«БӨЛІМДЕГІ ӘРБІРІМІЗДІҢ ҰСТАНЫМЫМЫЗ – ЕЛДІҢ ЫНТЫМАҒЫ МЕН БІРЛІГІН НЫҒАЙТУ»

1  002 көрілім

Түркістан қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Бақытжан БУКЕБАЕВ:

«БӨЛІМДЕГІ ӘРБІРІМІЗДІҢ ҰСТАНЫМЫМЫЗ – ЕЛДІҢ ЫНТЫМАҒЫ МЕН БІРЛІГІН НЫҒАЙТУ»

Түркістан қалалық ішкі саясат бөлімі – қаладағы ішкі саяси тұрақтылықты, ел бірлігін қамтамасыз ету мақсатында жұмыс атқарып келеді. Бұдан бөлек, шаһарда болып жатқан барлық мәдени, саяси түрлі іс-шаралар осы бөлімнің ұйытқы болуымен өтеді. Осы орайда, қалалық ішкі саясат бөлімінің жыл басынан бергі атқарып жатқан жұмыстарын білу мақсатында ішкі саясат бөлімнің басшысы Букебаев Бақытжан Кеңесбекұлымен арнайы сұхбаттасқан болатынбыз.

– Бақытжан Кеңесбекұлы, ішкі саясат бөлімін көп жылдардан бері басқарып келесіз. Бүгінде бөлімнің атқарар жұмыстарын бес саусақтай біледі десем қателеспеймін. Сұхбатымыздың алғашқы сауалын ақпараттық идеологиялық жұмыс қай деңгейде жүргізілуде? Әңгімені осыдан бастасақ?

– Иә дұрыс айтасыз, бөлімді басқарып келе жатқаныма 10 жылға жуықтап қалыпты. Осы жылдар ішінде қоғамдық-саяси ахуал тұрақты деуге толық негіз бар. Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаевтың 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына арнаған «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауын насихаттау және түсіндіру мақсатында 2020 жылы қалалық ақпараттық-насихаттық топтар құрылып, бекітілген жоспарға сәйкес 18 кездесулер өткізілді. Жолдаудың негізгі бағыттарын түсіндіру мақсатында 2021 жылы 6 айда 49 кездесу өткізіліп, 1350-ге жуық қала тұрғындары қамтылды. Бүгінгі таңда, Жолдауды насихаттау және қолдау бойынша қала әкімдігіне қарасты және басқа да мемлекеттік мекемелерде, сонымен қатар, мұражайларда, кітапханаларда, білім беру ошақтарында, тұрғындарға кездесулер, жиналыстар жүйелі түрде өткізілуде. Баршамызға белгілі 31 наурызда онлайн форматта өткен Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің бейресми саммиті өтті. Осы саммитте Түркі өркениетін жаңғыртуды, ең алдымен Ясауи мұрасы мен қасиетті Түркістанды әлемге танытудан бастауға шақыратын «Түркістан – түркі әлемінің астанасы» деп аталуына байланысты, ақпараттық-насихаттық топтар құрылып, бекітілген кестеге сәйкес үгіт-насихат жұмыстары жүргізілуде. Ағымдағы жылдың сәуір айынан бастап бүгінгі күнге дейін 50 кездесу өткізілді, жалпы 380 азамат қамтылды.

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай, белгіленген идеологиялық басымдықтар тәуелсіздіктің барлық бағыттары мен негізгі жетістіктерін барынша кеңінен насихаттау мақсатында еліміздің барлық өңірлерінде ауқымды іс-шаралар өткізу жоспарланды. Облыс әкімімен бекітілген Тәуелсіздіктің 30 жылдығын мерекелеу жөніндегі іс-шаралар жоспары негізінде, қала әкімімен қала деңгейінде атқарылатын жоспары бекітілді. 6 айда, жалпы 52 іс-шара өткізіліп, 570 адам қатысты.

– Бөлім қаладағы үкіметтік емес ұйымдармен қоян-қолтық жұмыс атқаратынынан хабарымыз бар. Бүгінде үкіметтік емес ұйымдарымен өзара байланыс қай деңгейде?

– Бүгінгі таңда Түркістан қаласындағы үкіметтік емес ұйымдардың жалпы саны – 25, жастар ұйымдары – 2, қалалық ардагерлер ұйымы – 1, әйелдер бастамасы мен гендерлік теңдік бағыты – 1, азаматтық бастамаларды қолдау бағыты – 5, мүмкіндігі шектеулі адамдарды қолдау бағыты – 8, басқа да бағыттар – 8-ді құрайды. Аталған ұйымдар қалалық әкімдіктің ішкі саясат бөлімімен өзара байланыс орнатқан, олар өз кезегінде қаланың қоғамдық-саяси, жаппай-мәдени өміріне қатысты іс-шараларға белсенді араласып келеді.

2021 жылдың 10 ақпанында бөлімінің ұйымдастыруымен үкіметтік емес ұйымдар өкілдерінің қатысуымен Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай жыл бойында өткізілетін іс-шараларды талқылау бойынша бас қосу өтті, ұсыныстар мен пікірлер тыңдалып, іс-шара жоспары бекітілді. Атап айтсақ, 15 ақпан күні Кеңес әскерлерінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына (1979 – 1989) 32 жыл толуына орай, іс-шара ұйымдастырылды. Ауған соғысы ардагерлерімен өткізілген бас қосу шарасы орталық «Жеңіс» саябағында тағзым етіліп, гүл шоқтарын қоюдан басталып, еске алумен жалғасты. Биылғы жылдың 24 ақпанында Түркістан облыстық Ардагерлер кеңесінің ІV Пленумы онлайн форматында (zoom арқылы) өтті. Жиынға қалалық ардагерлер ұйымының мүшелері қатысып, «Ұлы Жеңістің 75 жылдығы» кітабының тұсау кесер рәсімі өткізілді. 19 наурызда «Түркістан мүгедектер қоғамы» қоғамдық бірлестігі есепте тұратын зағип жандарға, «Түркістан аумақтық мүгедек балаларды оңалту орталығында» емделіп жатқан балаларға кәсіпкерлер демеушілігімен Наурыз мерекесіне қайырымдылық шарасын өткізіп, оларға киім-кешекпен қоса түрлі сый-сияпаттар жасалды. 9 сәуірде «Түркістан – Түркі әлемінің рухани астанасы» атануына орай, «Ырыс алды – ынтымақ» қоғамдық форумы қаладағы белсенді жастардың қатысуымен бірге онлайн форматта өтті. 26 сәуірде Чернобыль апатына – 35 жыл толуына орай, қоғамдық бірлестігінің ардагерлеріне қала әкімінің қатысуымен шара өткізіліп, оларға 35 жылғы төсбелгісі, алғыс хат пен сый-сияпаттар табысталды. 27 мамырда қаламыздың ардагер ақсақалдары мен зиялы қауымы жаңадан бой көтерген «Керуен сарай» кешені, «Ұлы дала елі» орталығы, «Тұңғыш Президент саябағы» тағы басқа қаланың көрікті жерлеріне саяхат жасады. Ал, 25 маусым күні Түркістан қаласы әкімдігі жанындағы үкіметтік емес ұйымдармен жұмыс жүргізу жөніндегі кеңес отырысы өтті. Үкіметтік емес ұйымдармен жұмыс жүргізу кеңестің күн тәртібіндегі мәселелер бойынша бөлім тарапынан атқарылған жұмыстар жөнінде баяндамалар тыңдалды. Сонымен қатар, ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай, қала көлемінде өткізілетін іс-шаралар туралы ұсыныс пікірлер назарға алынды.

– Түркістан қаласының қоғамдық саяси ахуалы туралы айтып өтсеңіз?

– Иә, сұрағыңыз өте орынды, 2021 жылдың басынан ішкі саясат бөлімі тарапынан «Түркістан қаласындағы этносаралық ахуалды талдауға және қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлік саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруға арналған іс-шаралар жоспары» қала әкімімен бекітіліп, бүгінгі таңда ақпараттық-насихаттық тобының кездесу жұмыстары жүргізілуде. Жыл басынан қала бойынша әлеуметтік шиеленіске айналуы мүмкін ошақтардың тізімі әзірленіп, қалалық прокуратурамен бірлесе ішкі саясат бөлімі қоғамдық саяси ахуалды тұрақтандыру мақсатында алдын алу жұмыстары жүргізіліп келеді. Әлеуметтік шиеленістердің алдын алу мақсатында ел бірлігін, ынтымағын нығайту жолында мемлекеттік саясатты жүзеге асыру аясында қоғамдық ұйымдар мен этномәдени бірлестіктердің жұмыстары, олардың күнделікті тыныс-тіршіліктері баспасөз құралында жүзеге асырылуда.

– Мемлекеттік рәміздерді құрметтеу – әрбір қазақстандықтың қасиетті міндеті. Қазақ елінің тарихына жүгінсек ата-бабаларымыз туын марқая, мақтана тік ұстап, ұрыс барысында жанын қиса да туды төмен түсірмеген. Осы бағытта қандай жұмыстар атқарылуда?

– Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздерінің заң талаптарына сәйкес орналасуы бойынша атқарылып жатқан жұмыстары туралы жыл басынан «Түркістан қаласы әкімдігі жанындағы Мемлекеттік рәміздер жөніндегі комиссияның 2021 жылға арналған жұмыс жоспарын» жұмыс барысында басшылыққа алып, орындау үшін бөлім тарапынан қаладағы барлық мекемелерге жолданды. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздерге деген құрметті терең сіңдіру мақсатында баспа бұқаралық ақпарат құралдарында мемлекеттік рәміздерді халық арасында насихаттау үшін мақалалар әзірленіп, тұрақты жариялануда.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздерін қала тұрғындары арасында кеңінен құрметтеу мен қастерлеу жөнінде жан-жақты түсіндірме жұмыстарын жүргізу үшін құрылған ақпараттық-насихаттық топтың бекітілген жұмыс кестесіне сәйкес 6 айда 41 кездесу өткізіліп, жалпы 450-ге жуық адам қамтылды. 4 маусым – «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Рәміздері күні» құрметіне арналған мемлекеттік символдарды ұлықтау мерекесі «Менің Туым» акциясы аясында өткізілді. Қала тұрғындарының Мемлекеттік Рәміздерге деген құрметін арттыру, өскелең ұрпақтың патриоттық санасын жаңғырту мақсатында ұйымдастырылған шарада көп қабатты үйлерінің балкондарына тулар тігіліп, қаланың 3 жерінен тақырыпқа сай билбордтар ілінді.

– Түркістан қаласында «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында атқарылып жатқан жұмыстарды баяндап берсеңіз?

– Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы – ол 2050 жылға дейін әлемнің дамыған 30 елінің қатарына кіру бағытындағы бірыңғай мақсатымызға жету жолындағы Қазақстанның саяси, экономикалық және құқықтық түрленулерінің логикалық жалғасы және өзегі болып табылатын бағдарламалық мақала. «Қоғамдық сананы жаңғырту» бағдарламасын жүзеге асыру жөніндегі Түркістан облысы бойынша Жобалық Кеңсенің тапсырмаларына сәйкес, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласын жүзеге асыру аясында қала бойынша адами әлеуетті дамыту, мәдениет және тілдерді дамыту, бизнесті дамыту және туризм, спортты дамыту бөлімдері және тиісті мекемелер жұмыс атқаруда. Атап айтсақ, мақаланың төрт кіші бағдарламасымен 17 арнайы жобасы аясында қала деңгейінде 2021 жылдың І жартыжылдықта 57 түрлі (тәрбие және білім – 28, Атамекен – 10, Рухани қазына – 19) іс-шаралар (онлайн, оффлайн) форматында ұйымдастырылып өткізілді. «Рухани жаңғыру» бағдарламасын ақпараттандыру стратегиясының аясында ішкі саясат бөлімі «Ақпарат толқыны» – кіші бағдарламасын жүзеге асыруда. «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру бойынша 2021 жылға арнайы медиа-жоспар түзіліп, соған сәйкес материалдар жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде жарық көруде.

– Түркістан қаласында дін саласындағы тұрақтылықты қамтамасыз ету бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталсақ?

– Қала аумағында діни ахуал тұрақты деуге толық негіз бар. Жергілікті атқарушы органдар тарапынан өткізіліп жатқан діни төзімділікті қалыптастыруға бағытталған жұмыстар ықпалын тигізуде. Жергілікті тұрғындар арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының, сондай-ақ, қаламызға білімі мен біліктілігі жоғары теологтар шақырылып, әртүрлі форматта өткізіліп жатқан шаралардың нәтижесінде қала жұртшылығының діни сауаттылығы артып, оң көзқарас қалыптасып келеді.      Түркістан қаласында діни бірлестік пен филиалдарының жалпы саны – 34. Оның ішінде: исламдық бағыттағы мешіттер саны – 32. Діни бірлестік өкілдерімен әр айда кездесулер өткізіліп, бірлестіктің жұмыс барысы ішкі саясат бөлімінің тарапынан тұрақты қадағаланып отырады.

Қалада имамдардың білім деңгейлері бойынша жоғары білімді – 15, медресе бітірген – 13 және орта білімді 29 имам қызмет атқарады. Қаламыздағы конфессияаралық келісімді нығайту, діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу, дәстүрлі ислам құндылықтарын насихаттау мен тұрғындардың діни сауаттылығын арттыру жұмыстары қолға алынған. Алайда, қазіргі таңда елімізде орын алған індетке байланысты кездесулер сақтық шаралары сақтала отырып, жүргізілуде. Айта кетерлігі, таяуда қаламыздағы 32 мешіттің имамдары бас қосқан жиында, көптеген мәселе қаралды. Оның ішінде айрықша атап өтетін мәселе, қаламыздағы мешіттердің құжаттарын реттеу жұмыстары күн тәртібінде тұр. Осы мәселе төңірегінде, имамдар көптеген сұрақтар қойып, заңды кеңестер алды. Сонымен қатар, деструктивті діни ағымдағы азаматтармен түсіндіру жұмыстарын қарқынды түрде жүргізу керектігі ескертілді. Сонымен қатар, бүкіл әлемдік пандемияға байланысты, мешіттерде карантиндік талаптарды қатаң сақтау қажеттігіне назар аударылды.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұқбаттасқан:

Қуаныш ТАСЫБАЕВ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы