НҰРМАХАН НАЗАРОВТЫҢ ЖЫРЛАРЫ

1  111 көрілім

Нұрмахан Назаров Түркістан маңындағы Шойтөбеде (ертедегі Яссы қаласы) 1944 жылы 9 қаңтарда дүниеге келген. Қызылорда пединститутын бітірген. Барлық саналы өмірін туған жеріне мәдени-ағарту қызметіне арнаған. Дербес қала мәртебесін алған (1970) Түркістанда тұңғыш мәдениет үйін, мәдениет бөлімін ұйымдастырып, оларды басқарды. «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік музейін басқарып жүргенде (1988-1995) атақты тайқазанды Эрмитаждан өз Отанына алдыртуға атсалысты. Түркістан Республикасы Орталық Атқару комитетінің төрағасы, қазақтан шыққан тұңғыш дипломат Нәзір Төреқұловтың мұражайын ұйымдастыруға күш салған. Түркістан қаласының 1500 жылдық мерейтойына орай, тарту ретінде «Әзіреті – Түркістан» тарихи-мәдени танымдық газетін шығарды. Нұрмахан Назаровтың өлеңдері 60-70 жылдары-ақ, республикалық газет-журналдар мен ұжымдық жинақтарда жарияланып келді.
Нұрмахан Назаровтың Түркістанның көне замандардан бүгінге дейін тарихын көп жылдар бойы зерттеп, жинақтап, жарыққа шығарған «Түркістаным тағдырым», «Шежірелі Түркістан», «Туған жерді сүю» атты кітаптары жарық көрген. «Түркістанға тағзым ет» кітабында ақынның түркістаншылдығы түркішілдікпен ұштасып жатыр. Бұл кітап бір Түркістанға ғана емес, бүкіл түркі халықтарына арнап, туысқандық сезіммен өрілген шығармалар жинағы десе болады.

ӘЗІРЕТІ ТҮРКІСТАН

Құдайдың нұры жауған жер,
Екенің шын, Түркістан!
Құл Қожахмет Иассауи,
Мекенісің, Түркістан!

Жанға шипа желің де
Әзіреті Түркістан!
Аз болған жоқ сенің де
Қасіретің Түркістан!

Жеттің бізге, сан қилы,
Замандардан, Түркістан!
Жоңғарлардан қанқұйлы,
Аман қалған Түркістан!

Қоқан-лоққы Қоқаннан,
Көрген талай Түркістан!
Көкірегінде от-арман,
Сөнген талай Түркістан!

Жау кеп жақын-алыстан,
Шапқылаған Түркістан!
Зеңбірекпен орыстар,
Атқылаған Түркістан!

Тарихың бар ақсамай,
Жаңғырып жеткен Түркістан!
Ақсақ Темір Ақсарай,
Салдырып кеткен Түркістан!

Ашыққанға жаны ашып,
Асын тосқан Түркістан!
Алты алаштың баласы,
Басын қосқан Түркістан!

Лашын ұстап шайырлар,
Салдық құрған Түркістан!
Есім, Абылай, Хақназар,
Хандық құрған Түркістан!

Қаз дауысты Қазыбек,
Қастер тұтқан Түркістан!
Тәуке, Жәңгір, Жәнібек,
Бас кент тұтқан Түркістан!

Ұлы Жібек жолында,
Көпір болған Түркістан!
Қырық мешіт қырық базар,
Нөпір болған Түркістан!

Исі түркі – үлкен үй,
Есімісің Түркістан!
Ахмет сопы Жүйнеки,
Бесігісің Түркістан!

Бақырғаный Сүлеймен,
Сенде туған Түркістан!
Құшағыңда гүл-бейнем,
Мен де туған Түркістан!

Шырқай бергім келеді,
Шырқай бергім Түркістан!
Едігедей ер еді,
Сұлтанбегің Түркістан!

Ықылым заман алыста,
Сақтар тұрған Түркістан!
Рухы жүрген ғарышта,
Саттар туған Түркістан!

Ақын-шайыр, жыр-нөпір,
Елден елге жұғысқан.
Сенде туып Міртемір,
Кемелденген Түркістан!

Сен деп соққан жүректе,
Бұрқасын бар, Түркістан!
Өзің баулап түлеткен,
Нұртасың бар, Түркістан!

Шортанбайдай жоқ ақын –
Кемел шыққан Түркістан!
Мұсабектей сом алтын,
Сенен шыққан Түркістан!

Ән қаласы – Әдемім,
Күн қаласы – Түркістан!
Тең көрмеймін әлемнің,
Мың қаласын Түркістан!

Ауысады замандар,
Ауысады патшалар.
Өсер жаңа қалалар,
Өсер жаңа бақшалар.

Туар талай көсемдер,
Туар талай шешендер.
Келер ұлы ақындар,
Келер ұлы батырлар.

Сонда, қайта сілкініп,
Түрленерсің, Түркістан!
Қырмызыдай құлпырып,
Гүлденерсің Түркістан!

Жаңа туған азат күн,
Өткенде еске жиі алар.
Әз жақсысы қазақтың,
Саған талай жиналар.

Уа, дариға! Қазақтың,
Бұзылмаса бірлігі,
Қызып жатса тірлігі –
Саған да арман Түркістан!
Маған да арман Түркістан!

ӘЗІРЕТ СҰЛТАН ШАПАҒАТЫ

Ей, Түркістан! Ауған саған,
Діни мұсылман махаббаты.
Нұр-жауһар боп жауған саған,
Әзірет Сұлтан шапағаты!
Соғыс жұтып, карталардан,
Өшті қанша шаһар аты.
Сені оқтан қалқалаған,
Әзірет Сұлтан шапағаты.
Жәдігері қазағымның,
Мәшһүр болған жаһанға аты!
Рухани тазалығың –
Әзірет Сұлтан шапағаты!
Суың – зәм-зәм, топырағың – нан,
Табиғаттың жоқ апаты.
Дархан байлық атырабың – тұнған,
Әзірет Сұлтан шапағаты!
Құшағында құлпырады,
Жәми жұрттың жамағаты.
Балдай тәтті ынтымағың –
Әзірет Сұлтан шапағаты!

ЖІГІТТЕРГЕ

Даусызына дыбысыңның,
Аспандағы ай-күн жаршы.
Туған ауыл намысын кім,
Ойлап жүрген айтыңдаршы?
Арман-алыс, майдан-жарыс,
Бәйге атыңда кімдер отыр?
Қайда жігер, қайда намыс,
Құр қызықтап, жүрген тобыр!
Өмір-көкпар, қызық та әрі,
Кімдер жанып, жанын сап жүр?
Басқа ауылдың пысықтары,
Біздің атпен салым сап жүр!

КЕЛЕДІ, КЕТЕДІ

Келімсек келеді,
Бауырға енеді.
Жалықпай емеді,
Халықтай енені.
Сөзімен жылмаңдап,
Елменен бір болмақ.
Ісіне қарасаң –
Өз жайын жүр қамдап.
Демеуші күші көп,
Кеп қалған кісі көп.
Аш па жұрт, тоқ па жұрт?
Онымен ісі жоқ.
Мыңды бер күніне,
Демейді мұның не?-
Жемсауын толтырсаң,
Шықпайды үні де.
Түн жетім – шырақсыз,
Жер жетім – бұлақсыз.
Тамырсыз өсімдік –
Жерде орны тұрақсыз.
Дауыл бір тұрғанда-ақ,
Тал-терек ырғалмақ.
Домалай жөнелер,
Жел қуған бір қаңбақ.
Келгендер кетеді,
Жиғаны жетеді.
…Қыздай ғып ұзатар,
Момындар мекені!

РАХМЕТ, СЕНДЕРГЕ АДАМДАР!

Емеспін ерек өзіңнен,
Менің де бәлкім қатем көп.
Анам боп сүйіп көзімнен,
Құшақтап жүрсің әкем боп.
Айналайын, адамдар
Қарайсыңдар төніп кеп…
Көздерің маған сенеді.
Адалдықтарыңа еліктеп,
Жақсылық болғым келеді.
Ұстазымсыңдар, Адамдар!
Сендердің алақандарың,
Аялап мені тербеткен.
Сендерден атып таңдарым,
Таң нұрын сүйіп ер жеткем,
Бақытымсыңдар, Адамдар!
Тау көкірек талаппен,
Бердіңдер маған пәк арман.
Ұлылықтарыңа қарап мен.
Күнде бір қайта жаралам,
Арманымсыңдар, Адамдар!

ЖҮРЕГІМДІ СУЫРҒАНДАЙ СҰЛУ ЖАРҒА ІҢКӘР ЕМ МЕН

Жүрегімді суырғандай сұлу жарға іңкәр ем мен,
Құшар едім – талып қалам, құшпас едім талып барам.
Талабым – тай шабылмаған, шауып жатқан тұлпарлармен,
Жарасып ем – жыр домбыра күй төгілген сағағынан.
Өмір теңіз толқындармен жағаласып жүзіп барам,
Жастық базар дуылдаған, шаттықтың бал шарабынан.
Ұрттар едім – қызып қалам, ұрттамас ем – қызып барам.
Дүниенің барлық сырын жарқын жастық жылдарымда,
Ұғар едім – ұға алмаймын, ұқпай тағы жүре алмаймын.
Көңілімді елеңдеткен өнер таудың шыңдарына.
Шығар едім – шыға алмаймын, шықпас едім – шыдамаймын.
О, Нұрмахан! Сен ғана емес өткендер де айтқан бәрін,
Айтпасаң да адаспайды: атсаң-даға таласпайды.
Сонда-дағы кейбіреудің кеуде қағып айтқандарын,
Ақыл дер ем – жанаспайды, мақұл дер ем – жараспайды.

КІТАПХАНА

Көкіректе көзіміз жоқ, мына біз,
Кітапхана, – дейміз де, өте шығамыз.
Айына бір бас сұқсақ қой тым құрса,
Аздау бәлкім болар еді күнәміз.

Білімсіздік несі өмір, несі күн,
Білімменен ойым ұшқыр, есімі тың.
Бес уақыт намазым бар кітапта,
Кітапхана менің жұма-мешітім!

Ілім-білім қисындардан құраған,
Ең алғашқы кітаптардан нұр алған.
Исламият кітаптары алғашқы.
Бастау алған қасиетті Құраннан,

Кім байлыққа құнығады, кім таққа,
Тірлік мәні даналықта-кітапта!
Артық дәулет бермесең де ей, өмір,
Ақыл менен парасаттан жұтатпа!

ЕСІҢДІ ЖИ, АДАМЗАТ

Адам – ата, Хауа –ана ұрпақтары,
Тарихты бастан кешкен мың қатпарлы.
Шырылдап шықса даусың бір қиырдан,
Шуылдап жер мен көктен үн қат бәрің!

Адамзат, қилы-қилы жолың өткен,
Басыңа бақ құсы да қонып кеткен.
Ал, бүгін қырылысып жатқанымыз,
Осы ма, өркениет қолың жеткен!

Болғанда көршің арам, досың-дұшпан,
Ұшақтар ажал сеуіп тосын ұшқан.
Дүниені сақтау емес, жалмау үшін,
Жүрміз бе айла іздеп Космостан!

Патшалар! Ел қамын жеп, көпті ойлаған,
Әділет, шындық қазір жоққа айналған.
Өзгеге жасап өзі опасыздық,
Өз халқын жауып тұрған оққа айдаған!

Адамзат сілкін, дағы есіңді жи,
Адамдық биігіне көшіңді жи.
Қастаспас хайуан да адамдардай.
Жауықпай, бір-біріңе өшіңді тый.

Бір патша бауырындай мың патшаның,
Мың патша досы болғай бір патшаның.
Тұншығып өз қанына өлім тапқан,
Жүрмегей кебін киіп Кир патшаның.

Халыққа жағдай жаса, жарықта әлем –
Көтеріп тұрған сені алып кемең.
Құлы жоқ болса, Құдай кімге керек,
Патша да патша шығар Халықпенен.

ДАЛА ПАРЛАМЕНТІ

Қазақта өткен Майқы, Мөңке билер,
Мыңбасы болған Саңғыл – Сеңке билер.
Демократия мектебін солар құрған,
Халықтың қамын жекен өңкей дүрлер!

Әр би, әрі батыр Едігені,
Білсеңіз, Маңғыт-Қазақ еді тегі.
Төле би, Қазыбек пен Әйтеке би.
Реті мадақтаудың келді реті.

Айтқан сөз от та болған, оқ та болған,
Сол билер Парламентте, сот та болған.
Қақ жарып қара қылды тура сөйлеп,
Жарқылдап ақ алмастай шоқтан алған!

Тыңдады жарлы, кедей шерін, мұңын,
Даналықпен ел бірлігі.
Қайтарған ат үстінен нөкерлерді,
Екі ауыз сөзбен шешіп ердің құнын!

Әр істі сары мыстай саралаған,
Алдынан ренжіп халық тарамаған.
Шегелеп шығарған соң шешімдерін,
Бір істі екі қайта қарамаған.

Тура би тура жолдан бұлтармады,
Ақиқат бар екенін жұрт аңғарды.
Лақтырған, қуыршақтай жұлып алып,
Тізесі батқан елге сұлтандарды.

Беу халқым, Әділ болсаң алалар кім,
Шыжғырсаң, шындықты айтсаң жан алар кім.
Даңғырлап келе жатқан даңғылымыз,
Сап кеткен сара жолы бабалардың!

Қазағым Қас-Сақтардан қалған тегі,
Ықылым замандардан талант елі.
Сәулесін түсіріп тұр-бүгінге де,
Даланың дарабоздар Парламенті.

Бүгінде бірі манап, бірі датқа-ай,
Өлкеге бірі туған, бірі жаттай.
Үш Жүзден Үш Би қайта туса нетті,
Ақылсыз арландарды ырылдатпай!

Сөзімнің бірі жұмсақ, бірі қатты-ай,
Шілтиген шенділерге жүрмін жақпай.
Билерден өткендегі үлгі алсаңшы,
Шындықты шырылдатпай, дырылдатпай!

Нұрмахан НАЗАРОВ,
Халықаралық психология ғылымдары академиясының (Ресей) Құрметті академигі, Қазақстанның Мәдениет қайраткері, түркістантанушы, Түркістан қаласының Құрметті азаматы.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы