асылов мәлім етті.«Одан бөлек, әскери сотта Қорғаныс экс-министрі Бектановтың ісі бойынша тыңдау жалғасуда. Тергеуге сәйкес, ол төтенше жағдай кезеңінде заңсыз бұйрық берген және стратегиялық нысандарды әскерилердің күзетінсіз қалдырған. Бұрынғы Қорғаныс министрі елімізде конституциялық тәртіп орнату жөнінде шаралар қабылдамаған», – деді Б. Асылов.

Сондай-ақ, ол сот Мұрат Бектановтың іс-әрекеттеріне түпкілікті баға беретінін және оның жазасын анықтайтынын атап өтті.«Тәртіпсіздікке қатысқандар, әсіресе, Алматыда саны жағынан басым болған. Олар қоршауды бұзған, полиция мен Ұлттық ұлан күштерін басып, халыққа зорлық-зомбылық жасаған. Соның салдарынан қылмыскерлер қолынан адамдар қаза болған, қалалар тоналған және өртелген.

Сондықтан Бектанов ұрыс жағдайында жасалған билікті асыра пайдалану бойынша айыпталып отыр (ҚК-нің 451-бабының 3-бөлігі). Сот оның іс-әрекеттеріне түпкілікті баға береді және оның жазасын анықтайды», – деді Бас прокурор. Былтыр, 21 ақпанда бұрынғы Қорғаныс министрі Мұрат Бектанов ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған еді. 2022 жылғы 19 ақпанда Бас прокуратура бұрынғы Қорғаныс министрі Мұрат Кәрібайұлы Бектановқа қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 452-бабы әрекетсіздік фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады.

«ҚАҢТАР ОҚИҒАСЫ:

ДЕРЕК ПЕН ДӘЙЕК»

Бас прокуратура «Қаңтар оқиғасы: Дерек пен дәйек» деректі фильмінде тергеу нәтижесінде анықталған тың мәліметтерді жариялады. Бас прокуратура сол оқиғаларды, олардың салдарын еске салу үшін Қаңтар оқиғасы туралы бейнероликте қасіретті қаңтарда еліміз бойынша 5149 адам жараланып, 238 адам мерт болғанын баяндаған.

Олардың 19-ы – күштік құрылымдардың қызметкерлері. Оның ішінде қаңтарда ел бойынша қанша автокөлік бүлінгені туралы деректер бар. Айта кетейік, қаңтар қасіретінде еліміз бойынша 400-ден аса автокөлік бүлініп, жойылған. Оның 346-сы ішкі істер органдарына тиесілі.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы