Жуырда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің бірқатар облысындағы су тасқыны салдарынан орын алған күрделі жағдайға байланысты Қазақстан халқына үндеу жасаған болатын.
– Баршаңызға белгілі, қазір елімізде күрделі жағдай қалыптасып отыр. Қардың күрт еруіне байланысты аймақтарда су тасқыны болып жатыр. Бұл – табиғи апат. Мұндай ахуал ұзақ жылдан бері болмаған. Бұл көлемі жағынан соңғы 80 жылдан бергі ең ірі табиғи апат деуге болады. Су тасқынына байланысты еліміздің он аймағында төтенше жағдай жарияланды. Үкімет қарғын судың салдарын жоюға бар күшін салуда. Жағдай өте күрделі болса да, біз қиындықты міндетті түрде еңсереміз, барлығын қалпына келтіреміз. Ең бастысы – азаматтардың амандығы. Тасқын судан зардап шеккен азаматтарға айтарым, мемлекет бірде-бір адамды ескерусіз қалдырмайды. Баршаңызға қаржылық және басқа да көмек беріледі. Материалдық шығындар толық өтеледі – деді Мемлекет басшысы. Халық жанашырлығын, қайырымын бір кісідей білетін Түркістан облысының тұрғындары қарғын судан зардап шеккен аймақтарға күн сайын көмек керуенін жөнелтуде.
Осыған орай, «Түркістан» газетінің қызметкерлері де тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға көмек ретінде бір күндік жалақысын аударды. Естеріңізге сала кетейік, еліміздің бірнеше облысындағы су тасқынына байланысты табиғи апат аймағындағы тұрғындар үшін облыстық «Жастар ресурстық орталығында» штаб құрылып, қабылдау пункті ашылған болатын.
Алғашқы гуманитарлық көмектер аттанған сәттен бастап өңір тұрғындарының жәрдемі толастаған емес. Айталық, өңір жастарынан құралған ерікті топ Ақтөбе, Батыс Қазақстан облыстарына көмекке аттанды. Елімізде жарияланған төтенше жағдайға байланысты «AMANAT» партиясының Түркістан облыстық филиалы, «Jastar ruhy» ЖҚ Түркістан облыстық филиалы, қоғам белсенділері мен жергілікті әкімдікпен бірге 1 сәуірден бастап Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қостанай облыстарына жалпы көлемі 300 тоннадан астам гуманитарлық жүк жолданды. Оның ішінде киім-кешек, көрпе-төсек, азық-түлік, гигиеналық заттар мен палатка, пленка, фонарик секілді қажетті заттар бар. Сондай-ақ, қасиетті «Ораза айт» мейрамы күні киелі қала тұрғындары жинаған 60 тонна гуманитарлық көмек Торғай қаласына жолға шықты. Бұдан бөлек «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық фииалы баспасөз қызметінің хабарлауынша, аталмыш партияның қолдауымен Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ университет ұжымы мен студенттері қиын жағдайға тап болған отандас-тарымызға жан-жақты қолдау шараларын ұйымдастырған. Оқу орнының 500-ге жуық оқытушысы мен қызметкері бір күндік жалақысын қайырымдылыққа аударып, 4 млн теңгеден астам қаражат жинады. Университеттің Өкілетті Кеңес төрағасы Мухиттин Шимшек түркиялық бауырлардың атынан қосымша 3 млн. теңге қаражат жіберген. Ал, оқу орнының «Актерлік өнер» мамандығының 2 курс студенттері арнайы қайырымдылық акциясын ұйымдастырып, «Пай-пай, жас жұбайлар-ай» атты қойылым сахналап, билет сатылымынан түскен қаржыны материалдық көмекке аударды.
Елдің ынтымағы мен бірлігі бекем болса, қайбір қиындықты да еңсеретініміздің бір дәлелі бүгінгі жағдай екені даусыз. Батыс, шығыс, орталық және солтүстік аймақтардағы жағдайға өңір тұрғындары бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, үлкен ұйымшылдық танытуда. Алдағы уақытта да тасқын судан зардап шеккен аймақтарға облыс көлемінде гуманитарлық көмек керуендері ұйымдастырылмақ.
Дәурен ТІЛЕУХАН.