БАЛАЛАР ТОЗЫҒЫ ЖЕТКЕН ҒИМАРАТТА БІЛІМ АЛУҒА МӘЖБҮР

387 көрілім

Түркістандағы зерде бұзылысы бар балаларға арналған мектеп-интернаты стандарттық талапқа сай емес. Ерекше балалар үш жылдан бері қала аумағындағы ескі, санитарлық талаптар мүлде сақталмаған, тозып кеткен ғимаратта білім алуға мәжбүр. Ал ата-аналардың мемлекет тарапынан бекітілген қамқоршылықты толық ала алмай отырғаны жандарына батады. Олардың сөзінше, мектеп-интернатының аянышты күйінен барлық шенділер хабардар, алайда, нәтиже бүгінге дейін оң шешімін бермеген.

«Біз ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін бірдей мүмкіндік жасауға міндеттіміз». Бұл мемлекет басшысы, Қасым-Жомарт Тоқаевтың жолдауында айрықша тоқталып, тарқатып айтқан сөзі. Содан бері, республика көлемінде бірнеше жобалар қолға алынып, әсіресе, ерекше күтімді қажет ететін балаларға көңіл бөлу, жағдай жасау талаптары күшейтілді. Алайда Түркістан облысындағы ерекше балалардың тағдырына көпшілік бей-жәй қарайтын секілді. Себебі облыс орталығында орналасқан Түркістан көмекші мектеп-интернаты үш жылдан бері назардан тыс, тозып кеткен, санитарлық талаптарға мүлдем сай емес ескі ғимаратта елеусіз отыр. Бұл мектептің ахуалын өңір басшылығы толық білсе де, әлі күнге дейін мәселе түйіні тарқатылмаған.

Түркістан көмекші мектеп-интернатының қазіргі ғимараты

80 ЖЫЛДЫҚ ТАРИХЫ БАР МЕКТЕП

Түркістан көмекші мектеп-интернатының іргетасы 1942 жылы қаланған. Сол кезде соғыс уақытында жетім қалған Украйна, Белоруссия, Ресей мемлекетінен келген балаларға арналған «жетімдер үй» ретінде ашылған. Соғыс аяқталып, жетімдер үйінің қажеттілігі жойылған соң, 1952 жылы ерекше оқыту мен тәрбиелеуді қажет ететін зерде бұзылысы бар балаларға арналған Түркістан көмекші мектеп-интернаты болып өзгертілген. Терең тарихы мен мол тәжірибесі бар мектеп-интернат бүгінге дейін жұмыстарын жүйелі түрде жалғастырып келген. Тіпті мектеп-интернаттың 4 гектар жері мен бау-бақшасы, қосалқы шаруашылығы, спорт алаңы, жабдықталған 4 қабатты жатақханасы және 3 қабатты оқу ғимараты болған. Алайда 2020 жылы мектеп ғимараты Түркістанның рухани-мәдени аймақ балансына айналып, өңір туризмі үшін Халықаралық туризм және меймандостық университетіне берілген. Нақтырақ, облыс әкімі Ө.Шөкеевтің шешімімен сол кездегі қала әкімі Р.Аюповтың «Ғимаратты коммуналдық меншікке қабылдау туралы 22.04.2020 жылғы №738 қаулысы, Түркістан облысының адами әлеуетті дамыту басқарма басшысы Р.Жолаевтың «Басқа мекен-жайға көшіру туралы» 18.05.2020 жылғы №111 бұйрығымен Түркістан көмекші мектеп-интернатының жері мен ғимараты қала теңгеріміне өткізілген.

2020 жылы Өмірзақ Шөкеевтың тұсында мектеп-интернатының жаңа ғимаратын салуға уәде етілген. Содан бері үш жыл өтсе де, ғимараттың құрылысы басталмаған. 2020 жылдың 1 қыркүйегінен бүгінгі таңға дейін мектеп-интернат бейімделген, ескі ғимаратты 4 млн тенгеге жалға алып отыр. Жалға алынған ғимарат стандарттық талапқа мүлдем сай емес. Балалардың жатын орны, оқу бөлімдерінен айтпағанда, жуынатын бөлме жоқ. Ең сұмдығы, ерекше күтімді қажет ететін мектеп ғимаратында санитарлық талапты былай алғанда, пандус жоқ. Ал мектеп-интернат тәрбиеленушілері спорт залда доп ойнап әрі сол орынды асхана ретінде пайдалануға мәжбүр.

мектеп-интернаттың спорт залы әрі асханасы

«ЖАҢА ҒИМАРАТ САЛЫП БЕРЕМІЗ ДЕГЕНДЕРІ ҚАЙДА?»

Осындай жағдайда баласын мектепке сеніп тапсырып отырған Нұрия Балтабайқызы әлі күнге дейін шенділердің көңіл бөлмей отырғанына таң қалады. Оның Медет есімді баласы биыл 10 сыныпқа өткен. Нұрия апай ерекше күтімді қажет ететін өзге де балалардың құқығы тапталмай, баласының стандартты талапқа сай мектепте білім алғанын қалайды.

Нұрия апай ұлы Медтпен

«Менің балам бұл көмекші мектеп-интернатында 1 сыныптан бері білім алып келеді. Өзім ерекше күтімді қажет ететін баланы тәрбиелеп отырған соң баламның болашағына бей-жай қарай алмаймын. Оның жақсы білім алуы үшін қашанда аянған емеспін. Білмеймін, өзім осылай әрекет еткен соң, жұрттың барлығын өзімдей көремін. Балам ерекше күтімді қажет ететін бала. Демек, ата-ана ретінде менің жауапкершілігім өзгелерге қарағанда екі есе. Тиісінше, мемлекеттік, жергілікті билік те бұл мәселеге үлкен жауапкершілікпен қарауы тиіс. Өкінішке қарай, Түркістан көмекші мектеп-ғимараты баламның негізгі құқығының тапталуына себепші болып отыр. Себебі, ғимарат ерекше күтімді қажет ететін балалардың стандартына сай емес. Ешқандай санитарлық талап сақталмаған» – дейді ата-ана. Сондай-ақ, ата-ана мектеп ғимаратының бұл жағдайын мәслихат депутаттарынан әкімге дейін хабарлап, шағымданғанын айтады.

«Үш жылдан бері ата-аналар шағымданып, бармаған жеріміз қалмады. Әкім Нұрбол Тұрашбековке де, мәслихат депутаттарына да, тіпті облыстық білім басқарма басшысына дейін бардық. Алайда нәтиже жоқ. Байқаймын сол тозығы жеткен, ескі ғимаратпен биыл да алысатын секілдіміз. Мектеп-интернатының бұрын әп-әдемі ғимараты болған. Неге алып қойғаны түсінікті, алайда жаңа ғимарат салып береміз дегендері қайда? Балам әлі күнге дейін ескі мектеп ғимаратын көрсе жылап қалады. Басқалар оны түсінбеуі мүмкін. Бірақ мұндай балалардың жаны тым нәзік, сынғыш болады. Ана ретінде, баламның заман талабына сай, жаңа ғимаратта, ел қатарлы құқығы тапталмай білім алғанын қалай-мын. Ұлымның аянышты жағдайда мәжбүрлі түрде ескі ғимаратта білім алып жатқаны жаныма батады» – дейді Нұрия Балтабайқызы.

«ҒИМАРАТ 50 ПАЙЫЗ ТАЛАПҚА САЙ ЕМЕС»

Түркістан көмекші мектеп-интернатының директоры Сембай Теңізбаев ғимараттың 50 пайыз талапқа сай келмейтінін мойындады. Қазіргі таңда жаңа ғимаратқа көшуге дайын отырғанын айтты.

«Көріп тұрғаныңыздай, ғимарат ескі. Ата-аналар айтып отырған мәселенің барлығы рас. 2020 жылдан бастап мектеп ғимаратының стандарттық талапқа мүлде сай еместігін айтып, хат жазып келемін. Парламентке дейін бұл мәселені көтердім. Соңында қала әкімі Н.Тұрашбековтың 2022 жылы 2наурыздағы №525 қаулысымен 3 га жер учаскесі берілді. Жер учаскесінен АКТ алынып, су, жарықтан техникалық шарт алынып, АПЗ жасалды. Бірақ білуімше, ғимарат құрылысы әлі басталған жоқ. Білім басқармасы да, облыстық әкімдік пен мәслихат депутаттары да бұл жәйттан хабардар. Жақында мектепті Кентауға ауыстыру туралы сөз қозғалды. Дегенмен Кентауға ауысу бізге тиімсіз. Себебі мендегі тәрбиеленушілердің 70 пайызы Түркістан қаласынан. Олардың қатынауы, ата-аналардың келуі қиындайтын болады. Бірақ соған қарамастан, оған да көніп отырмыз. Тек жоғарыдан бұйрық күтудемін. Бастысы стандарттық талапқа сай ғимаратпен қамтамасыз етілсек болғаны. Одан бөлек, 2020 жылдан бастап қаланы толық аралап шықтым. Қалада 200 балаға лайықты ғимарат жоқ. Мысалы қазір біздің мектепте 134 бала бар, биыл 7-8 бала қосылуы мүмкін. Себебі жылдан жылға ерекше балалар саны артпаса, кемімей жатыр» – дейді мектеп директоры. Сонымен қатар, Сембай Теңізбаев ғимараттың мәселесіне байланысты ата-аналар-дан әр жыл сайын шағым еститінін жасырмады.

«Үш жылдан бері ата-аналардан ұрыс естіп келемін. Ата-аналардың көбісі біздің бұрынғы шәкірттеріміз. Олар бұрынғы ғимарат пен қазіргінің ара-жігін жақсы ажырата алады. Былтыр 3га жер берілді, енді жаңа ғимаратқа кіретінімізге әлі де үміттіміз» – дейді Сембай Теңізбаев.

Түркістан көмекші мектеп-интернатының әжетханасы

Жоғарыда айтылған дерек бойынша, қала аумағынан берілген 3 га жердің құрылысы қашан басталатындығын анықтау мақсатында облыстық құрылыс басқармасынан сұрау салдық. Алайда, Түркістан көмекші мектеп-интернат ғимаратының құрылысы басқармаға әлі өтпеген болып шықты.

Қазақстан Республикасы білім туралы №319 заңы, 19 бабында «Кемтар балаларды әлеуметтік және медико-педагогикалық түзеу арқылы қолдау» заңы бар. Дегенмен, Түркістан облысында сол заңның жүзеге асуы кешеуілдеп тұр. Себебі, Түркістан көмекші мектеп-интернаты ерекше білім мен тәрбиелеуді қажет ететін балалардың сапалы білім, инклюзивті қоғамға бейімдеу үшін санитарлық талапқа сай ғимараты жоқ. Осылайша, түркістандық тағдырлы балалар қоғам назарынан тыс қалып, заман талабына сай ғимаратта білім алу құқығынан айырылып отыр.

Ғалия БИСЕЙІТ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы