«Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесінде онлайн және офлайн форматта кезекті қоғамдық қабылдау өтті. Түркістан облыстық мәслихат хатшысы Қайрат Балабиев пен «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, облыстық мәслихаттағы фракция жетекшісі Бейсен Тәжібаев 10-нан астам өтінішті тыңдады.
Алдын ала қабылдауға жазылған Түркістан қаласының тұрғыны, 2 топ мүгедегі З.Кулбаева жауапты мекемеден күтуші қарастыруды сұрады. Сондай-ақ жерінің құжатын рәсімдеуге қатысты шағымын да жеткізді. З.Кулбаеваның өтініштері назарға алынып, тиісті мекеме арқылы шешілетін болды.
Партия филиалының фейсбук, инстаграм және Whatsapp желілеріне түскен сұрақтар мен өтініштердің басым бөлігі ауыл әкімдерін сайлау, спортшыларды қолдау, елді мекендердегі инфрақұрылым, жайылым жер, мал шаруашылығы, өнеркәсіп, әлеуметтік көмек, тұрғын-үй, интернет желісінің сапасы мен тағы басқа мәселелерге қатысты болды.
Тікелей эфир барысында Түркістан облыстық мәслихат хатшысы Қ.Балабиев ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай облыста атқарылып жатқан іс-шаралар туралы баяндады. Әлеуметтік желідегі бірқатар сұрақтарға толыққанды жауап берді. Сондай-ақ облыстық, аудандық және қалалық мәслихат депутаттарының жұмыстарына да тоқталды.
«Әр уақытта әр депутат партияның қоғамдық қабылдауларында халықпен кездесіп, мұң-мұқтажын тыңдайды. Өтініштерін орындап, мәселеге қарай депутаттық сауалдар жолдайды. Әлеуметтік желіде де шешілген мәселелермен бөлісіп жатыр. Әрбір шағым мен мәселені назардан тыс қалдырмаймыз. Барлық депутаттардың белсенділігін партия жыл соңында рейтинг арқылы анықтайды» – дейді Қайрат Рахымұлы.
Фракция жетекшісі Бейсен Тәжібаев қоғамдық қабылдаудағы барлық өтініш пен мәселе бақылауға алынып, жұмыс жүргізілетінін жеткізді. Жыл басынан бері партияның Түркістан облыстық филиалдарындағы қоғамдық қабылдау бөлмелерінде депутаттар 1433 жеке қабылдау өткізіп, 3900-дан астам тұрғынның шағымын қарап, шешілуіне атсалысқанына тоқталды.
Халық қалаулылары қабылдауларды тек кеңселерде емес, проблемалы нысандардың басына барып, өткізіп келеді. Фракция мүшелері Сайлауалды бағдарламаның Жол картасын жүзеге асыруға белсенді түрде үлес қосуда.
“Nur Otan” партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі.