«ҰЖЫМДЫҚ ИММУНИТЕТТІ ҚАЛЫПТАСТЫРУ АРҚЫЛЫ БІЗ ҚАЛЫПТЫ ӨМІРГЕ ОРАЛАМЫЗ»

1  413 көрілім

Еліміздегі орын алған індетке байланысты пандемия кезінде Түркістан облыстық бас санитарлық дәрігерінің қаулысына сәйкес, қоғамдық орындарда көптеген шектеулер орын алды. Халық көп жиналатын ірі сауда, ойын-сауық орындарына, той-думандар және басқа да көпшіліктің қатысуымен өтетін іс-шараларға шектеулер енгізілді. Мұның барлығы – халықтың денсаулығы мен өмірі үшін жасалып отырған маңызды шаралар – деп түсінуіміз керек. Осы тұрғыда Түркістан облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Нұрбек Нышановқа арнайы барып тілдескен болатынбыз.

– Нұрбек Садықбекұлы, күллі жаһан жұртшылығын жаппай дүрліктіріп, аз уақыт ішінде әлем елдерін әбігерге түсірген жұқпалы дерт біздің елімізді де айналып өтпеді. Осы бағытта коронавирус індетіне байланысты атқарылып жатқан жұмыстардан бастасақ?

– Иә, Қытай Халық Республикасында бастау алған коронавирустық инфекцияның пандемиясы біздің елімізді де айналып өткен жоқ. Өткен жылдың басынан бері ел Үкіметімен індетке қарсы жұмыстар қолға алынып, әлі де аянбай күресу жұмыстары жалғасып келеді. Былтырғы жаз айында орын алған эпидемиологиялық жағдай індеттің пайда болуы мен оның таралуына жол бермеу бағытында әрбір саланың стратегиялық бағыттары мен жоспарларына көптеген өзгерістер алып келді. Республика тарапынан үлкен көлемді қаражаттар бөлініп, емдеу профилактикалық мекемелерінің материалдық-техникалық базалары нығайтылып, персоналдардың теориялық және практикалық дайындықтары пысықталды. Өңір тұрғындарын қауіпті індеттен сақтау мақсатында, шектеу шаралары күшейтілді. Өткен жылы облыс көлемінде санитарлық талаптарды сақтау мақсатында 46 қаулы қабылданып, биылғы жылы сол қаулылардың кейбір тармақтарына өзгерістер енгізілді. Облыс бағалау матрицасы бойын ша жасыл аймақта болуы себепті қатаңдатылған шектеулер жеңілдетілді. ҚР-ның Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің қаулысына сай, «Ashyq» бағдарламасы енгізіліп, Түркістан облысында сәуір айынан бастап кәсіпкерлік нысандар осы бойынша жұмыстарын бастады. Бұл шаралардың барлығы коронавирус індетін өршітіп алмау мақсатында атқарылып жатқан жұмыстардың бір парасы деп түсінуіміз қажет.

– Елімізде карантин шаралары кезінде облыс тұрғындарының оған мойынсұнбай салғырттық танытқандары бар. Мәселен, той-жиын өткізіп, сақтық шараларына құлақ аспағандықтан қайғылы жағдайларда орын алғаны бұқара халыққа мәлім. Осы тұрғыда не айтар едіңіз?

– Сұрағыңыз өте орынды. КВИ вирусы ауа-тамшы жұқтыру жолымен тез таралатын болғандықтан, адамдардың көп шоғырлануына тыйым салу инфекцияның алдын алу іс-шараларының негізгісі екенін айтқым келеді. Сондықтан, адам көп шоғырланатын той-жиындарды және мерекелік ұжымдық іс-шараларды өткізуге Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің қаулысымен тыйым салынған. Осыған қарамастан, жыл басынан Түркістан облысы тұрғындары және жеке кәсіпкерлер тарапынан 390 мерекелік іс-шаралар өткізу фактілері анықталып, санитариялық қызмет мамандары тарапынан тиісті әкімшілік шаралар қолданылған. Атап айтқанда, 115 жеке тұлға өз үйінде ұжымдық іс-шара ұйымдастырса, 55 тұлға елді мекендерде 100-300 адамды жинап көкпар өткізген. Ал, жеке кәсіпкер қоғамдық тамақтану объектілерінде 220 той-жиын, құдалық, беташар және басқа мерекелік іс-шараларды өткізгендігі анықталды.

– Түркістан облысы эпидемиологиялық ахуал бойынша «жасыл аймақтан» түспеген бірден бір өңір болып табылады. Карантин талаптарын сақтау мақсатында құрылған мобильдік топтардың атқарған жұмыстарына тоқталып өтсеңіз? (Оның ішінде қанша хаттама толтырылды және айыппұл көлемі)

– Облыс аумағында карантин режимі талаптарының орындалуын бақылау бойынша мобильді топтармен мониторинг жұмыстары жалғасуда. Жыл басынан бері облыс бойынша жасақталған 127 мобильді топтармен 177015 нысан араланған. Мобильді топ және аумақтық Полиция басқармалары қызметкерлері тарапынан анықталған карантин режимін бұзып жұмыс жасаған объектілерге және жеке тұлғаларға ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 425-бабының 1-бөлігі бойынша 2803 хаттама толтырылды. Оның ішінде: 2677 жеке тұлғаларға 30 АЕК, 94 жеке кәсіпкерге, 5 заңды тұлғаға және 27 лауазымды тұлғаға 230 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды. Жалпы айыппұл соммасы 161 514 290 теңгені құрады. Барлық мерекелік іс-шара қонақтары мобильді топ құрамы тарапынан таратылып, аталған отбасылық іс-шараларды өткізген жеке тұлғаларға ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық Кодексінің 425-бабының 1-бөлігі бойынша хаттамалар толтырылды.

– Елімізде 1 ақпаннан бастап халықты жаппай вакциналау басталды. Бұл індетті тек қана вакцина арқылы ауыздықтай алатынымызды бүгінде халық мойындап отыр. Бүгінгі таңда облыс көлемінде халықтың қанша пайызы вакцина салдырды?

– Жалпы, Республика бойынша біздің облыста да коронавирустық инфекцияға қарсы вакциналардың бірнеше түрі қолданылуда. Вакцинациялау тегін, ерікті түрде 2 рет егумен жүргізіледі. Вакцина партияларының түсу мерзімдеріне орай, облыс көлемінде профилактикалық егуге жоспарланған. Халықтың бүгінгі таңда 33,9% вакциналардың бірінші компонентін немесе дозасын салдырса, егудің екінші дозасымен 13,1% қамтылып отыр. Дұрыс айтасыз, бұл індетті тек қана вакцина арқылы ғана ауыздықтай аламыз. Халықты толық вакцинациялау нәтижесінде ұжымдық иммунитет қалыптасады, ауруды тасымалдау деңгейі төмендейді. Ұжымдық иммунитетті қалыптастыру арқылы біз қалыпты өмірге оралатын боламыз.

– Әңгімеңізге рахмет!

Қуаныш ТАСЫБАЕВ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы