«АЙБЫНДЫҚ» ЖАСТАР ЕЛІМІЗДЕ ТОП ЖАРДЫ

668 көрілім

Республикалық «Айбын» әскери-патриоттық жиыны еліміздің жас ұландары үшін мейлінше қажет және олардың рухын көтеретін бірден-бір шара. Басты міндеті жастардың әскери-патриоттық тәрбиесін жетілдіру, әскери-патриоттық клубтардың қызметін үйлестіру, жастарды ҚР Қарулы Күштеріндегі әскери қызметке даярлау болып табылады. Расында әскери қатал тәртіпті, адалдық пен достықты бойына сіңіріп өскен ұрпақ өмірлік жолында қандай да болсын қиындықтарды оңай еңсереді. Сондықтан да, «Айбын» – ұлттың қамы, бола¬шақтың баянды болуының кепілі.

Биыл жетінші рет ұйымдастырылған ең беделді әскери-патриоттық іс-шараға  еліміздің барлық республикалық әскери мектеп-интернаттары, үздік әскери-патриоттық клубтары мен ҚР Қарулы Күштері әскери бөлімдері жанындағы әскери-патриоттық клубтар қатысты. Оның ішінде Түркістан облысы бойынша «Барыс» ӘПК (Арыс), «Төлеби арландары» ӘПК (Төле би ауданы), «Теріскей тарландары» ӘПК (Созақ ауданы), ҚР Қарулы Күштерінің 44859 әскери бөлімнің жанынан құрылған «Арыс» ӘПК (Арыс) бар. Дәстүрлі жарыстың қашықтықтан өтуі жастардың кәсіби даярлықтарын танытуы мен өзін-өзі дамытуына еш кедергі келтірмеді. Бәрі де тікелей эфирде жүргізілгендіктен жарыс кезеңдерін әділ өтті деуге негіз бар. Мұнысы заңды да. Бүгін сапта тұрған жас сарбаздар – ертеңгі Отан қорғаушылар.

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев кезекті жастар жиынында: «Біз Тәуелсіз еліміздің айбынды жастарына әрқашан зор үміт артамыз, сенеміз. Жақсы дәстүрге айналған «Айбын» әскери-патриоттық жиыны – отаншыл жастарды адал қызмет етуге, ел қорғаны болуға тәрбиелейтін бірегей алаң. Жасампаздық, бейбітшілік пен келісім, халықтың бірлігі, Отанға деген сүйіспеншілік және бәрі¬мізге ортақ тағдыр жолы сынды біздің халқымызды біріктіретін құндылықтар жас¬тар¬дың басты бағдарына айналуы тиіс» – деген еді.

Ел Президентінің сенімін ақтауға республика жастары барынша тырысып бақты. Жасампаздықтың озық үлгілерін көрсетті. Әлеуметтік желілердегі арнайы парақшалар арқылы өзім де өзгелер секілді олардың әрбір қадамдары мен жеңіске деген ұмтылыстарының куәсі болдым. Жерлестеріме жанкүйерлік таныттым. Тарқатып айтсам, «Айбынға» қатысушылар он кезең бойынша сынға түсті. Жалпы, әскери-патриот¬тық жастар жиынының бағдарламасында әскери-қолданбалы бай¬қаулар, атап айтқанда, айбын дарыны, тоғызқұмалақ, смарт-сарбаз, жас сарбаз-жас тілшісі, саламатты жас сарбаз, мейрімділік біріктіреді челленджі, айбын жұлдызы, белтемірге тартылу, арқаға жатып денені көтеру, АК-74 жартылай бөлшектеу және жинақтау сияқты ержүректерге тән сайыстар енгізілген. Кілең мықтылар бақ сынаған бұл кезеңнің барлығында Түркістан облысы жастарының оң нәтижелерге қол жеткізгенін мақтанышпен айта аламыз. Жарыстың аты жарыс. Жеңісті болу әркімнің-ақ арманы. Десек те, екі айға созылған Республикалық «Айбын» әскери-патриоттық жастар жиы¬нында Арыс қаласының «Барыс» әскери патриоттық клубы 51 команданың арасында оқ бойы озық шығып бірінші орынды жеңді, сонымен қатар, «Төлеби арландары» ӘПК үшінші орынды иеленді, «Теріскей тарландары» ӘПК тоғызыншы орынға тұрақтады. Ал, ҚР Қарулы Күштерінің 44859 әскери бөлім жанынан құрылған «Арыс» ӘПК  екінші орын алды. Бұл арыстықтардың алғашқы жеңісі емес. Бұған дейінгі 18-24 қазан күндері Ресей федерациясының  Краснодар өлкесі, Анапа қаласында спорттың әпбебап жекпе-жек түрінен өткен  әлем чемпионатында Арыс қаласының тумасы, «БАРЫС» әскери-патриоттық клубының тәрбиеленушісі Аяжан Ерзатқызы өзіне қарсылас шақ келтірмей әлем чемпионы атанған еді. Елдің намысын қорғаған Аяжан әлемнің түкпір-түкпірінен кілең мықтылар қатысқан байрақты бәсекеде 52 кг салмақта өнер көрсетіп, финалда қарсыласын нокаутпен жеңді. Жанкүйерлері мен жаттықтырушысы Асхат Борықбаевтың үмітін ақтап, ел меқтанышына айналды. Мұның бәрі Түркістан облысы үшін зор мақтаныш және Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына керемет тарту деп білемін.

Ия, ұл тәрбиелей отырып, жер иесін тәрбиелейміз. Қыз тәрбиелей отырып, ұлтты тәрбиелейтініміз анық. Облыс жастарының рухани кемелденіп, физикалық тұрғыда дайындықтарын танытуы, патриоттық рухтарының мұғалмауы көңіл қуанышы.  Осы орайда,  облысқа жеңіс сыйлаған арыстық «Барыс» ӘПК-ның  жігерлі жастары мен олардың жеңіс жолындағы көрсеткіштерін айтпай кетпеске болмас. Әбдібек Қуаныш жас сарбаз-жас тілшісі сайысында өзінің интеллектуалдық қабілеті мен алғырлығын, сөз шешендігін танытса, Ұлдана Әскербек арқаға жатып денені көтеруде алға шықты. Жалпы, республикалық топтар арасында белтемірге көтерілуде барыстықтар рекорттық көрсеткішке қол жеткізді.  Өзге кезеңдерде де «Барыс» ӘПК  алғашқы үштіктен түскен жоқ.

Бұл орайда, бүкіл қазақстандықтардың көз алдында өткен жарыстың барынша тартысты да тартымды өтуінде республикалық «Айбын» әскери-патриоттық жиы¬ны ұйымдастырушыларының еңбегі ерен. Сондай-ақ, арыстық жастарға ерекше қолдау білдірген Түркістан облысы бойынша қорғаныс істері жөніндегі департамент басшысының орынбасары, майор Жандос Күлдербаевқа,  Арыс қаласы қорғаныс істері жөніндегі біріктірілген бөлім бастығы, подполковник Ерлан Билаловқа, Арыс қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөліміне, барыстық оқушыларды додаға дайындаған алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімдері Бақытжан Панзарбековке ( Б.Онтаев мектебі), Молдабай Сүйіндіковке (С.Адамбеков мектебі), Ербол Аймұрзаевқа ( Ә.Жангелдин мектебі),  алғысымызды білдіреміз. Шынында да, желкілдеп өсіп келе жатқан жастарсыз ел болаша¬ғын көз алдыңа елестету мүм¬кін емес. Сондықтан Мемлекет басшысының «Қазақстанды болашаққа бастайтын – жастар», деуі ертеңгіні адаспай болжаған есті сөз. Ал республикалық «Айбын» әскери-патриоттық жиыны ел жастары үшін берілген зор мүмкіндік. Бүгінгі жастар өте алғыр, жалынды. Олар қоғамның дамуына және жаңғыруына септігін тигізуде. Сол себеп¬ті аталмыш жарыстың алдағы уақытта да жалғасын табарына сенеміз.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы