ТҮРКІСТАНДЫҚ ШАЙЫРДЫҢ ЖАҢА ЖИНАҒЫ ЖАРЫҚ КӨРДІ

1  177 көрілім

Түркістан қаласында «Farab» кітапханасында ақын Бақытжан Дүкенбайдың «Құмсағат» жыр жинағының тұсаукесер кеші болып өтті.

Шараға ақынның ұстазы, жинақтың алғысөз авторы Батыржан Бимаханбетов, Назарбаев зияткерлік мектебінің директоры Балқан Қасымов, қалалық мәслихат депутаты Ақиқат Абдулаев, облыстық «Farab» кітапханасы директорының орынбасары Жанар Жақсылыққызы, облыстық қоғамдық даму басқармасы  «Жастар ресурстық орталығының» басшысы Ерасыл Төлебаевтар  кештің құрметті қонақтары қатарында қатысып, кітаптың тұсауын кесті. Сонымен қатар жырға ғашық шаһар оқырмандары сахна төрін толықтырды.

Айта кетейік, Бақытжан Әбенұлы Дүкенбей 1994 жылы 6 мамырда Түркістан қаласында дүниеге келген. Түркістан жоғары медицина колледжінің түлегі. Облыстық, республикалық жыр мүшәйраларының жеңімпазы. «Құмсағат» – ақынның алғашқы жинағы. Кітаптың редакторы Арқалық Әмәлиятұлы, коректоры Назерке Башар, мұқабасын жобалаған Тілек Ырысбек, көркемдеп беттеген Қойшыбек Мүбарак.

Салмағы мен сүрлеуі ерекшеленіп, мазмұны мен көркемдігі көптің көңілінен шыққан кештің рухани тағылымы терең. Былайша айтқанда,  ақынның сөнбес сәулесінің көрінісі. Ол – жүдеген жанына тынышсыз қоғамнан тыныштық іздеді. Тағдыры мен таң нұры да шуағын шашпаған ақын жаны іңір мен кешкі сам жамыраған сақи кештерге мұңын шақты. Жанының кірлегенін қаламады, жүрегінің жеңілмеуін тіледі. Солай болса деп өлеңдер жазды. Өлеңдері тағдырының көшірмесіндей ауыр, періштенің сыбырындай жеңіл, пенденің күбіріндей әлсіз, жартастың жаңғырығындай сырлы, таулардың биігіндей маңғаз, табиғат тіліндей құпия. Ол тағы да жыр жазып отыр. «Айт дедің-ау, не айтам…» деп тұншыққан қаламы қағаз бетіне өмірдің әділетсіздігі мен қоғамның кіршеңдігін жиі жазады. Ақынға бұндай өлеңдері ұнаған емес. Жыртылған парақ, өртелген өлең, көмілген шер, төгілген тер, өтеусіз еңбек… Бұл – оның тағдыр жазбасы.

Өмірден өмір іздеу оның өзіне ғана тән философиясы. Өлгендердің тірі екеніне ол сенеді. Керісінше, тірілердің тірі екеніне еш уақытта сенген емес. Сенімсіз орта мен көңілсіз кештер оны әбден шаршатқан. Кешкіқұрым өзі жалғыз молаларды кезіп жүреді. Сол молалардан, кесенелерден ақиқат іздейді, шындық іздейді. Жер бетіне симаған адамдардың топырақ құшағында тыныш жатқан үнсіздіктерін ұнатады. Өзі де бір сәт тынышталғысы келеді, бірақ, у мен шуға толы қоғам оны бір сәтке де терең тыныстатқан емес. Тірілерден шаршаған ақын молаларда өз-өзімен, әруақтармен жиі күбірлеседі, сөйлеседі. Міне, сондай ақынның өлеңдерінен оқырман назарына топтама ұсына кетуді жөн көрдік.

ӨМІР ІЗДЕУ

Өмір іздеп жүрмін мен өліктерден,

Өліп көрген қандай деп көміп көрген.

Молалармен сырласып жалғыз жаным,

Мұңға батып отырмын неліктен мен.

Уақытымның барлығын тонап арман,

Бір сыр іздеп жүрмін мен молалардан…

Мазаламас мекенді жер бетінде,

Молалардан көремін, обалардан…

Бүкірейіп бел жатыр күткен алдан,

Сөнген үміт бұл мекен, біткен арман.

Күткен адам келмейді, амал қанша,

Шығармаға аяулы нүкте болған.

Жан жараңды мұрша жоқ емдетуге,

Тар қапаста сол мазар тербетуде.

Құшақтасып жатыр ма, кім біледі,

Сыйыспаған адамдар жер бетінде.

Сонау қырлар қалмаған ел есінде,

Белгі тас та жоқ қазір төбесінде.

«Түңіліп бір көрмеген тірлігінде,

Мынау жатқан хан»,- десе,

Сенесің бе?

Сенесің бе,

Бұл жерде арман жатыр

Тарпаң жатыр тар жерде, тарлан жатыр?!

Көрген қызық келмейді, өткен өмір,

Адыра тірлік артында қалған бақыр.

Кең дүние сияды уысқа да,

Дұшпанға да орын бар, туысқа да.

Кісі бөлмес өмірде жалғыз мекен,

Сайрап жатыр бұл мазар тыныш қана…

АҚЫН

Шығады күнде мың шешім,

Тұрмайды қызы құтты ұстап.

Кемпірдің жапқан күлшесін,

Келіні жүрсе тыққыштап.

Арбакеш аңғал алданып,

Есектен алып есесін.

Бес күндікке малданып,

Беймаза күн кешесің.

Тарттырып қойған текенің,

Арыны қалған басылып.

Көксау қойдың жөтелін,

Отар қой кетті жасырып.

Ақындар деген елденмін,

Ақ таңдар бізде кеш атад(ы).

Өбектеп жүріп өлгенмін,

Келсаппен ұрып кесапат.

Адамдар айла іздейді,

Ақындар есін жияр деп.

Арманнан үміт үзбейді,

Жүргенмен күнде қиял боп.

Ақынның дерті өлеңнен,

Айығады ақын өлеңмен.

Өледі ақын өлеңнен,

Тіріледі ақын өлеңмен.

ҚҰЛПЫТАСЫМДАҒЫ ӨЛЕҢ

Жабырқап жүріп, жалау алған не теңім,

Тамұққа кірдім, жарыққа қашан жетемін?!

Жаңылып жүрген, жабылып жүрген пенделер,

Сендерде қалған кегімді алып кетемін!

Әділін айтшы, алдыңа құдай алдыр да,

Өкінбей келгем, өкінген күйі қалдырма.

Әділден айнып, арсызға қадам бастырма,

Бәрібір өлім, маңдайға жазған тағдырда.

Иіліп келіп, иттікке көнсе кім де кім,

Тіресіп өтем, тексізге бермей күн бетін.

Күрескер болып, көмусіз қалған  күнде де,

Күресіп өтем, күресу менің міндетім.

Арына қыздың қылтымақ болып қылқындым,

Иттікке содан буыршын болып бұлқындым.

Алашым үшін көнбеуге баста бекінгем,

Алысып жүріп, қамында кетем ұлтымның!

Бетіне басып, қырыннан түсіп қағанға,

Турасын айтып қадірім болмас қоғамға.

Барымды таптап, шендіге жағып жүргенше,

Арымды сақтап, өлгенім артық оданда!

Арына сенген, арманым жатыр санамда,

Намысым жаулық, аязды күнде тоңам ба?!

Басынған иттер, басыма күмбез салмайды,

Өлеңнен қойған, мәрмәрім тұрар моламда.

«ҚАРА ШАЛДАР»

Талайыңмен тап беріп таласа алман,

Жара салған буынбыз, аласарған.

Боз өкпе боп бүгінде біз қалғанбыз,

Қатарлары сиреген қара шалдан.

Қара шалдар кезінде батыр еді,

Жарты әлемге белгілі аты-жөні.

Қара шалдар қорғаған қара жердің,

Қадіріне жете алмай жатыр елі.

Қарағайдай қасқайған қара шалдар,

Қара түнде жағылған дара шамдар.

Қабатында қайғының қаларсыңдар,

Кейінгіге көз тігіп қарасаңдар.

Ардан кеміп барамын малым өсіп,

Жардан шөгіп барамын шамым өшіп.

Мың қайтара тәңірден сұрайтыным,

Қара шалдар болса екен тағы несіп.

ЕДІЛДІ АҢСАУ

Қайран Еділ!

Қайран Еділ, қайран жұрт,

Дорбама салып айран, құрт,

Саған желіп кетерме ем,

Бабамды белге байлам қып.

Отырмай бұлай күрсініп,

Ашудан дұшпан түршігіп.

Долданып кеп жағаңа,

Шешінбей кетсем бір сіңіп.

Езілмей бүгін зар егіп,

Деместен ешбір тар едік.

Жайықтан шыққан топ бәйге,

Жетсе ғой сені мәре қып!

Қашанғы жүрем тоқырап,

Еділден жалын отын ап.

Сені қашан жайлау етемін,

Құрекең жатқан топырақ!

«Еділдің бойына ен тоғай»,

Ел қондыра алмаған Махамбет.

Еділде жатқан атам деп,

Көздіні құртып келмеске,

Қайрылар қашан атан кек?!

Тірлікті түгел жат танып,

Бақиға барсам аттанып.

Еділге қонып қалың ел,

Махамбеттің алдына,

Барамын қашан мақтанып?..

Асса да мейлі кім дарға,

Үңілсін жұрт мұң зарға.

Іледен шыққан түтінді,

Еділден көрер күн бар ма?!

Дүниенің сезбей тарлығын,

Түріктің жиып барлығын.

Алтайда кеңес құрар ма ем,

Қайырып өзге жарлығын.

Ей қазақ!

Мөде де менмін,

Менмін-ау, сірә Шырақ та,

Оспан да менмін,

Сойқанды салған жырықта.

Тоқтамыста бола алам,

Өрт қойып кетем

Кәпірлер салған тұраққа!

Тұранда салып ойынды,

Бағдатта айтып ойымды,

Қағбада сойып қойымды,

Момынға жасап тойымды,

Құрама қысық, көккөзге,

Ұрымға салып сойылды,

Жайқалам деген арман бар,

Мезгілден бұрын оянып,

Шала ма үсік бойымды?!

Түрігім көріп өктем үн,

Еңіреп жүрген момынның.

Ескеріп құдай өткенін,

Шалдырмай үсік бойымды,

Ертелеу келші, көктемім!

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы