Рамазан Сәрпеков, ҚР Заңнама және құқықтық ақпарат институтының директоры: «Заң қуаты – ел мұраты»

373 көрілім

– Рамазан Құмарбекұлы, еңбек жолыңызға қарасақ, заң жобаларын әзірлеу, қабылдау және орындау сатыларының бел ортасында жүрген екенсіз. Сондықтан қолданыстағы заңнаманың саласына көңілі толмайтындар мен заңнаманы жақсартуға деген сын-­ескертпелердің көбейіп бара жатқан себебі сізге белгілі болар. Расында, неге мұндай жағдай қалыптасып отыр? Әлде бұл жағдай өкілетті органдардың назарына жетпей жатыр ма?
– Біз қазір басымызға түскен қандай да бір істі не мұқтаждықты шешу жолында негізінен заңға жүгініп, заңның көмегімен шешуге бет бұрған кезеңде өмір сүріп жатырмыз. Өркениетті елдердің тәжірибесіне қарасақ, бұндай жағдайда ешқандай басшының қас-қабағына қарамай, оның табалдырығын, өзінің жүйкесін тоздырмай-ақ, проблемасын еліндегі ұлттық заңнамасына сүйеніп, құқық қорғау органдары мен сотқа жүгіну арқылы шешуді қолжетімді етіп отыр. Сондықтан, халықтың ұлттық заңнаманың өмірімізді, құқықтарымыз бен бостандығымызды қорғауда қабілетті болуын талап етуі өте орынды деп есептеймін. Отандық заңнаманың сапасын жақсартуға бағытталған талаптың күшеюін ел-жұрттың құқықтық мәдениеті жетіліп, заңға деген сұраныстың артып келе жатқанының белгісі деп қабылдағанымыз жөн. «Сын түзелмей, мін түзелмейді», – дегендей, орынды айтылған ұсыныстарды назарға алу пайдалы болары сөзсіз. Ұлттық заңнаманы күрделі өтпелі кезеңнің сұранысына жауап бере алатын әрі ел мүддесін қорғауға құдіретті етіп қабылдауға Парламенттің де мүмкіндігі жеткілікті. Сондықтан заңнаманы жетілдіру мәселесі өкілетті органдардың назарында тұр деп сенімді түрде айтуға болады.
– Заңдар жиі өзгерістерге ұшырап жатады? Тіпті, заң қабылдана салысымен толықтырулар мен өзгерістер енгізіліп жататын сәттер орын алуда. Неліктен?
– Әрине, пісіп-жетілмеген заңды қабылдап, жиі өзгерістерге ұшыратуды ешкім қолдамайды. Күнделікті өмірде мыңдаған дау-дамайлар құқық қорғау жүйесінде не сотта қаралып, оның басым көпшілігі нәтижелі аяқталып, бірнешеуі күткен жетістігін бермесе, кемшілікті заңнан немесе осы мәселені қараған мемлекеттік органнан, не оның лауазымды адамынан іздейді. Заңнама дегеніміз қатып қалған дүние емес, оның өмірімізде пайда болған немесе пайда болатын ма­ңызды қоғамдық қатынастарды реттеуге бағытталып, өзгертіліп немесе толықтырылып отыруы заңды құбылыс деп қабылдағанымыз дұрыс. Әрине, жыл сайынғы қабылданып жатқан заңдардың немесе заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілердің санына емес, сапасына ерекше назар бөлетін уақыт жетті.
Заңның қуаты – елдің мұраты болуы керек. Сонда ғана тұрақты, пәрменді, сапалы заңнаманы қалыптастыруға қол жеткізуге болады. Еліміздегі әлеуметтік-экономикалық жағдайды жақсарту мен құқықтық көмек пен әділ сот төрелігіне қолжетімділікті қамтамасыз ету жолында ұлттық заңнаманы тұрақты негізде жандандырып отыру мәселесі Мемлекет басшысының да назарынан түскен емес. Бұл бағыттағы кешенді жұмыстар көлемі 2021 жылғы 15 қазандағы ҚР Президенті Жарлығымен бекітілген «ҚР құқықтық саясатының 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасында» қамтылған. Оның сыртында ел-жұрттың сұранысын шешуде заңды негізгі құрал ретінде танып, нормашығармашылықты жақсарту қажеттігіне Президент жыл сайынғы жолдауында ерекше мән беріп, айтып келеді. Сонымен қатар, салалық заңнаманы жүйелі түрде жетілдіріп отыру мемлекеттік орган басшыларының бірден-бір жауапты міндетіне кіреді.
– Сіз басқарып отырған Заңнама және құқықтық ақпарат институты да нормашығармашылыққа қатысы бар ғылыми мекеме екенін білеміз.
– Біздің институт нормашығармашылық қызметтің тиімділігін арттыру, Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз етуде құқықтық ғылымның рөлін күшейту, сондай-ақ, елдегі нормативтік құқықтық актілердің бірыңғай мемлекеттік есепке алуын қадағалау мақсатында, 1993 жылы құрылған «Республикалық құқықтық ақпарат орталығы» мен сол жылы құрылған «ҚР Заңнама институтын» біріктіру жолымен ел Үкіметінің 2019 жылғы 28 наурыздағы қаулысына сәйкес Әділет министрлігінің «Заңнама және құқықтық ақпарат институты» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорын болып қайта құрылды. Институттың жұмыс бағыттары көп. Алайда, институттың заң жобаларының тұжырымдамаларын және заңнамалық актілер жобаларын, сондай-ақ, елдің заңнамасын дамытудың ғылыми тұжырымдамаларын әзірлеуге қатысу; заңнама тиімділігіне талдау жүргізу; заңнамалық актілер мен халықаралық шарттардың жобаларына ғылыми құқықтық және ғылыми лингвистикалық сараптамаларды қамтамасыз ету; мемлекет қызметін құқықтық қамтамасыз ету саласында іргелі және қолданбалы ғылыми зерттеулер жүргізу; ҚР құқықтық актілерінің мемлекеттік тізімі мен эталондық бақылау банкін; мемлекеттік органдардың талдамалық және әлеуметтік зерттеулерінің бірыңғай дерекқорын жүргізу; заңнамалық актілерді ағылшын тіліне аудару және оларға қол жеткізуді қамтамасыз етудегі қызметін негізгі бағыттары ретінде атап өткенім жөн болар.
Институт отыз жылға жуық ғылыми мекеме санатында мол тәжірибе жинап, ақпараттық-құқықтық қызметтер нарығында абыроймен жұмыс атқарып келеді.
– Өзіңіз атап өткендей, институт өткен жылдан бастап Парламент депутаттары мен Үкімет бас­тамашылық еткен заң жобаларына ғылыми құқықтық сараптама өткізуді ұйымдастыратын уәкілетті ұйым санатында қызмет етуде. Бұл өзгеріс қандай мақсаттан туындап отыр? Тиімді жақтарын атап өтсеңіз?
– 2021 жылдың 12 наурызында қабылданған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне нормашығармашылықты жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңына сәйкес, ғылыми-құқықтық сараптама өткізудің жаңа моделі енгізіліп, бұл жауапты жұмыстарды ұйымдастыру мен жүргізу біздің институтқа жүктелді. Соған байланысты, өткен жылдың шілде айынан іске кірістік. Ең ауқымды жұмыс құқық салалары бойынша ғылыми сарапшылардың Тізілімін қалыптастыру болды. Тізілімді қалыптастыру жөніндегі арнайы құрылған комиссияның отырыстарында ғалымдардан түскен құжаттар қаралып, 130-ға жуық сарапшы Тізілімге енгізіліп, олармен келісімшарт жасалды. Олардың басым көпшілігі отандық және оннан астамы шетелдік сарапшылар. Ерекше айта кететін жағдай, ұлттық сарапшылардың қатарында Ресей, Германия, Швейцария, Беларусь, Украина, Қырғызстан және тағы басқа елдерде қызмет атқарып жүрген тәжірибелі заңгер отандастарымыз да бар.
Жаңалықты енгізудегі негізгі мақсат – заң жобаларына жүргізілетін ғылыми сараптама қорытындысының сапасын жақсарту. Бұл жолдың тиімділігін ғылыми қауым да қолдап отыр. Себебі, бұған дейінгі тәртіп бойынша бір жылға ғана жарияланатын конкурсты ұтып алған ғылыми ұйым тек өзінің ғалымдары мен мамандарын қатыстыру арқылы өткізу мәселесі, елдегі басқа ғалымдар мен тә­жірибелі мамандардың орынды наразы­лығын туғызды. Ал сараптама қорытындысының сапасыздығы туралы Парламент қабырғасында мәселе көтеріліп жүргенін өз тәжірибемнен білемін. Қазіргі тәртіп бойынша сараптама жүргізуге Қазақстанның түкпір-түкпірінен және шет елдерден белгілі ғалымдар мен білікті мамандар тартылуда. Сонымен қатар, ғылыми сарапшының өзі берген қорытынды дербес жауапты және оны түсіндіру үшін заң жобасын Парламентте талқылауға қатысу міндеті заңда қаралған. Осындай талаптарды қатаң сақтай отырып, бүгінгі күнге жаңа модель шеңберінде 50-ге жуық заң жобасына және 25-ке жуық халықаралық шарт жобасына ғылыми-құқықтық сараптама жүргізілді. Тағы бір айта кететін жайт, сарапшыларды таңдау автоматтандыру тәртібімен жүргізіледі. Сарапшыға тиісті құжаттар пакетімен бірге, заң немесе халықаралық шарт жобасы жіберіледі. Сарапшы олармен танысып, электронды поштамен келісетіні немесе бас тартатыны туралы жауап береді. Институт пен сарапшылардың арасындағы жұмыс тек қана қашықтан өткізіледі. Біз сарапшылармен жүзбе-жүз жұмыс жасамаймыз.
– Жақсы. Ал іс жүзінде заң жобасын әзірлеген мемлекеттік органдардың ғылыми сарапшыға ықпал жасап, өз мүдделеріне сәйкестендіріп қорытынды жаздырып алуы мүмкін бе? Немесе сарапшының өзі заң жобасын әзірлеуші органның қызметкері болса ше?
– Сұрағыңыз өте орынды. Сондықтан жан-жақты жауап беруге тырысайын. Әрине, мұндай заңсыздықтарға жол берілмеуі керек. Ал оны іске асырудың бірнеше жолы бар. Біріншіден, заң жобасын әзірлеуші мемлекеттік орган не Парламент депутаты заң жобасының тұжырымдамасын да, заң жобасының өзін де белгілі бір өзекті проблеманы шешуге арнап дайындайды. Олар ғылыми-құқықтық сараптаманың сапалы болуы қабылданатын заңның құқықтық қабілетіне тікелей байланысты және пайдалы болуына мүдделі. Екіншіден, сіз атаған келеңсіздіктерге жол бермеу мақсатында қолданыстағы «Құқықтық актілер туралы» заңымызға өте маңызды толықтырулар енгізілді. Атап айтқанда, сарапшы ғылыми сараптама жүргізуіне күмән келтіретін мән-жайлар болған кезде институтқа екі жұмыс күнінен кешіктірмей хабар беріп, сараптамадан бас тартуға міндетті. Бұның сыртында, егер ғылыми сарапшы өз өндірісіне алған заң жобасы тұжырымдамасының жобасын және заң жобасын келісу процесіне бұрын қатысса немесе әзірлеуші органның қыз­меткері болып табылса және сараптама жүргізу нысанасы сарапшының ғылыми білімінің шегінен тыс болса, не өзіне ұсынылған материалдар қорытынды беру үшін жеткіліксіз болса, не өзінің ғылыми құқықтық сараптаманың объективті және тәуелсіз сараптама қорытындысын беруін болғызбайтын өзге де мән-жайлар болса, ғылыми-құқықтық сараптама жүргізуге қатыса алмайды.
Осы аталғандармен қатар сарапшы белгілі бір заң жобасын өз өндірісіне алғаннан соң, сараптама процесіне тартылмаған өзге тұлғалармен сараптама жүргізуге байланысты мәселелер бойынша келіссөздер жүргізуіне заң жүзінде тыйым салынған. Сол сияқты сараптамаға қатысты материалдарды және өзіне белгілі болған өзге де мәліметтерді жария етуге, сараптамада қаралып жатқан нормативтік құқықтық акт жобасының атауы мен мазмұнын, сондай-ақ, ресми жарияланған кезіне дейін сараптама қорытындысының мазмұнын жария етуге рұқсат етілмейді. Сарапшы бұлардан да басқа заңда көрсетілген талаптарды сақтауға міндетті. Жүктеген жауапкершілікті ескере отырып, тізілімге енгізілген әрбір сарапшымен жасалатын келісімшартта олардың міндеттері мен құқықтары толық қамтылған. Аталған іс-шаралар жауапкершілікпен атқарылса, заңсыздықтарға жол берілмейді деп есептеймін.
– Ал бұл талаптар бұзылған жағдайда қандай шара қолданылуы мүмкін?
– Жоғарыда аталған заңның 33-5-бабына сәйкес, ғылыми-құқықтық сарапшының тыйым салынған жағдайлардағы міндеттемелерді орындамауы не бірнеше рет (үш және одан да көп ретте) ғылыми сараптама жүргізуде өз міндеттерін орындауда жауапсыздық танытып, сапасыз қорытынды әзірлесе немесе сараптама жүргізу мерзімін өрескел бұзса, яғни тиісінше орындамаса сарапшымен жасалған шарт бұзылады. Ондай маман қайтып ғылыми сарапшылар тізіліміне енгізілмейді.
– Осы уақыт аралығында ғылыми сарапшыларға ықпал етуге әрекет жасаған фактілер болды ма?
– Жоқ, болмады. Бірақ сарапшылардың тізімін алуға ниет білдірген бір-екі жағдай болды. Заңның талабы бойынша ғылыми сарапшылар туралы дербес мәліметтерді жариялауға немесе өтініштер бойынша жіберуге болмайды. Біз олардың дербес­тігі мен тәуелсіздігін қорғап, орындаған жұмысы үшін сыйақысын дер кезінде қамтамасыз етуге міндеттіміз.
– Бүгінгі күнде, құқықтық актілердің жүйелендірілген және толыққанды деректер қорын пайдалануда ең үздік әрі кең сұранысқа ие болып жүрген «Әділет» ақпараттық-құқықтық жү­йесі тікелей сіздердің институтта жасалғанын, институттың төл өнімі екенін көпшілік біле бермейді. Осы бағыттағы жұмыстың жай-күйі мен болашағы туралы айта кетсеңіз?
– Әңгіменің басында атап өткенімдей, институт «Құқықтық актілер туралы» заңның негізінде мемлекеттегі барлық нормативтік құқықтық актілердің тізілімі мен эталондық бақылау банкін жүргізетін бірден-бір өкілетті мекеме. Түсініктірек болуы үшін айта кетейін, нормативтік құқықтық актілердің Мемлекеттік тізілімі дегеніміз – елдегі нормативтік құқықтық актілердің деректемелерін және осы актілер туралы ақпараттық-анықтамалық сипаттағы басқа да мәліметтерді қамтитын мемлекеттік есеп алудың бірыңғай жүйесі. Ал нормативтік құқықтық актілердің эталондық бақылау банкі дегеніміз – елдегі нормативтік құқықтық актілерінің Мемлекеттік тізіліміне олар туралы мәліметтер енгізілген, қағаз жеткізгіштегі актілер жиынтығы және электрондық құжат нысанындағы актілердің электрондық түрде ресми жариялау көзі болып табылады.
Мемлекеттік тізілімде барлығы 147 мыңнан астам жазба деректемелер орналастырылған. Тек өткен 2021 жылы тізілімге 11601 акт, оның ішінде жергілікті өкілетті және атқарушы органдардың 8931 нормативтік құқықтық актісі енгізілді. Міне, осындай толыққанды деректерді көпшілікке қолжетімді ету мақсатында «Әділет» жүйесі 2012 жылы құрылды. Бұл жүйеде елдегі нормативтік құқықтық актілердің 1991 жылдан бастап қазіргі күнге дейінгі мемлекеттік және орыс тіліндегі жиынтығы орналастырылған. Сұраныс өте жоғары. Атап айтқанда, 2021 жылдың қорытындысы бойынша 10,8 млн пайдаланушы 31,39 млн рет жүйеге кірген, бұл деректер 2020 жылға қарағанда 30% -ға ұлғайған. Қазақстаннан басқа оншақты шет елден әртүрлі сұрақтарға жауап іздестіріп, құқықтық актілерге жүгінетіндер саны жылдан жылға артуда. Әрине, алдағы уақытта қолданушыларға бұдан да тиімді қызмет көрсету үшін технологиялық жаңалықтарды пайдалана отырып, жұмысымызды жақсартуды көздеп отырмыз.
 Заң жобаларының түп нұсқасының қазақ тілінде жазылмауы жиі сыналады. Осы мәселенің шешімін табатын уақыт жеткен сияқты.
– Ұлттық заңнаманың түпнұсқасын мемлекеттік тілде жазу мәселесінің көптен бері айтылғанымен, нақты іске аспай отырғаны жасырын емес. Парламент Сенатының депутаттары бұл мәселені жиі көтеріп жүр. Заң саласының тәжірибелі маманы ретінде мұның екі-үш негізгі аспектісіне ғана назар аударғым келеді.
Біріншіден, заң жобаларын мемлекеттік тілде әзірлеу күрделі әрі кешенді мәселе. Екіншісі – бұл жұмысты ұйымдастыру мәселесімен байланысты. Заң жобасын әзірлеудің құқықтық негізі баршылық. Оған қоса оларды әзірлеушілерде нақтылық, мұқияттылық және ерекше жауапкершілік сияқты қасиет болуы тиіс. Осы талаптарға сай болу түрлі ұйымдастыру шараларын қажет етеді. Біздің институтымыз құқықтық-лингвистикалық сараптама өткізумен қатар, заңнаманы мемлекеттік тілде әзірлеу бағытында бірқатар жұмыс атқарып келеді. Мысалы, Әділет министрінің қатысуымен Сенат депутаттары, тіл саласының белгілі ғалымдары мен мамандарын біріктіріп, заң жобаларының мемлекеттік тілде әзірленуіне арналған кеңейтілген дөңгелек үстел өткіздік. Онда қолданыстағы заңнамада орын алған кемшіліктер, мемлекет пен қоғам алдындағы бірқатар мәселелер талқыланып, нәтижесінде арнайы жинақ шығарылды. Институтта бірнеше жыл қатарынан заңнама лексикасын, салалық терминдер сөздігін қалыптастыру бо­йынша іргелі және қолданбалы зерттеу жұмыстары жүргізіліп келеді. Олардың нәтижесі ретінде түрлі сөздіктер қалыптастырылып, мемлекеттік органдарға таратылды.
Заң жобасын мемлекеттік тілде әзір­леудің ерекшелігі оның мүдделі мемлекеттік органдармен келісу, оған сараптаманың бірнеше түрін жүргізу, жария талқылау кезеңдерінен де көрінеді. Заң мемлекеттік тілде жазылатын болса, барлық келісу кезеңдері осы тілдегі нұсқасы бойынша өтеді. Осы жерде оны кім, қалай жүргізбек деген сұрақ туындайды, өйткені, онымен келісетін, сараптама жүргізетін мамандардың барлығы дерлік мемлекеттік тілді бірдей деңгейде біле бермейтіні белгілі. Сонымен қатар, заңда техника, экономика, медицина, авиация және тағы басқа салалардағы қоғамдық қатынастар реттелетіні белгілі. Сондықтан салалық терминдер мен тіркестердің мемлекеттік тілдегі дәлме-дәл мағынасын ашып жазу, оны түсіндіре білу де кез келген заң және қазақ тілі маманының қолынан келе бермейді. Осылайша заң жобасын мемлекеттік тілде жазу үлкен ұйымдастыруды керек етеді.
Аталған мәселенің үшінші аспектісі – заң шығару процесіне қатысатын мамандарға қатысты. Заң жобасын мемлекеттік тілде әзірлеу филологтардың ғана деңгейінде шешілетін мәселе емес. Заң жобасын мемлекеттік тілде жазу үшін қазақ тілін жетік меңгерген, онда реттелетін қоғамдық қатынастардың қыр-сырын жақсы түсінетін, әртүрлі салаларда қолданылатын терминдер мен тіркестердің мән-мағынасын барынша түсіндіріп, қазақ тілінің грамматикалық ережелеріне сәйкес жаза алатын, құқықтық нормалардың мағыналық сипатын аша білетін, сондай-ақ, жалпы заң саласы мен оның өз салаларының ерекшелігін де жақсы игерген білікті заңгер болуы қажет. Мәселенің кешенділігі мемлекеттік аппараттағы мамандардың тұрақтылығынан да көрінеді.
Бәрімізге мәлім, мемлекеттік қызметшілердің көбі сауатты жастар. Қазақ тілінде оқығандар да баршылық, бірақ дені орыс тілінде білім алғандар. Олар мемлекет тарапынан қойылатын тілдік талаптарға толық жауап бере алады деу қиын. Сондықтан оларды іріктеп, оқытып, дағдыларын қалыптастыру, әсіресе, заң жобаларын әзірлеуге қатыса алатын, яғни заң лексикасын толық меңгерген маманды қалыптастыру көпжылдық жұмысты қажет етеді. Өз кезегінде, жас мамандардың заман талабына сай әлеуметтік, қаржылық және басқа да сұраныстары мен құндылықтарын ескеруді де естен шығармағанымыз дұрыс.
Қоғам мен мемлекетте осы аталған талаптарға сәйкес келетін ұйымдасқан орта мен мамандар болған жағдайда заң жобасын мемлекеттік тілде әзірлеуге толық мүмкіндік туады. Әзірге бұл – үлкен мәселе. Қалай болғанда да қазіргі уақытта мемлекеттің бұл мәселені шешуге әлеуеті жеткілікті. Сондай-ақ, қазақ тілінде заң жобасын әзірлеу мемлекетпен қатар әрбір азаматтың, бүкіл қоғамның қатысуын қажет ететін іс деп түсінген абзал.
– Мазмұнды әңгімеңізге рақмет!

Айша Құрманғали, «Заң газеті»

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы