«БАРЛЫҚ УАҚЫТТА ӘДІЛДІК ЖАҒЫНДА БОЛАМЫН»

1  787 көрілім

Түркістан қалалық мәслихатының депутаты Жәмила Төреханқызы Сүлейменова:

«БАРЛЫҚ УАҚЫТТА ӘДІЛДІК ЖАҒЫНДА БОЛАМЫН»

«Депутат мінбері» айдарының бүгінгі қонағы Түркістан қаласының Құрметті азаматы, қалалық мәслихаттың 3 шақырылымындағы депутаты Жәмила Төреханқызы Сүлейменовамен болған сырлы сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.

– Жәмила Төреханқызы, Сіздің сайлауалды бағдарламаңыздан: «Көпбалалы аналар мен жағдайы төмен отбасыларға, жетім балаларға қол ұшынан көмек беріп, олардың құқықтарын қорғау менің күнделікті жұмыстарымның бірі болады» деп айтқаныңызды оқыған болатынмын. Осы орайда, депутат ретінде өзіңіз айтып өткен игі тірліктерді күнделікті жұмысыңызға айналдыра алдыңыз ба?

– Әрине, қоғамда белең алып отырған бұл шешімін таппас мәселелер біздің ең ауқымды жанды жеріміз болып отыр. Осы тұрғыдан алғанда мен халық жанашыры ретінде күнделікті өмірімізде көрген құбылыстарға жаным ауырады. Дегенмен, мен өз тарапымнан Шымкент қаласындағы Балалар үйіне жыл сайын қаржылай көмек беріп, қолымнан келгенінше өз мүмкіндігіме қарай қаражат беруге тырысамын. Халқымызда «Жетім көрсең, жебей жүр» деген сөз менің ой – санамнан бір сәтте шыққан емес. Осы жолмен жүрер болсақ, «нұр үстіне нұр» болар еді.

– Жеке кәсібіңіз бар ма?

– Иә, өзімнің жеке кәсібім бар. Нақтырақ айтсам, Ақмола облысында «Ауданаралық қойма» мүліктік кешенімен айналысамын.

– Жәмила Төреханқызы, Сізге жастардың мәселесі етене таныс деп ойлаймын. Осы орайда, жеке кәсіппен айналысатын және айналысқысы келетін жастарға қолдау білдіру, оларды кәсіп ашуға баулу және үйрету мақсатында қандай игі шаралар атқара алдыңыз? Атап айтсаңыз? Сонымен қатар, қазіргі жастар тәрбиесі туралы бірер ауыз айтып өтсеңіз…

– Жастар – қоғамның қозғаушы күші. Расымен де, былтырғы жылдың қиын болғанына қарамастан қала жастарының біліктілігі, білімділігі, ауызбіршілігінің мығым болуымен талай игі істердің атқарылып жатқандығының куәсі болудамыз. Әсіресе, қоғамдағы оқиғаларға бей-жай қарамайтын, көмекке мұқтаж жандарға көмек көрсететін ерікті жастардың өнегелі істерін атап өтпеске болмайды. Олар қиын кезеңде қала кәсіпкерлерімен бірге әлеуметтік тұрмысы төмен отбасыларға азық-түліктер мен қорғаныш заттарын таратты.

Мен соның бел ортасында болып, облыстық жастар ресурстық орталығында өткізілген барлық іс – шараларға қатысып отырдым. Ондағы мақсатым жастарға бағыт – бағдар бере отырып, оларды қоғамда өз орындарын табуға баулу болды. Жастарға өзімнің іс-тәжірибеммен бөлісіп, ақыл-кеңесімді айтып, түсіндіріп дұрыс жолға бағыттап отырамын.

– Қазіргі таңда қоғамда мамандық таңдау өзекті болып тұр. Жастарға қандай мамандық таңдау­ға кеңес бересіз?

– Адам өмірде үш түрлі дүниеде қателеспеуі керек. Оның біріншісі – дос таңдауда, екіншісі – жар таңдауда, ал үшіншісі – мамандық таңдауда. Жеке қалыптасқан тұлға өзі қалаған мамандық түрін таңдай білуі керек. Сыртқы факторлардың бұған әсер етпеуі қажет. Алайда, отбасыда баланың мамандық таңдауына ата-ананың рөлі басымырақ түсіп жататыны бесенеден белгілі. Қазір ата-аналар көбінесе экономистік және заңгерлік мамандықтарды балаларына тықпалай береді. Ол баланың сол мамандық иесі болуға құлқы бар ма, жоқ па онымен санаспайтын ата-аналар бар. Бала өз таңдауымен келген мамандығы болмаған соң, әйтеуір бітіріп шығады. Дипломды алады. Содан кейін ата-анасы жүгіріп жүріп ол баланы жұмысқа орналастырады. «Әйтеуір жалақы алып жүрсе болды» деген көзқарас қалыптастырады. Сондықтан қазіргі таңда елімізде өз жұмысын тыңғылықты орындай алмайтын, оның байыбын аяғына дейін толық түсінбеген жас мамандар барлық салада жұмыс істеп жүргені аңғарылады. Сондықтан да мамандық таңдауда еңбек нарығын жіті бақылап отырған дұрыс. Қазір нарық қандай мамандықтарға зәру? Соңғы 10 жыл ішінде жаңа мамандықтар пайда болды. Оларды да назардан тыс қалдыруға болмайды. Біз баяғы жүйе бойынша санаулы мамандықтарды білеміз де, сол көкейімізде орын теуіп, басқа жаңалықтардан құлағдар болмаймыз. Сол себепті жан-жақты, қалауымызбен мамандық таңдаған дұрыс.

– Жеке бастамаңызбен қаланың мәдениет орын­дарында болып тұрасыз ба? Жалпы сіз үшін рухани демалыс деген не?

– Әрине қаламыз тарих қойнауынан сыр шертетін, мәдени мұраларға өте бай көне шаһарлардың бірі болып табылады. Рухани дем алып, жаңа бастамаларға күш беретін жерлер де жетерлік. Рухани демалысты мен тарихи-мәдени «Әзіреті Сұлтан» тарихи-мәдени қорық музейінен аламын. Тарихи музей қорындағы Қазақ хандарының зираттары, ұлы астроном, ғалым Ұлықбектің қызы Рәбия Сұлтан Бегім мазары, ортағасырлық «Шығыс моншалары», Жер асты мешіті тарихи нысандарына барып зиярат етемін. Бүгінгі таңда қаламызда жаңадан ашылып жатқан музейлер бар, мысалы «Ұлы дала елі» орталығы. Сонымен қатар, Райымбек Сейтметов атындағы Түркістан драма театрына өнерпаздардың қойылымдарын көруге барып, рухани байып, әрі демалып қайтамын.

– 2012 жылдан Қазақстан Республикасы бесінші, алтыншы, жетінші шақырылымдарының Түркістан қалалық мәслихатының депутатысыз. Қатарынан үш шақырылымның депутатына жеңілдіктер қарастырылған ба?

– Иә, 2012 жылдан бері бесінші, алтыншы, жетінші шақырылымдарының Түркістан қалалық мәслихатының депутатымын. Бірақ бізге ешқандай жеңілдіктер қарастырылмаған, мен керісінше әр депутаттыққа түскен сайын халқыма қандай жағдай жасай аламын, нендей жеңілдіктер қарастырып, Үкіметке ұсына аламын деген ойды алдыма мақсат ете отырып, тәуекелге барамын.

– Халық қалаулысы болу үлкен жауапты міндет. Осы орайда, өзіңіздің халықтың игілігі жолында атқарған ең маңызды игі тірліктеріңізді атап өтсеңіз?

– Осы үш шақырылымдағы депутаттық қызметім барысында біршама мәселелерді шешуге атсалыстым. Атап айтқанда ауылды жерлердегі балабақшалар мен мектептердің жағдайын жақсарту, олардың материалдық – техникалық базаларын нығайту жолдарына көптеп көмек көрсеттім. Сонымен қатар, халық арасындағы әлеуметтік мәселелер оның ішінде жағдайы төмен отбасылар мен жұмыссыздық мәселесіне ден қойдым. Халықты жұмыспен қамту орталықтарының жасап жатқан жұмыстарына бақылау жүргізіп, ондағы беріліп жатқан әлеуметтік көмектердің әділетті бөлінуіне ықпал жасадым. Өзім ер мінезді болған соң, дұрыс емес жерін бетке айту, әділетсіздікті көрсем соған тосқауыл болу менің өте сүйікті істерімнің бірі. Ол бағытта мен халықтың адамына айналып, сөзін сөйлеп барлық уақытта әділдік жағындамын. Алдағы уақытта да осы ұстанымда боламын.

– Жәмила Төреханқызы, өзіңіз де айтып қалдыңыз. Шынында, сіз ер мінезді, қайсар болып көрінесіз. Осындай ерекше мінезді болуыңыз ұшқан ұя, ата-анаңыздың тәрбиесінен қалыптасты ма? Қанша ағайындысыз және өз отбасыңыз жайлы айтып өтсеңіз?

– Мен отбасымыздың сүт кенжесімін. Ата-анамның мол махаббаты мен тәлім-тәрбиесін бойыма сіңіріп өскен қазақтың қарапайым қызы, анасы, әжесімін. 3 бауырым бар. 1989 жылы Жакупов Жанболат Тоймағанбетұлына тұрмысқа шығып отбасын құрдық. 1995 жылы тұңғыш ұлымыз Даниярды дүниеге алып келдім. Жолда-сым өте қарапайым, қаржыгерлер әулетінен еді. Ол кісі жұмыс жасап жүргенде мен мүлдем еңбекке араласқан емеспін. Тек үй жұмысы мен бала тәрбиесінде болдым. 2005 жылы күтпеген жерден өмірімді ойсыратып, соққы болып тиген қайғылы оқиға орын алды. Отағасы, жолдасымнан көз жазып қалдым. Жалғыз ұлыммен қалып, жолдасымның жұмысын жалғастырдым. Жолдасым дүниеден өткен соң бар жауапкершілікті мойныма алып, өзім ер, өзім әйел болып күн кешіп келемін. Ұлыма әке де, ана да бола білдім. Мүмкін бүгінгі күнде ер мінезді, қатыңқы көрінуімнің басты себебі осы болар. Қазіргі таңда шүкір екі немерем бар.

– Жәмила Төреханқызы, сырлы сұхбат бергеніңізге рахмет.

Сұқбаттасқан:

Ләззат САРЫБАЕВА,

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы