ТУРИСТЕР АКЦИЯҒА ҮЛЕС ҚОСТЫ

45 көрілім

Бүгінде Түркістан қаласы туризм шаһары. Алыс-жақыннан келетін меймандар үшін қаламызда көз тартар көрікті ғимараттар күн санап бой көтеруде. Рухани орданы көруге келгендер үшін күні кеше «Өз елімде із қалдырмай SAYAHATTIME» тақырыбында акция ұйымдастырылды. Түркістан қалалық мәдениет үйі қолға алған шара ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында өрбіді.

Орталық алаңдардың бірі саналатын кесене маңында басталған акцияның негізгі мақсаты – жас пен кәріні, мәртебелі мейман мен қадірменді қонақтың тұнып тұрған тарихи шаһар Түркістаннан алған әсерлерімен бөлісу. Кішігірім диалог арқылы әңгіме-дүкен құрып, пікірін біліп, тілек-ниетін тыңдау болды.

Кешкі салқында басталған акцияға алғаш болып ағылғандардың бірі – Ақтаудан келген ақжаулықты ана. Нурина есімді мейманның бұл облыс орталығына жасаған екінші сапары екен. Адам танымастай кейіпте өзгерген Түркістанның келбетіне тамсанып, таңдай қаққан ана ақ тілегін де аяп қалмады. Бізде өз кезегімізде акцияға орай шығарылған Түркістанның көрікті орындары топтастырылған кітапша мен бағалы сыйлықты ұсынып, маңғаз Маңғыстау жұртына дүлей сәлем жолдадық.

Ең қызығы, бұл акциядан ақ баталы қария да, көпбалалы ана мен жас отбасы да шет қалмады. Тіпті өнерлі өрендерде өздерінің тарихи қалаға деген махаббатарын ақ тілектерімен ұштастырып жатты. Қызылорда өңірінен келген көпбалалы, алтынқұрсақты ана Гүлбарам Махатова Түркістанның түлеуіне тілек қосса, ел ағасы Отар Жанатай ақ батасын ағайынға арнады.

Жалпы, еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін үлес қосқан акция әрбір туристің есінде ұзақ сақталары анық. Өйткені, олардың шынайы жүректен шыққан жылы сөздері әдемі әсерге ұласып жатты.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Жоғары