СӨЗ ҚҰДІРЕТІН ЖҮРЕККЕ ЖЕТКІЗГЕН СҰХБАТ

719 көрілім

Сөзден құдіретті нәрсенің жоқ екені ақиқат. «Жылы-жылы сөйлесең, жылан інінен шығады» дейтін халық даналығы сөз құдіретін тіпті де айқындай түскендей. Бүгінде әлем елдерін, соның ішінде елімізді алаңдатып отырған індет туралы айтпасақ та белгілі. Осы бір жаман ауру жұрт көңіліне күдік ұялатып, болашағын алаңдатып отырған тұста Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Қазақ халқының тағдыры тарих таразысында тұр» атты сұхбаты көңілге демеу болып отыр.

«Ана тілі» газетіне арнайы берілген атаулы сұхбат сөзге тоқтайтын ұлттық санамызға сілкініс сыйлайтыны белгілі. Онда ортаға салынып, айтылған мәселелер тізбегі өте қажетті дүниелер. Мәселен, Үкімет індеттің таралуына жол берді немесе ауруханада орын жетіспейді деген сыңайда таралып, жұрт көңіліне уайым тудырып жүрген сұрақтарға нақты жауап берді. Осы төңіректе ойларын ортаға салып, дәйекті уәжімен түйіндеді. Былайша айтқанда, біз осы індетпен күресте жеңіліп жатырмыз болмаса, Үкімет ахуалды бақылаудан шығарып алды деуге негіз жоқ екенін, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында жұқпалы ауруларға арналған үш аурухананың жедел салынғанын, басқа өңірлердегі ауруханалар керек-жарақпен жабдықталғанын, науқастарды емдеуге дәрігерлеріміздің біліктілігі жететіндігін тілге тиек етті.

Сонымен бірге, егеменді ел болсақ та бүгінге дейін талас тудырып, маңдай алды мәселелердің қатарынан түспеген ана тіліміздің жай-күйі айтылды. Мұнда «Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың айрықша еңбегін атап өтуге тиіспіз» деген ойын нақтылаған Президент, тіл төңірегінде бүгіні және келешегі жайлы кеңінен пайым етті. Мемлекеттік тілді дамытуда қызбалықтан гөрі сабырмен, айғайдан қарағанда ақылмен шешудің қажеттілігі жайына тоқталды. Ана тілдің үздіксіз дамуына, тұтас ел көлемінде мәртебесін көтеруге қарата істеуге тиісті қадамдарды атап көрсетті. Бұл тұрғыда әлемдегі кей елдердің озық тәжірибелерін пайдаланудың керек екенін де ойға салды. Түптеп келгенде ұлттық тіліміздің абыройы уақыт өткен сайын асқақтамаса аласармасын шегелеп айтты.

Сонымен қатар, тұтас елдің кемелденуі мен жаһандық көшке ілесіп дамуы туралы ойлар сөз болды. Анықтап айтқанда той қуатын кездің өткенін, ғылымның қалыптасуы үшін тер төгетін кездің жеткенін анық ескертті. Әрбір ел азаматы болып ұлттық мүддені қорғаудың қажеттілігін, ел өркениетінің жаңа бағытта қалыптасуы үшін еңбек етудің маңызына басымдық берілді.

Мемлекеттің басты ұстанымы ретінде халықтың ертеңі, олардың азаматтық құқығы сақталатындығы туралы да сөз болды. Елімізде өзекті және маңызды саналған барша істердің заңдық талаптар аясында шешімін тауып, халық сұранысы үшін нақты жұмыстар жүретіні белгілі. Бұл жерде басты назарға алынатын лепірген құр сөзден гөрі, шынайы атқарылған істердің болуы. Біз саралап отырған сұхбатта осының барлығы жеке-жеке айтылып, бір ой жиегінде сараланды.

Қорыта келгенде, Президентіміздің ортаға салып отырған сүбелі ойлары бүгінгі билік не істеп жатыр дегенге жауап болғандай. Шындығында Мемлекеттің орнықты, тұрақтылығы жолында атқарылатын әрбір ісі өте жауапкершілікті қажет етеді. Өйткені оның артында қаншама халық тұрғанын бәрімізге белгілі жай. Әлем саясатына ілесуде, әлем экономикасынан мықтап орын алуда білікті мамандар және кемеңгер басшылық құрамы керек екені тағы бар. Осы тұрғыда ел болып билікті, билік халықты қолдап отыруы тиіс. Осындай болғанда еліміздің көсегесі көгеріп, дамыған үстіне дами беретіні өтірік емес.

Атаулы сұхбаттың көтерген жүгі де осындай тілектен, елімізге деген құрметтен туған дүние екенін айтқанымыз оңды болмақ. Ел болып аурумен күресіп жатқан қиын кезеңде сөз құдіретімен жүрекке жылулық жеткізген салмақты ой жемісі деуге болғандай.

Жарқынбек ҚҰЛБАЙЫМБЕТОВ,

Түркістан қалалық ардагерлер ұйымының төрағасы.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы