АРДАГЕР ҰСТАЗ, АРДАГЕР ЖУРНАЛИСТ

391 көрілім

Бүгiнгi әңгiме әріптес әпкеміз, Ынтымақ ауылының тумасы Ұлдаш Санаубекқызы туралы өрбiмек.

Ұлдаш Санаубекқызы Жәнiбекова Түркiстан қаласындағы Ы.Алтынсарин атындағы педагогикалық училищенi 1977 жылы бастауыш сынып мұғалiмi мамандығы бойынша бiтiрген. Алғашқы еңбек жолын қаламыздағы Ж.Жабаев атындағы жалпы орта мектебiнде мұғалiм қызметiнен бастаған. Ұстаздық ете жүрiп, Шымкент педагогика институтына сырттай оқуға түсiп, 1985 жылы филология факультетiнiң қазақ мектептерiндегi орыс тiлi мен әдебиетi пәнiнiң мұғалiмi мамандығы бойынша бiтiрген.

Жастайынан журналистика саласына құмартып өскен Ұлдаш жергiлiктi «Түркiстан» («Коммунистiк еңбек») газетiне мақалалар жазып тұрған. Мақала жазуға әуесқойлығының арқасында 1994-1998 жылдары «Түркiстан» газетiнде қызмет атқарған. Ал, 1999-2011 жылдар аралығында Ататүрiк атындағы мектеп-гимназияның бастауыш сынып мұғалiмi қызметiн атқарса, 2011 жылдан бастап М.Мұса атындағы жалпы орта мектебiнде орыс тiлi мен әдебиетi пәнiнiң мұғалiмi қызметiн атқарды. «Ы.Алтынсарин атындағы төсбелгi» белгiсiн иеленiп, ұстаздық еңбегiнiң жемiсiн көрген ұлағатты ұстаз 2015 жылы құрметтi зейнеткерлiк еңбек демалысына шықты.

Өмірінің 35 жылын білім саласына арнап, балаларға сапалы білім мен өнегелі тәрбие берген ардагер ұстаз ҚР «Білім беру ісінің үздігі», «Оңтүстік Қазақстан облысының Үздік мұғалімі» төс белгілерімен марапатталды.

Ардагер ұстаздың бiлiм саласында атқарған еңбектерi бiр әңгiмеге арқау боларлықтай. Әрiптес әпкемiздi көрген сайын шүйiркелесiп, әңгiмелесемiз. Жақында редакцияға келген Ұлдаш әпкеден «Түркiстан» газетiнде атқарған еңбек жолдары туралы сыр-сұхбат алған болатынбыз.

– Ұлдаш әпке, мұғалiм қызметiнен тiлшi қызметiне қалай ауысқаныңыз жайлы айтып берсеңiз?

– «Түркiстан» газетiнiң сол кездегi редакторы, марқұм Сырым Дағмырза ағайдың шақыртуымен келдiм газет редакциясына. «Штаттан тыс тiлшi» ретiнде жазып жүретiнмiн. Тәуелсiздiкке қол жеткiзген алғашқы жылдарда мұғалiмдер алты айлап айлық ала алмай жүрген жылдар болатын. Содан, газет тiлшiсi болып шыға келдiм. «Түркiстан» газетi редакторының орынбасары Асан Оспан, жауапты хатшы Оразхан Жұманов, бөлiм меңгерушiлерi Нұралы Дүйсекей мен Сәрсенбай Дағмырза болатын. Өзбек бөлiмiнiң меңгерушiсi Өктам Анарбаева едi. Мамыр Нәбиев әскер қатарынан жаңадан келiсiмен, ал, Райым Әлiбаев орта мектептi бiтiрiсiмен газетте жұмыс iстеп жатқан жап-жас жiгiттер болатын. Екеуi бiрге жүретiн. Мен келгеннен кейiн көп жылдар бойы еңбек еткен хатшы-машинистка Гауһар апай зейнеткерлiкке шықты. 1994-1998 жылдар аралығында тiлшi, аға тiлшi, хат бөлiмiнiң меңгерушiсi, экономика, ауыл шаруашылығы, мәдениет бөлiмiнiң меңгерушiсi қызметiн атқардым.

– «Түркістан» газетінде еңбек еткен жылдардан есiңiзде қалған оқиға туралы айтып берсеңiз?

– Елiмiздiң бiртуар азаматтары қоғам қайраткерi Н.Оңдасыновтың, публицист-жазушы Саттар Ерубаевтың, заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтың мерейтойлары тойланатын тұста «Түркiстан» газетi редакциясының табалдырығын аттағаныма қуаныштымын. Әрбiр нөмiр сайын топтама, арнайы беттер әзiрлеп отыратынбыз. М.Әуезов туралы тапсырма алысыммен, қаладағы М.Әуезов атындағы (қазiргi Ататүрiк) мектепке барғанымда, заңғар жазушы атындағы мектепте орыс және өзбек тiлiнде сабақ берiлетiнiн, қазақ сыныбы мүлде жоқ екендiгiн бiлдiм. Дереу, қалалық бiлiм бөлiмiнiң меңгерушiсi Гүлсара Зияйдиноваға жолығып, осы мәселенi айтып, қазақ сыныбының ашылуына газет тарапынан қозғау салдық. Сонымен, жаңадан ашылған қазақ сыныптарына М.Мәметова мен С.Сейфуллин мектептерiнен оқушылар алынды. Сондай-ақ, сол төңiректе тұратын балалар мектепке қамтылды. Сөйтiп, М.Әуезов атындағы орта мектеп қазақ және өзбек тiлiнде оқытатын болды. Ал, орыс сыныбы бастауыш болып қалды, жоғары сынып оқушылары Н.Төреқұлов пен М.Жұмабаев атындағы мектептерге ауыстырылды. Кейiн осы мектепте 1999-2011 жылдар аралығында қазақ тiлiндегi бастауыш сынып мұғалiмi қызметiн атқардым.

– Ұлдаш әпке, өзiңiз жұмыс iстеген жылдар мен бүгiнгi таңдағы газет жұмысының айырмашылығы бар ма?

– Айырмашылығы жер мен көктей ғой. Ол кезде газет қолмен терiлетiн. Әсiресе, газетке кезекшi болғанда, баспаханадағы әрiп терушi, беттеушi қыздармен бiрге түннiң бiр уақытына дейiн жүретiнбiз. Шынында, ол кезде өте қиын болатын газет жұмысы. Ол тұста қала мен аудан бөлек, екеуiнен де хабар, жаңалықтар келiп түсуi мүмкiн. Кейде түннiң бiр уағына дейiн күтiп отыратынбыз. Хабар келiп түскен бойда бетке салып, газеттi баспаханаға теруге беремiз. Сөйтiп, жүргенде түнгi 1-2-ден асқанда үйге қайтатынбыз. Газетке кезекшi болғанымда баспаханадағы терушi немесе беттеушi қыздардың үйiне барып қонатынмын. Ал, таңертеңгi сағат 9.00-де жұмыс уақытынан кешiкпей, бәрiмiз сақадай сай жұмысқа келетiнбiз. Сонда ешқайсымыз, «түнде кеш қайттық» деп айтпайтынбыз. Жұмысқа жаңа құлшыныспен кiрiсетiнбiз. Ауыл шаруашылығы жайлы мәлiметтер апта сайын 1-бетке берiлiп отыратын, – деген әрiптес әпкемiз Ұлдаш Жәнiбекованың «Түркiстан» газетiнде жарыққа шыққан мақалалары киелi қаланың жылнамасы ретiнде тарихта жазылып қалғаны сөзсiз.

Ендеше, ҚР Журналистер одағының мүшесі Ұлдаш Жәнібекова білім және журналистика саласында адал әрі абыройлы еңбек етіп, халқының алғысына бөленген ардагер ұстаз, ардагер қаламгер.

Ләззат САРЫБАЕВА.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы