ЖАҢА ЖҮЙЕДЕ ЖҰМЫС ЖАСАУҒА ДАЙЫНБЫЗ

1  107 көрілім

Қашықтықтан оқыту – білім алушы мен педагогтың ақпараттық-коммуникациялық технологияларды және телекоммуникациялық құралдарды қолдана отырып жүзеге асыратын оқыту түрі екендігін білеміз. Бұл бүгін пайда болған жүйе емес. Әлемнің Ұлыбритания, АҚШ сияқты елдерінде бұрыннан қолданылып келеді.

Ал, Қазақстанда биылғы пандемиялық жағдайға байланысты алғаш рет жаппай қолданылып отыр. Біз бұл жүйеде жұмыс жасап көрмегендіктен алғашқы күндері абдырағанымыз, түсініспеушіліктер пайда болғаны жасырын емес. Дегенмен, уақыт өте бәрі қалыпқа түсті. Ұстаз бен ата-ана және шәкірт бірлесе жұмыс жасаса, бұл олқылықтың да орнын толтыруға болатынына көзіміз жетті.

Жаңа жүйені меңгеру біздер үшін де, оқушыларға да тиімді деп есептеймін. Жаңа білім беру ресурстары қазіргі таңдағы жаңашыл мұғалімнің күнделікті сабақты және сабақтан тыс жұмыстарын ұйымдастыруда таптырмас құралы екенін айта кеткім келеді. Сол мақсатта жаңа оқу жылына үлкен дайындық жүргіздік. Қашықтықтан оқытуды үйрететін бірнеше онлайн курстарға, телесабақтарға қатысып, білімімізді жетілдірдік. Интернет арқылы оқу жүйесін таңдау, цифрлық білім беру ресурстары мен электронды почтаны пайдалану арқылы кері байланыс орнату сияқты жұмыстарды ендігі кезекте қиналмай жүргіземіз деп ойлаймын.

Бұл тұрғыда Білім және ғылым министрлігі үлкен жұмыстар атқарып жатыр. Министр Асхат Аймағамбетов өзі ұстаздармен жиі байланысқа шығып, саладағы өзгерістер туралы құлақтандырып келеді. Қалалық адами капиталды дамыту бөлімінің мамандары да біздің дайындығымызды пысықтауға көп көмек көрсетіп келеді. Әр облыс, қала, аудан білім беру бөлімдері жанында әдістемелік көмек көрсету жөніндегі Call-орталықтардың жұмысқа қосылғандығы да ұстаздар үшін зор көмек. Қазіргі таңда тиімді оқыту платформасы ретінде Mektep Online таңдалып отыр. Бұл платформаның артықшылықтарына, тиімділіктеріне онымен жұмыс жасау жолдарын үйренгенде көз жеткіздік. Алдағы уақытта басқа да әріптестерім сияқты мен де жаңа жүйені еркін меңгеріп, оқушылардың терең білім алуы үшін жұмыс жасайтын боламын.

Қамажай ҚАЛДЫБАЕВА,

№27 ІТ мектеп-лицейінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы