МҮГЕДЕКТЕРДІҢ МҮМКІНДІКТЕРІ ЕСКЕРІЛІП ЖҮР МЕ?

1  302 көрілім

Қазақстанда бүгінде 705 мыңнан астам мүгедек бар, оның ішінде 430 мың адам еңбекке қабілетті жаста, 181 мыңы зейнеткерлік жаста және 94 мыңы – балалар. Өзіміздің Түркістан қаласында да мүмкіндігі шектеулі жандар аз емес. Олар үшін арнайы қайырымдылық қорлармен қоса, мемлекеттен біршама көмек қарастырылған. Десе де мемлекеттің шарапаты өз деңгейінде жетіп жатыр ма, қаламыздағы мүгедек жандарды не мәселе мазалайды? Осы жайлы кеңінен тарқатып айтсақ.

Қаламыздағы мүгедек жандарға жасалған көмек жайлы, олардың жай-күйін білу үшін арнайы «Шапағат» мүгедектердің қайырымдылық қорына ат басын бұрдық. Түркістанда жаны жомарт кәсіпкерлер «Шапағат» мүгедектер қайырымдылық қорына 2019 жылы жаңа ғимарат салып берген болатын.

Жаңа ғимарат – арбаға таңылған жандарды арнайы жаттығулар арқылы жүруге талпындыратын Қазақстандағы тұңғыш орталық болды. Оның ішінде жаттығуға қажетті құрал-жабдықтар, 16 жатын орны бар. Қосымша асханамен қамтылған. Бейімдеу орталығының есіктері ашып-жабуға ыңғайлы болуы үшін арнайы тапсырыспен жасалған. «Шапағат» қайырымдылық қорын арнайы көзбен көріп қайттық. Шаһарымыздың шетінен орын бұйырған қорға бару жаяу жүргінші үшін әжептеуір қиындық туғызды. Мүгедек жандардың да басты мәселесінің бірі – осы жолға асфальт төсеу және жол бойына жарық орнату. Қорға келетін еріктілер үшін қоғамдық көліктің жағдайы қарастырылмаған.

«Шапағат» қайырымдылық қорының төрағасы Еркінбай Керімбайұлымен сөйлескенімізде әлі күнге дейін ең басты мәселе «пандус» болып отырғанын айтты.

– Біздің ғимараттың салынуына қаламыздағы жаны жомарт жанашыр жандардың тигізген көмегі көп. Қала әкімі, депутаттар, жеке кәсіпкерлер өз қаражатынан қоршау, аллея, монша секілді құрылыс жұмыстарына әлі күнге дейін қол ұшын созып келеді. Біз үшін қаламыздағы ғимараттардың алдында пандус болғанымен, есіктен кіру үшін табалдырықтың тым биік болатынын былай қойғанда, ішіне кіргенде бірінші қабаттан жоғары көтерілу үшін көп мекемелерде пандус орнатылмағандығы мүгедектерге едәуір қиындық туғызады. Тіпті кейбір пандустардың өзі талаптарға сай болмағандықтан, көмекшінің аса қажет екендігін жеткізді. Сырттан келетін көмекшілер төленетін ақшаға қанағаттанбайды. Сол үшін үй ішіндегі бір адамға төлесе күндіз-түні қасымызда жүруіне де ыңғайлы болар еді, – дейді.

Өмірге он екі мүшесі сау болып келіп, тағдырдың жазуымен мүгедек болған жандардың алғашқыда күйзелістен шыға алмай, өмірден күдерін үзіп кететіні рас. Десе де мемлекет ондай адамдар үшін әлеуметтік психологтарды арнайы қарастырып қойған. Шапағат қайырымдылық қорының үйлестірушісі Арнұр Түгелбаев арбаға танылған соң бірнеше жыл үйінде жатып, күйзеліске түскенін айтады. Өкінішке орай, осы аралықта ешқандай әлеуметтік психолог онымен жеке жұмыс жасамаған. Қорға келетін жандардың көбі әлеуметтік психологтың бар екенін де білмейді екен. Түркістан қалалық емханасына қарайтын 9 әлеуметтік қызметкер, 9 психолог бар. 10 мың адамға 1 әлеуметтік қызметкер, 1 психолог қызмет көрсетуі қажет. Тек аурухананың ішінде жүріп, айлығын алып отырған мұндай қызметкерлердің өз жұмысын білмегені ме?

– Біздегі тағы бір мәселе мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған заң шығарғанда немесе арнайы ғимараттар салынғанда мүгедектердің мүмкіндігі ескерілмей қалып жататын сәттер де болады. Осындай жұмыстарға неге ең болмаса бір мүгедек адамды алмайды? Мұндай мәселелерді қарағанда кез келген адамның мүмкіндігі қарастырылу керек емес пе? Және де бізді шыққан заңдармен таныстырып отырса, біз де өзімізге қатысты мәселелермен хабардар болып отырғымыз келеді, – дейді Арнұр Түгелбаев.

Қала тұрғыны 1 топтағы мүгедек Саламат Ризаеваның арбаға танылғанына 2 жыл болса да, әлеуметтік психологпен жұмыс жасамағанын айтады. Сол аралықта емделу үшін бармаған жері, баспаған тауы қалмаған.

– Жағдайымды жасау үшін өз жағдайым өзіме жетеді. Бірақ денсаулық деген ақшаға сатылатын нәрсе емес. Алланың сынағы болған шығар. Екі жыл еш қимылсыз қалдым. Қанша білікті дәрігер мен профессорларға қаралдым. Бірақ нәтиже болмады. Қазақстанның медицинасы осынша қауқарсыз ба деп ренжіген күнім де болды. Соңғы төрт айдың көлемінде бір де бір дәрігер, не мейірбике көрмедім. Өзім жергілікті дәрігеріме хабарласқанымда 4 айдан бері «Талғат» клиникасында тұрғанымды айтты. Мен бірақ одан хабарсызбын. Неге менің жағдайымды сұрап бір адам келмейді? Төсекте жатқан адам қалай барады деп ашуландым. Адам қажет болса өз емханаларына тіркеуге, яғни еріксіз есепке ала береді. Бірақ сол тіркелуші адаммен байланыс орнатпайды, қысқасы жауапкершілік жоқ, – деп, өзінің ішкі ойын жеткізді Саламат Ризаева.

Қаламыздағы арбаға танылған Данияр Ғабитұлының да айтарын тыңдадық.

– Бекзат мөлтек ауданында тұрамын. Сол жердегі ауруханада тіркеудемін. Мемлекеттен арба алдым. Бірақ сапасы өте нашар болды. Арбаға танылғандықтан жаялық та беріледі. Бірақ біз көбіне төсекте жататын болғандықтан оның да сапасы нашар екенін айта кеткім келеді. Ауруханаға шағымданғанмен, қайтадан сол сапасыз жаялықтарды алып келеді, – дейді.

Бұл мәселенің жай-жапсарын білу үшін «Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарлар бөлімінің» басшысы Нұрбибі Бурибаевамен сөйлестік.

– Биылғы жылға дейін мүгедектерге қажетті құрал-жабдықтарды «Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарлар басқармасы» қамтамасыз ететін. Мердігермен келісім-шарт жасау, тапсырыс беру толығымен басқармаға міндеттелген. Біз тек тапсырыс берілген жабдықтарды мүгедектерге жеткізіп беруші болдық. 2021 жылдан бастап мүгедектерге арналған арнайы «әлеуметтік портал» іске қосылды. Бұл портал арқылы мүмкіндігі шектеулі азамат жеке электрондық кілті арқылы өзі қалаған арбамен қатар, қажетті құрал-жабдығына өзі таңдау жасай алады. Бұл біз үшін де, мүгедек азаматтар үшін де тиімді шешім болды, –  деді Нұрбибі Бурибаева.

Қаламыздағы екі мүгедек баласы бар жалғызбасты ана Айнұр Малбаевамен де арнайы тілдестік.

– Қазір екі баламмен жалдамалы пәтерде тұрамын. Мүгедек баланың қараушысы есебінен мемлекеттен көмек аламын және күйеуім алимент төлейді. Мемлекеттен бөлінетін қаражат бәріне жетеді деп айта алмаймын. Пәтердің ақысы, азық-түлік, балаларға қажетті заттар бар. Оның үстіне балаларға қараушы болмағандықтан жұмыс та істей алмаймын. Кейде балаларды ауруханаға жатқызу үшін портал дайындап барғанмен, орын болмай ақылы түрде емдетуге тура келеді. Балаң болған соң бәріне көнесің. Бастысы, балаларым аман болса болды, осы күніме де шүкір деймін, – дейді жалғызбасты ана. Менің басты мәселем – мемлекеттен тұрғын үй алу. 2016 жылы үй кезегіне тұрған болатынмын. Қазіргі таңда 1265-ші кезекте тұрмын. Тиісті мекемелерге осы мәселемен барсақ, қажетті жауапты ала алмаймыз. Мүгедек балалары бар үй кезегінде тұрған ата-аналардың мәселесін қолға алсаңыздар екен, – деп өз өтінішін білдірді.

Мемлекет есебінен медициналық тұрғыдан да көмектер аз емес. Соның барлығын нақтылау үшін Түркістан қалалық емханасы әлеуметтік психологиялық және профилактика бөлім меңгерушісі Жандос Кенжеғұловпен хабарластық.

«Мүгедектер үшін дәрігерге кезексіз көріну, дәрігерге дейін медициналық көмек көрсету, емделуге мұқтаж қызмет алушыларды денсаулық сақтау ұйымдарына жатқызуға және ілесіп жүруіне, сонымен қатар тегін медициналық көмектің кепілді көлемін алуға жәрдемдесу сияқты көмектер қарастырылған. 18 жастан бастап науқастарды көрсеткіштер бойынша емдеу сауықтыру шипажайларына жібере аламыз. Мүгедек жандар тарапынан көбіне көмекші бойынша және көп мекемелерге кіріп-шығуға кедергі жасайтын пандус мәселесі бойынша өтініш-арыздар түседі. Шынында да кейбір мекемелерге мүгедектердің кіріп-шығуы мүмкін емес. Ал, бізге қарасты әлеуметтік психологтардың дұрыс жұмыс жасамауы туралы арыз-шағым келіп түсетін болса, міндетті түрде анықтап, шара қолданатын боламыз, – дейді.

Көбінесе ескерусіз қалып жататын мүмкіндігі шектеулі жандардың өмірге деген құлшынысы өзгеше. Олардың әрбірі өздерін «мүмкіндігі шексіз жанмын» деп есептейді. Егерде мемлекеттен бөлінетін көмек өз дәрежесінде толық жетіп отырса, заң аясы мен құрылыс нысандарында орындары ескерілетін болса, арбаға танылған жандардың өкпе-назы да азаяр ма еді деген ойға келдік. Айтылған мәселелер тиісті орындарда талқыланып, өз шешімін табады деген сенімдеміз.

Мөлдір ХАЛИЛАЕВА.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы