ӘЛЕУМЕТТІК КӨМЕККЕ МҰҚТАЖДЫҒЫ ЖОҚ ОТБАСЫЛАР АНЫҚТАЛҒАН

1  640 көрілім

Бүгін Түркістан қаласының әкімі Рашид Аюповтың төрағалығымен аппараттық мәжіліс өтті. Күн тәртібіндегі атаулы әлеуметтік көмектің орындалу барысы, діни бірлестіктермен атқарылып жатқан жұмыстар және мемлекеттік сатып алу конкурстарының атқарылуы бойынша сала басшылары баяндама жасап, жұмыс барысын таныстырды.


Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Нұрбибі Бурибаеваның мәлімдеуінше, 1 сәуірден бастап атаулы әлеуметтік көмек көрсету бойынша бір адамға ең төменгі күнкөріс деңгейі 50 пайыздан 70 пайызға дейін, яғни 14 849 теңгеден 20 789 теңгеге артқан. Сондай-ақ сәуір айынан 16-тамызға дейін жалпы саны 19861 өтініш қабылданған. 12821 отбасыға АӘК тағайындалып, 4153 отбасына бас тартылған. Нақтырақ айтсақ, 998 отбасы шартсыз, 11823 отбасына шартты түрінде, жалпы 12220 отбасына ақы төленді.


Айта кету керек, АӘК тағайындау кезінде бірқатар кемшіліктерге жол берілген. Осы тұста қала әкімінің өкімімен арнайы жұмысшы тобы құрылып, 188 отбасына зерделеу жүргізген. Нәтижесінде 137 отбасы расында мұқтаж болса, 51 отбасының мұқтаж еместігі анықталған. Бүгінде ол отбасыларға АӘК тоқтатылғаны туралы ескертпе беру жұмыстары жүргізілуде. Демек, қысқартылған қаржы бюджетке қайтарылады. Ал, мұқтаж емес болып табылған тұрғындар АӘК-нің негізгі тәртібін білмегенін алға тартып, ол балаларға берілген көмек деп ұққандығы белгілі болған. Алдағы уақытта оларға берілген қаражат қайтарылатын болады. Бұл тұста қала әкімі Рашид Абатұлы бөлім басшысына насихаттау жұмыстарын жандандыруды тапсырып, азаматтарға түсінікті болу үшін арнайы ақпараттық кітапшалар таратуды ұсынды.


Ал, күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша баяндама жасаған қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Бақытжан Букебаевтың айтуынша, қалада діни бірлестіктер мен филиалдардың жалпы саны – 33. Ал барлық мешіттерде 57 діни қызметкер жұмыс атқарады. Оның ішінде 2 бас имам, 29 имам, 9 наиб имам, 8 ұстаз және 9 азаншы бар. Бүгінгі таңға дейін дін саласындағы мемлекеттік саясатты түсіндіру, дәстүрлі құндылықтарды насихаттау, діни экстремизмнің алдын алуға бағытталған түрлі кездесулер, жиындар, мақалалар жарық көріп, осындай мәселелердің алдын алуға септігін тигізуде. Осы ретте, халыққа дін саласында психологиялық және құқықтық көмек көрсету бойынша «114 – қауырт желісі» қызмет ететіндігін хабарлаймыз.
Жанерке ЖАРЫЛҚАСЫН,
«Түркістан».

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы