ОН АДАМДЫ АЖАЛДАН АРАШАЛАҒАН ТҮРКІСТАНДЫҚ ҚАНДАЙ МАРАПАТҚА ДА ЛАЙЫҚ

717 көрілім

Отыз жастағы түркістандық Әлиакбар Юлдашев Оңтүстік Кореяда жұмыс жасап жүрген еді. The Korea Times ақпарат көзінің жазуынша, былтыр жатақханада 24 наурызда шыққан өрт кезінде Әлиакбар еш ойланып жатпастан қамсыз жатқан қасындағылардың бәрін өрт құшағынан аман алып шыққан.

Осыған орай, тамыздың төрті күні асқан ерлігі үшін Ян Ян уезінің Канванда провинциясының басшысы Ким Чин Ха марапатты өз офисінде тапсырып, Әлиакбар Юлдашевтің қаланың тұрақты тіркеуінде тұруына құқық берді.
Әлиакбар Оңтүстік Кореяға жұмысқа 2017 жылы келген. Содан бері тіркеусіз еңбек мигранты ретінде тұрып жатқан болатын.
Алиакбар Юлдашевті мұндай мәртебеге Кореяның денсаулық және әлеуметтік қамтамасыз ету министрлігі ұсынған болатын. Ол бұған дейін де Кореяның өрт сөндіру қызметінің алғыс хатын, «LG» компаниясының, «Гмоне транс» компаниясының алғыстарын алған болатын. Әлиакбар құрбы-құрдастары “Әли” деп еатап кеткен. Бес жылдан бері Кореяда тұратын ол кейін келген жастарға ағалық ақылын да айтып, жөн көрсетіп жүреді.
Түркістандық Мадияр Әубәкіров есімді жігіт, автоапатқа ұшырап, бір айдан кейін жан тапсырды. Оған барлық жастар жанұшыра көмектесіп қолдан келген жәрдемдерін жасады. Алайда, 22 жастағы жігіт жат жерде қалып қоймауына елшіліктегілер де көп көмек берді. Әлиакбар інісі әрі көршісі ретінде Мадиярды Түркістанға әкеліп жерлеу ресіміне де қатысты.

Кореяда мұндай игі істер мен іс-әрекеттер өте үлкен резонанс тудырады. Сондықтан Әлиақбар мырза Кореяда өте танымал болды. Оның арқасында Қазақстан азаматтарының жергілікті халық алдындағы беделі бұрынғыдан да арта түсті. Корея үкіметі де оның еңбегін мойындады. Өздеріңіз білетіндей, ол бұған дейін елде заңсыз болған және осы әрекетінен кейін Үкімет оған Кореяда заңды түрде тұруға мүмкіндік берді, – деді Корея Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Ку Хонг-Сок.
Әрине, заңсыз көші-қон, заңсыз жұмыс күші мәселелері – Кореядағы әлеуметтік маңызды жоба. Бұл тек Қазақстан Республикасына ғана қатысты емес, өйткені Кореяда басқа елдердің өкілдері көп. Сондықтан бұл елдегі жалпы әлеуметтік мәселе. Әрине, Оңтүстік Корея үкіметі заңсыз мигранттар мәселесін шешуге мүдделі, – деді дипломат журналистермен кездесуінде.

Қазір екі ел заңсыз көші-қон мәселелерін нақты шешу, тәуекелдерді шектеу және Қазақстанның кез келген жас азаматының заңды түрде Оңтүстік Кореяға жұмыс істеуге баруы үшін белсенді келіссөздер жүргізіп жатыр. Бұл мәселелер өте маңызды, біз де өз тарапымыздан бұған күш саламыз, – деп айтты Ку Хонг-сок мырза.
Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, 2014 жылы Нұр-Сұлтан мен Сеул виза келісіміне қол қойып, Қазақстан азаматтарына Оңтүстік Кореяда 30 күнге дейін визасыз жүруге рұқсат берілген. Осыдан кейін жұмыс іздеген қазақстандықтар Оңтүстік Кореяға кете бастады. Қазіргі таңда Қазақстанның 35 мың азаматы Оңтүстік Кореяда жүр. Оның 12 мыңы – заңсыз еңбек мигранты болып саналады.
Алиакбар Юлдашевтің жасаған ерлігіне орай, «Үлес» қайырымдылық қорының төрағасы Райымжан Қошқаров Абдулхамид, Алиакбар, Надыра, Назекет сынды тәрбиелі ұл, қыз өсіріп отырған отбасының қожайыны Нурполат Юлдашевке «Өнегелі азамат» төсбелгісін табыстады. Нурполат негізінен Атырауда вахтада жүргізуші болып жұмыс істейді.
Биылғы көктемде құрылтайшысы Әлия Назарбаева болып табылатын «Адам бол awards» жобасы негізінде «Адам бол» аталымының халық таңдауы бойынша тұңғыш қазақстандық ауқымды «Батырлар жанымызда» жүлдесі Алиакбар Юлдашевке бұйырды.
Арада бір жыл өтсе де, сонау шығыс еліндегі Кореяда аса үлкен ерлік көрсетіп танымал болған Алиакбар Юлдашевтің түркістандық екенін, оның анасы Мавлюда Юлдашева осында Тұрсынов көшесі 43-үйде тұратындығын, ерлік иесі алыста сонау қиырдағы Кореяда қызмет етсе, әкесі Нурполат Атырауда вахтада жүргізуші болып еңбек ететіні көпшілік біле бермейді.
Екі бірдей отбасы мүшелерінің бары-жоғын білдірмей, шиеттей бала-шағаны жалғыз өзі жетілдіріп отырған, осындай ұлды тәрбиелеген батырдың асыл анасына құрмет көрсетуді осы күнге дейін жүзеге асырмаған билік өкілдерінің бір ойлағаны бар шығар деген сенімдеміз? Түркия Президенті Реджеп Тайып Ердоған «бақыт анаңның табанының астында деген» Ислам қағидасымен жүріп, күнде анасының аяғын сүйіп, ақ батасын алып, содан кейін ғана қызметіне кетеді екен. Түркі дүниесінің рухани орталығына айналып келе жатқан киелі Түркістанымызда тәрбиелі ұл-қыз өсіріп отырған, әлемдегі ең технологиясы дамыған әрі ізгілікті мемлекеттің батырлары тізіміндегі Алиакбардың анасы Мавлюда ханым неге марапаттан тыс қалуға тиіс? Алайда, білместікпен әрекеттенбеген саяси лауазым иелеріне әлі де ештен кеш жақсы демекпіз.
Ата-анасынан, отанынан алыста қиырда жүріп, Кореяда он адамды өрттен құтқарып, сол елдің Батыры атанған түркістандық бауырымыз Алиакбар Юлдашевқа қандай құрмет көрсетсек те лайық.

Ескендір ЕРТАЙ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы