ЕСКІ ЖЫЛДЫҢ ЕСЕБІ, ЖАҢА ЖЫЛДЫҢ ЖОСПАРЫ

856 көрілім

Елбасы тапсырмасына сай, елді-мекен, аудан-қала басшылары бұқара алдында бір жыл барысында атқарған жұмыстарын қорытындылап, есеп беруі тиіс. Бұл үрдіс бүгінде дәстүрге айналып, жыл сайын жалғасын тауып келеді. 2020-ыншы жылы еңсерген межелер мен қол жеткізген жетістіктерді жариялау үшін Түркістан қаласының әкімі тұрғындармен онлайн режимінде жүздесті. Жылды қорытындылады, алдағы мақсаттарды айқындады.
Облыс орталығының осы күнге дейінгі даму деңгейі мен келешекке құрған жоспарын жұрт алдында жариялаған Түркістан қаласының әкімі толымды әрі қанағаттанарлық мәлімет берді. Әсіресе, білім саласы туралы айтқандары көңілге қонды.

«Білімді ұрпақ – ертеңгі жарқын болашақ кепілі. Бұны ешкім жоққа шығара алмасы анық.
2020-2021 жаңа оқу жылында қала мектептерінде білім алатын жалпы саны 46 693 оқушының 17 093 әлеуметтік осал топтағылары «Бір отбасыға – бір компьютерлік техника» қағидаты бойынша компьютерлік техникалармен қажеттілігіне қарай қамтылды.
Атап айтқанда, 1400 бала мектеп компьютерлерімен, 2675 бала республикалық және жергілікті бюджет есебінен планшетпен қамтылды.

Сонымен бірге, республикалық бюджет есебінен 4851 дана компьютер мен ноутбуктер әлеуметтік осал топтағы балаларға таратылады» деп атап өтті қала басшысы.
Шынында, былтырғы жылы ел басына қиындық туғызған жыл болғаны ел есінде. Бүкіл әлемді жайлаған пандемия біздің елді де айналып өтпеді. Еліміздің келешегі жастардың денсаулығын сақтау мақсатында барлық білім ошақтарында білім онлайн жүйесіне ауысты. Әрине, онлайн форматында оқыту ұстаздармен қатар ата-аналарға да өз қиындықтарын келтірді, әсіресе, көпбалалы аналарға. Олай деріміз, бір үйде мектеп жасында 4-5 баласы барлардың әрбір баласына жеке планшет немесе ноутбук қажеттілігі туындады. Осындай қиындықтар жергілікті қала әкімдігінің қолдауымен шешілді.

Қала әкімінің білім саласы туралы айтқан сөздерін тыңдай отырып,осындай ойда болдым.
Шаһарымызды шырайландыру шеңберінде былтыр қол жеткізген жетістіктеріміз де жетерлік, алдағы уақытта атқырылар ауқымды істер де аз емес. Билік пен бұқара арасындағы кездесу атқарылып жатқан жұмыстар жайлы ақпарат беруге ғана емес, сондай-ақ, маңызды міндеттер мен өзекті мәселелерді шешуге, алдағы жоспарларға түзетулер енгізуге мүмкіндік берді. Бұл ретте тұрғындар пікірі де маңызды рөл атқарды деп ойлаймын.

Дүйсенкүл ЖАМБОЛОВА,
Түркістан облысы, Қазақстан халқы Ассамблеясы
жанындағы Аналар кеңесінің төрайымы.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы