МАҚСАТЫМЫЗ – АЙҚЫН, БОЛАШАҒЫМЫЗ – ЖАРҚЫН!

1  624 көрілім

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы «Халық бірлігі және жүйелі реформалар-ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауы мемлекеттің қарыштап дамуының бағдарын айқындап берді. Біз жыл сайынғы Президент Жолдауын үмітпен күтуге дағдыландық. Жаңа мақсаттар мен міндеттердің жаңа мүмкіндіктерге жол ашатын Жолдау халықтың болашаққа деген сенімін нығайтады.
Жолдауда халық табысының өсуіне ерекше ден қойылды. Адам еңбекқор болып, өз кәсібін жақсы меңгергенде және лайықты жалақы алуға немесе жеке кәсіп ашып, оны дамытуға мүмкіндік болған кезде табысқа жететінін атап өтті. Бұдан бөлек, қазіргі таңда бүкіл әлемді жайпап жатқан пандемия кезінде ел экономикасының даму бағыттарына тоқталды. Атап айтсақ, Мемлекет басшысы өз сөзінде: «Орталық Азиядағы экономикасы ең ауқымды ел саналатын Қазақстан қазір пандемияның зардабын тартуда. Дегенмен, қиындықтарға қарамастан, бағдарымызды берік ұстанып келеміз.
Біз орта мерзімді экономикалық саясатымызды айқындап, мемлекеттік бастамаларды реттеу үшін 2025 жылға дейінгі дамудың Ұлттық жоспарын және Мемлекеттік жоспарлаудың жаңа жүйесін қабылдадық. Ұлттық жобалар бекітілетін болады. Стратегиялық мақсатымыз – Орталық Азиядағы көшбасшылық рөлімізді күшейту және әлемдік экономикадағы орнымызды нығайту» деген болатын.
Жолдауда Мемлекет басшысы сапалы білім беру саласына да кеңінен тоқталып өтті. Биылғы қаңтар айынан бастап педагогика саласы қызметкерлерінің жалақысы 25 пайызға көбейгенін, алдағы үш жылда осы мақсатқа тағы 1,2 триллион теңге жұмсалатынын мәлімдеді. Қазіргі жаһандық өзгерістер кезеңінде түлектің білімі еңбек нарығына шыққанға дейін-ақ жеткіліксіз болып қалуы, сондықтан, құзырлы министрліктің алдында оқу бағдарламаларын жаңа жағдайға бейімдеу керектігін атап өтті.
Пандемия кезінде қашықтан оқытудың нәтижесі ұлттық телекоммуникация желілерінің тиімділігі төмен екенін, мұндай ахуал негізгі, қарапайым білімнің өзін меңгере алмаған оқушылардың саны артуына әкелетінін алға тартты. Бүгінде басты мәселенің бірі балалар оқуын тастап кетіп, білім алуды қажетсінбей жатқанын айта келе, Үкіметке бұл мәселемен, атап айтқанда қашықтан білім беруге қажетті ақпараттық жүйенің сапасын жақсартумен мықтап айналысуды тапсырды.
Білім саласы бойынша жағымды жаңалықтың бірі биыл бірнеше оқушы халықаралық пән олимпиадаларының жеңімпаздары мен жүлдегерлері атанғанын, ондай дарынды балаларға жан-жақты қолдау көрсету қажет екенін тілге тиек етті. Бұл тұрғыда халықаралық олимпиадаларда жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне жоғары оқу орнына түсу үшін конкурстан тыс гранттар, бір реттік қаржылай сыйақы да берілетінін жеткізді.
Мемлекет басшысының биылғы Жолдауының басты ерекшелігі – әрбір қазақстандықты толғандырған әлеуметтік – экономикалық құқықтың мәселелерді жедел әрі қолжетімді етіп шешуге бағытталуында. Бұл тұрғыда түркістандықтар да игі бастамаларға куә болатыны жасырын емес. Сондықтан өз кезегінде қала тұрғындары да Жолдауда айтылған тапсырмалардың шарапатын көреді деген сөз. Келешекте Президенттің Жолдауда айтылған барлық мақсаттары орындалып, Қазақстан халқының табысы еселене түсіп, еліміз өркендей беретін болады.

Ғ.СӘРСЕНБАЕВ,
Түркістан қалалық мәслихатының депутаты.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы