ҰЛАҒАТТЫ ҰСТАЗ

1  022 көрілім

Ергеш Төлегенұлын түркістандықтар ұлағатты ұстаз, іскер басшы, шебер ұйымдастырушы, ақылман аға, қадірменді қария ретінде қатты сыйлайды. Себебі,

Ақырын жүріп анық бас,

Еңбегің кетпес далаға,

Ұстаздық еткен жалықпас,

Үйретуден балаға, – деген Абайдың өлеңі осы кісіге арналғандай.

Ергеш Төлегенұлы 1951 жылы 20 желтоқсанда Түркістан ауданына қарасты Шорнақ ауылында дүниеге келген. Ортақ бастауыш мектебінің табалдырығын аттап, Калинин атындағы орта мектепті бітірген соң, Ташкенттегі Низами атындағы мемлекеттік педагогика институтының тарих-география факульетіне түсіп, оны 1973 жылы тәмәмдайды. Еңбек жолын Түркістан ауданына қарасты Ш.Ниязов атындағы орта мектепте өз мамандығы бойынша мұғалімдіктен бастайды. Талапты жастың ынта жігерін жастық максималистік ой бағдарын тез аңғарған басшылық алдымен директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары етіп тағайындайды. Екі жыл аудандық халыққа білім беру бөлімінде әдіскер болып қызмет атқарып, алғашқы еңбек жолын бастаған мектепке директор болып оралады. 1992-1997 жылдары Түркістан ауданы әкімінің орынбасары дәрежесіне көтеріледі. Осы жылдары өзінің білімінің әлі де жетіспейтін тұстарын аңғарған ұстаз Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің экономикалық қатынастар мамандығы бойынша білімін жетілдіреді.

1997-1998 жылдары Түркістан қалалық әкімшілігінің білім беру, мәдениет, спорт, саяхат, тіл жөніндегі басқарма бастығының бірінші орынбасары болып бастап арада көп өтпей, қала әкімі аппаратының әлеуметтік сала бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарды. Үлкеннің де, кішінің де бабын таба білетін елгезек те ізетті мінезін білгендіктен басшылық Ергеш Төлегенұлын қала әкімшілігінің еңбек және халықты әлеуметтік қорғау басқармасының бастығы етіп тағайындайды. Екінші дипломы да кәдеге асып, Түркістан қаласы әкімінің ауыл шаруашылығы жөніндегі орынбасары қызметіне көтерілді.

Ерекең өзінің қалаған мамандығы ұстаздыққа қайта оралып, 2004 жылы №20 мектепке директор болып қызметке кірісіп, онда табаны күректей он жылдан астам бала тәрбиелеп, осы қызметінен құрметті зейнеткерлікке шықты. Қызмет еткен жылдары саяси қоғамдық істерге араласуын тоқтатпай, 2007-2011 жылдары қалалық мәслихаттың депутаты болып сайланды.

Қазір алты жылдан бері құрметті еңбек демалысында. Қаланың Құрметті азаматы, Қоғамдық кеңестің мүшесі, қалалық Ардагерлер кеңесінің мүшесі ретінде қашанда облыс мәртебесін алған Түркістанды түлетуге сүбелі үлесін қосып келеді. Ергеш Төлегенұлы бүгінгі таңда отбасындағы екі ұл, екі қызынан он бес немере мен екі шөбересін Құдай қосқан қосағы Оғылай апай екеуі мәпелеп бағып күтуде.

Ергеш Төлегенұлының қырық жылдан астам ұстаздық қызметін мемлекет жоғары бағалап, «Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің құрметті қызметкері», «Қазақстан халық ағарту ісінің үздігі», «Қазақстан Республикасы еңбек ардагері», «Оңтүстік Қазақстанға сіңірген еңбегі үшін» медалдерінің иегері. Педагогикалық қызметтегі табыстары үшін ең жоғарғы атақ «Ыбырай Алтынсарин» атындағы төсбелгісімен марапатталды.

Ергеш Төлегенұлының адами қасиетін ақиық ақын Қаныбек Сарыбаев шебер сипаттаған.

Таза топырақ Саураннан,

Жұрт назарын аударған.

Өзін аулақ ұстайды,

Айтыс-тартыс даулардан.

Қазаққа да жайлысың,

Өзбекке де жайлысың.

Саған жетер қай кісің,

Бөлісесің бәрінің,

Қуанышын, қайғысын.

Алдап жеген емессің,

Әлдекімнің майлысын.

Құдайындай сенгендер,

Қайтіп сенен айнысын?!

Тырнағынан садақа,

Ру құмар байқұсың,

Ар-ұяттың заңына,

Шарияттың заңына,

Жүз процент сайлысың! – деп шабыттана жырлаған екен. Біз Ергеш Төлегенұлының мінезі мен қадыр қасиетін қасында жүрген тұрғылас ақыннан артық айта алмаспыз. Қорыта келгенде ол кезде Ергеш Төлегенұлы елуді еңсерген шақта болса, бүгінде жетпістегі ел ағасы ортасына сыйлы, қадірменді қарияға айналған. Түркістан өңіріне ұстаздығымен қатар ұстанымы да, парасат пайым еректігімен танылған Ергеш Төлегенұлын жетпіс асқан мерейтойымен құттықтап зор денсаулық, ұзақ ғұмыр тілейміз.

Ескендір ЕРТАЙ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы