Түркістан қалалық Полиция басқармасының басшысы, полиция полковнигі Б.С.Селтанов: «ШАРАСЫЗҒА ПАНА БОЛУЫМЫЗ КЕРЕК»

2  448 көрілім

Өткен аптада Түркістан қалалық Полиция басқармасының басшысы, полиция полковнигі Селтанов Бауыржан Сапарұлымен сұхбат құрдық. Өзара әңгіме барысында біраз мәселені талқылап, полиция қызметкерлерінің бүгінгі тынысына да тоқталдық. Індеттің алдын алу барысындағы жұмыстар да ұмыт қалған жоқ. Бастысы қала аумағындағы қылмыстық құқық бұзушылықтардың деңгейі айтарлықтай төмендеген. Ендеше сұхбатымызға көшсек.

– Бауыржан Сапарұлы, халық арасында полиция қызметкерлеріне сенімсіздік таныту жағдайлары кездесіп жатады. Дегенмен тәртіп сақшысы ол – қарапайым жандарға пана болуы керек. Бұл заңдылық. Осы ретте өзіңіз басқаратын басқармада әріптестеріңіздің беделін көтеруге қатысты қандай қадамдарыңыз бар?

– Біз жұмыс күніміздің алғашқы минуттарын тәртіп сақшысы ретіндегі қызметті адал атқаруды бағдарлаймыз. Полиция өкілдерінің жұмыс күні осылай басталады. Одан бөлек, әрбір қызметкердің жұмыс бабындағы ұстанымы ол – Қазақстан Республикасының Ата Заңы. Міне осы қағида біздің міндетіміз.

Енді көпшілікпен тікелей жұмыс болған соң түрлі жағдайлар орын алады. Соның ішінде полиция қызметіне жүгінген жандардың тарапынан заң аясында атқарылған жұмыстарға келіспеушіліктер туындап жататыны рас. Мұның себебі, полицияға әбден қиналып, төзімі таусылған адам шағымданады. Ондай жандармен жұмыс жасау, сабырлыққа шақырып, түсіндірме жұмыстарын жүргізу кездерінде ішінара келіспеушіліктер орын алуы мүмкін. Одан бөлек, екі адамның арасындағы даулы мәселенің ақ-қарасын ажырату үшін оның біреуі өзі жасаған заңсыз әрекетіне жауапты болуы керек емес пе? Міне, осындай жағдайда жекелеген адамдар істің мәнісін ұғынбай қызбалыққа салынып полиция қызметкерлерінің жұмысына сенімсіздік танытады. Ал, біз өз беделімізге нұқсан келеді деп әркімнің қас-қабағына қарап отырсақ заңның орындалуына кім жауапты болады? Заң бәрімізге ортақ. Сол үшін тәртіпке бойұсынбағандар өз жазасын алуы тиіс. Осы жолда біз заңсыздықтан, тәртіпсіздіктен зардап шеккен, зәбір көрген жандарға пана болуымыз керек. Сонымен бірге, кей кездерде полиция қызметкерінің тарапынан ағаттықтар орын алып жатуы мүмкін. Мұндай жағдайда әрбір азаматтың құқығын аяқасты етпес үшін тәртіп сақшысының жауапкершілігін қарауға қатысты түрлі заңдық тетіктер қарастырылған яғни, полиция да жауапкершіліксіз қалмайды.

– Осы күндері қоғамда әр салада кадр тапшылығы орын алуда. Бұл қатарда полиция өкілдері де бар шығар?

– Аталған мәселе бұрындары солтүстік аймақтарда жиі кездеседі деуші едік. Қазіргі таңда бұл біздің өңірге де тән құбылысқа айналып келе жатыр. Иә, полиция қызметінде жауапкершілік жүгі жеңіл емес. Халықтың аманатын арқалаған соң уақытпен санаспай еңбек етуімізге тура келеді. Сондықтан осындай жағдайлар кейінгі толқын қызметкерлердің кейбіріне қиындық тудырып жататын сыңайлы. Бұлай деп отырғаным, полицияға қызмет етуге бел буып, іске кіріскен азаматтар көп ұзамай өз еркімен жұмыстан босап жататын жағдайлар кездеседі. Бұл салада ол азаматтардың абыроймен еңбек етуіне қарым-қабілеті жетуі мүмкін. Бірақ, жауапкершілік жүгін арқалауға батылы болмайтындай көрінеді маған. Осы ретте елге қызмет етемін деген жастарға әуел баста қабырғаны қайыстырар еңбексіз, биік белестерді бағындыру екіталай дегім келеді. Халқымызда «ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деген даналық сөз бар. Сол секілді жас күнінде дұрыс тәлім-тәрбие алып, бейнет көрмеген ұрпақтан болашақта үлкен жетістік күту құмға су құйғанмен бірдей. Әрине, көпке топырақ шашпаймын. Дегенмен ел ішінде жүрген соң осындай жандар кездесіп жатады. Сіз айтқан кадр мәселесінің бір ұшы осында десем артық айтпаған болар едім.

– Көпшілік жастардың қатысуымен болатын қылмыс саны көп деген пікірлер бар. Сонымен бірге, адамдардың қылмыс жасауына нендей жағдайлар себеп болып жатады?

-Иә, жастардың үлесі аз емес. Дегенмен, оның барлығы саналы түрде қылмысқа барып жатпағанын да ескеру керек. Бір дерек келтіре кетсем. Бұрын қылмысты сотты болған азаматтар қайталап жасап жататын жағдайлар жиі болатын. Қазіргі таңда алкагольдік өнімдерді пайдаланған және қиналғаннан теріс әрекетке баратындар қатары артты. Жастардың қатысуымен жасалатын қылмыстарды негізінен кейінгі екі санатқа жатқызуға болады. Бұл бірінші кезекте қоршаған ортаның ықпалына байланысты. Мәселен үлгілі отбасының балалары көшеде бұзақы жастармен немесе оның сыныптастарының арасында толық емес отбасыдан шыққан қылмысқа бейім жеткіншектермен дос болуы мүмкін. Міне, осындай қатынастардың соңы өмірге енді бейімделіп келе жатқан адамға үлкен әсері бар. Сондықтан бала тәрбиесінде ата-ананың рөлі аса маңызды. Мектепті бітірген баласын ұлым ер жетті деп еркіне жіберуге әсте болмайды. Үлкендер тарапынан бақылау қажет.

– Биыл Түркістан қаласында жасалған қылмыстық құқық бұзушылықтардың саны өткен жылға қарағанда қай деңгейде?

– Орын алған барлық қылмыстық құқық бұзушылықтардың деңгейін өткен жылдың 9 айымен салыстырғанда 992-ден 760-қа төмендеді. Қоғамдық орындарда жасалған қылмыстар былтырғы жылмен салыстырғанда 42,5 пайызға, көшелерде жасалған қылмыстар 36,5 пайызға, бұрын сотты болған адамдардың жасаған қылмыстары 48,3 пайызға, мас халде жасалған қылмыстар 2,7 пайызға, адамдардың топтасып жасау қылмыстары 59,4 пайызға, кәмелеттік жасқа толмаған не олардың қатысуларымен жасалған қылмыс 20 пайызға қару қолдану арқылы жасалған қылмыс саны былтыр 8 болса биыл 2 жағдай орын алып, жалпы көрсеткіш төмендеп отыр. Сонымен қатар, «нөлдік төзімділік» бойынша көпшілік орындарды ластаған, белгіленбеген орындарда темекі тартқан, спирттік ішімдік ішкен, ұсақ бұзақылықтар жасаған азаматтарға 5429 әкімшілік хаттама толтырылған. Дәл осындай көрсеткіш 2019 жылдың 9 айында 1363-ті құраған болатын. Барлық толтырылған әкімшілік хаттамалардың қорытындысымен жалпы сомасы 278 млн 501 мың теңге айыппұл салынып, оның 71,7 пайызы мемлекеттің кірісіне өндірілді. Бұған қоса жеке құрам тарапынан жүргізілген рейдтік шараларының нәтижесінде қаламызда орын алған жол көлік оқиғалары биыл 9 ай қорытындысымен өткен жылға қарағанда 12,5 пайызға, оның ішінде өлімі 33,3 пайызға, жарақаттанғаны 43,9 пайызға төмендеді.

– Құқық бұзушылықтың ішінде қоғамдық орындарда індеттің алдын алуға байланысты талаптардың сақталуына тұрғындар тарапынан әлі де немқұрайлылық байқалатын сияқты?

– «Сақтықта қорлық жоқ» деген сөз бар. Осы ұғымды естен шығармау керек. Бүгінгі таңда осындай ескертпеге құлақ аспаған 572 азамат карантин режимін бұзу фактілері бойынша жауапқа тартылды. Кей жағдайларда тұрғындар тарапынан түсінбестік туындап жатты. Дегенмен тәртіптің аты тәртіп. Оларға тиісті шара көру үшін Түркістан қаласы тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасына жолданды. Сондай-ақ, бұл бағытта күнделікті құрылған мобильдік топпен жұмыстар өз жалғасын табуда. Біздің полиция өкілдері осындай қиын шақта елдің игілігі үшін аянбай қызмет етіп келеді.

– Айта берсек мәселе көп. Дегенмен осы жұмыстарды атқару барысында басқарма қызметкерлерінің кедергісіз жұмыс жасауына мүмкіндіктер жеткілікті ме?

– Әрине, жағдайымыз жоқ емес. Десек те халыққа сапалы қызмет ету барысында қызметкерлерге үнемі қолайлы жағдай жасап отыру қажет. Осы мақсатта жергілікті атқарушы органға өзіміздің ұсыныстарымызды жолдағанбыз және осы бағытта өз тарапымызда ізденіс үстіндеміз.

– Қандай ұсыныстар?

– Учаскелік инспекторларының саны қала тұрғындарының санына шаққанда жеткіліксіз. Бұдан бөлек туристік полиция мен патрульдік қызметті жетілдіру барысында әлі де штаттық бірлік жетіспеушілігі байқалады. Сонымен бірге, қала аумағы 9 әкімшілік аймаққа бөлінген. Әр әкімшілік аймақтардың учаскелік полиция пункттері толыққанды күрделі жөндеу жұмыстарын, қосымша техникалық жабдықтар және жаңадан тірек пункттерін салуды қажет етеді. Осы секілді қала аумағында көпқабатты үйлер аулаларында, қаланың басты көшелеріне бейнебақылау камераларын орнату қажет. Бұның барлығы қала тұрғындарының қауіпсіз, жайлы өмір сүруі үшін жасалып жатқан ұсыныстар.

– Әңгімеңізге рахмет!

Мәлік ДӘУЛЕТОВ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы