ӘНЕЛДІҢ САҒЫНЫШЫ

590 көрілім

Нәзір Төреқұловтың қызы Әнелдің өмірдегі тағдыры қиылы-қиылы болды. Әкесі Нәзір «халық жауы» атанып, түрмеге жабылуы қаршадай қыздың жүрегіне ауыр соққы еді. Бүкіл саналы ғұмырын кеңес өкіметіне арнаған Нәзірдің қызметін жоғарыда басшылықта отырған басшы-сымақтар ескермей, оны халық жауының қатарына таңады. Талай жоғары лауазымды қызметтер атқарған және тұңғыш елші атанған Нәзірдің аяқ астынан «тыңшы», «халық жауы» болуы шын мәнінде таң қаларлық жағдай еді.

Мәскеудегі Лубиянка түрмесі Нәзірдің өмірінің соңғы тұрағы болды. Осы түрмеде қазақтың арда ұлы мәңгілік келмес сапарға аттанды. Әкесінің өлімін естіген жас қыз Әнелге қатты соққы болды. Әке өлімінен ауыр соққы көрген жас қыз еш нәрсеге мойнымай өмір тағдырымен күресе білді. Ер жетіп, бой түзеген Әнел оқу іздеп, жоғары білім алып, мидай қайнаған тіршілікке араласты. Қанша дегенмен жас Әнелдің әкеге деген сағынышы еш басылмады. Кішкентай қыз кезінде әкесі Нәзірдің өз әкесі Төреқұл жайлы және ата-бабалары мекен еткен Түркістан, Қандөз жайлы айтқан әсерлі де қызықты әңгімелері Әнелдің есінде еміс-еміс қалған болатын-ды.

Қазақ елі тәуелсіз ел болып, өз алдына мемлекет атанғанда Әнелдің қуанышында шек болмады. Өйткені Әнелдің есіне әкесі айтқан Түркістан, Қандөз жайлы әсерлі әңгімелер жиі-жиі орала бастады. 1990-шы жылдардың орта тұсында Түркістаннан шыққан білімді, білікті азамат Ыбырай қажы Ысмайлов Нәзірдің соңында қалған жалғыз қыз Әнелдің бар екендігін естіп, іздеуге кіріседі. Көп ізденістің нәтижесі өз жемісін берді. Ыбырай қажы Мәскеуден тұрақ тапқан Нәзір қызын табады. Міне, осыдан бастап Ыбырай қажы мен Әнелдің арасында ағайын-туыстық байланыс орнайды. Ыбырай қажы Әнелге Түркістан жайлы кең мәлімет береді. Осы Ыбырай қажы айтқан әсерлі әңгімелер Әнелдің әкесі Нәзірдің туған өлкесімен сырттай танысып, кеңінен біле бастады. Түркістан, Қандөз жайлы көп мәліметтер алады. Әнелдің әкесі Нәзірге деген және атасы Төреқұл мен ата-мекені Түркістанға деген сағынышы ұлғая түседі. Қанша оқталып, әкесінің, ата-бабаларының туған мекеніне барғысы келсе де бір жолы түспеді.

Әнел Түркістанда әкесі Нәзірдің атына берілген мектеп бар екендігін естіп балаша қуанады. Бертің келе Әнел Нәзірқызы осы мектеп ұжымымен таныстық орнатып, тығыз қарым-қатынаста болды. Екі тарапта бір-біріне хат жазысып, хат берісіп байланыс жасап отырды. Өмірінің соңына дейін Нәзірқызы Әнел мектеп ұжымымен қарым-қатынасын үзбеді.

Түркістандағы Нәзір Төреқұлов атындағы мектеп ұжымы Нәзірқызы Әнелді Түркістан шаҺарына келуін талай өтініп хат жолдады. Бірақ 77 жастағы Әнелді ауру меңдеп, төсек тартып жатқан кезі еді. Дегенмен қарт ана мектеп басшылығына Мәскеуден хат жолдады. Орысша жазылып, жолданған хаттың мәтінінде Нәзірқызы Әнел мектеп ұжымына Түркістан қаласына шақырғанына шын көңілмен ризашылығын білдіреді. Мектеп ұжымының хатына Әнел жауап ретінде және өзінің әкесінің және ата-бабаларының мекеніне, Түркістанға деген сағынышын төмендегі хатта былай баян етеді. Біз осы хатты қазақша нұсқасын беруді жөн көріп отырмыз.

«Қымбатты балалар! Сіздердің маған көңіл бөліп іздегендеріңізге өте қуаныштымын. Хаттарыңызды оқып әкемді бағалап құрметтегендеріңіз үшін шексіз бақытты және риза болдым. Нәзір Төреқұловтың өмірі мен шығармашылығын үйрену жолындағы ынта жігерлеріңізге үлкен алғыс білдіремін. Сондай-ақ маған шақыру қағазын жолдағандарыңыз үшін рахмет. Егер менің денсаулығым көтерсе қуана-қуана баратын едім. Өкінішке орай 77 де, ауыр науқас хәлдемін, әрекеттенуге қуатым жоқ. Сіздердің өңірлеріңізден туыстарымның келгені маған күш қуат болды, әкем тарапынан өте көп жақын туыстарым бар екендігі мені қуантады. Бұл туралы білмегенмін, армандап та көрмеген екенмін. Мен өзімді мұсылман деп есептесемде, өкінішке орай қазақ тілін білмеймін. Себебі, мен Мәскеуде туып өстіп, 12 жасымда әкемнен жетім қалдым, ана тілімді үйренуге мүмкіндік болмады. Бүкіл саналы өмірім Мәскеуде өтті. Сол себепті хатымды сіздерге орыс тілінде жаздым. Сіздердің ұжымдарыңызды еңбекте, оқуда жаңа табыстарыңызбен құттықтаймын. Барлықтарыңызға мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр тілеймін. Денсаулығым мүмкіндік берсе сіздерге барып әкемнің өмірі, жұмысы туралы әңгімелеп беруге әңгімелеп беруге уәде етемін. Сонымен бірге өтініштеріңізді орындап, қор төрағасы арқылы архив құжаттарын жібердім. Сіздерге ізгі ниеттермен Әнел Нәзірқызы.»

Қарт кейуана мектеп ұжымынан кешірім сұрап, өкініш білдіреді. 77 жасына қараған шағында қарт ана мәңгілікке сапар шегеді. Қарт ананың сүйегін Нәзірдің туып өскен өлкесі Түркістанға жеткізуді қолға алған Ыбырай қажы Ысмайлов азаматтық жасап, оның денесін Түркістан топырғаның ыстық құшағына тапсырады.

Қазақтан шыққан тұңғыш дипломат Нәзір Төреқұловтың жалғыз қызы Әнел бұл күндері Түркістан топырағында мәңгілік ұйқыда. Өмірінің соңына дейін әкесі Нәзірді аңсап, сағынып өткен Әнел әкесінің атамекенін көру, бару маңдайына жазылмады.

Облыс орталығы Түркістан қаласында қазақтан шыққан тұңғыш дипломат Нәзір Төреқұлов атындағы музейінде Нәзір Төреқұлов мектебінің ұжымымен тығыз байланыста болған Нәзірдің қызы Әнелдің өмірінің соңында Мәскеуден жолдаған соңғы сағыныш хаты экспонат ретінде көрініс тапқан. Музейге келген әрбір көрермен оқушы осы экпонатты көріп, сондағы Әнелдің мектеп ұжымына жазған соңғы сағыныш хатын оқып, зор әсерге бөленетіні хәқ.

Бақытжан ЖОРАБЕКОВ,
Нәзір Төреқұлов музейінің аға ғылыми қызметкері.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы