ЖАРҚ ЕТКЕН ЖАРЫҚ ЖҰЛДЫЗ

1  439 көрілім

Қазіргі уақытта әлемде COVID-19 вирусының таралуына байланысты барша халық қауіпті дертпен күресу жолына түскен. Осыған байланысты елімізде де төтенше жағдай жарияланып, жұқпалы аурудың алдын алу шаралары қолға алынып кеткені қашан. Аталмыш дерттің келуімен көптеген шаралар кейін шегеріліп, еңсемізді еңсере алмай қалғанымыз жасырын емес. Алайда бұл, қазақ спортының жарық жұлдызы Бекзат Саттархановты ұмыт қалдыру дейтін сөз емес.

4 сәуір Бекзат Саттархановтың туған күні. 2000 жылғы Сиднейде өткен Халықаралық ХХVII Олимпиада ойындарының ең жас чемпионы, қазақ халқының маңдайына біткен – асыл ұлы биыл 40 жаста. Өзінің жарқ еткен жарық ғұмырында артына мәңгілік сөнбестей сәуле қалдырған Бекзатты туған халқы сүйеді, қастерлейді. Небәрі 20 жасында чемпион болып әлемді аузына қаратқан Бекзаттың даңғыл жолымен оның ізбасарлары жүріп келеді. «Мен жастарға сенемін» – деп Мағжан Жұмабаев сеніммен жырлағандай Бекзат Саттарханов жас спортшылардың бой түзеп қадамын нықтайтын тұлғасына айналды.

2000 жыл Бекзат үшін ең сәтті және өкінішке орай соңғы жыл болды. Бекзатты қазақ боксының маңызды ашылуына санап, болашағынан зор үміт күткендер күн санап көбейген. Спортқа 15 жасында келген оған Олимп шыңына көтерілуі үшін ұзақ жылдарды қажет ететін тәжірибе керек болатын. Алайда жас дарынның мақсаты мен арманы биік еді. Осылайша қайсар мінезі мен қажымас еңбегінің арқасында шашасына шаң жуытпаған Бекзат Саттарханов Халықаралық жарыстардың барлығынан есе жібермей 20 жасында Олимп шыңына қазақ туын тікті.

Бекзат Саттарханов 1980 жылы 4 сәуірде Түркістан қаласында дүниеге келген. Балалық шағы өткен мөлтек ауданға қазір «Бекзат» есімі берілген. 1986-1996 жылдар аралығында Абай атындағы мектеп-интернатта, кейін Жұмабек Еділбаев атындағы №18 мектеп-гимназиясында білім алған. Бастауыш сыныптардан дене шынықтыру мен география пәніне қызығушылығы ерте оянған жас дарын спортшы болып, әлемді аралауды басты мақсат етеді.

Жастайынан ерте оянатын Бекзат мектепке бармас бұрын ата-анасына көмектесіп ,екі сағатқа жүгіруді күнделікті әдетке айналдырады. Бокс мектебіне автобуспен жететін оның кейде жолға ақшасы болмай 15 км жолды жаяу артқа тастап келетіні қазіргі жас спортшылар үшін қайтпас қайсарлықтың анық бейнесі іспетті.

“Бекзат Саттарханов дара боксшы. Спорттық жарыстарда өзін бәйгеге қосқан аттай қамшылап еңбек еткенін көзін көрген ағайларымыздан естіп келеміз. Бекзат ағамыз біз үшін тек спортшы ғана емес, қарапайымдылығы, еңбекқорлығы, үлкенге құрметпен, кішіге ізетпен қарайтынын бокс залына келгеннен естіп өстім. Алайда мәңгілік чемпион ағамыздың аққан жұлдыздай ерте ағып түскені қазақ елі үшін орны толмас қайғы болды. Сол себепті, біз – жас спортшылар ағамыздың дара жолымен жүріп, қазақ спортын өркендетуге бар күшімізді саламыз”.
Ерасыл Зияда,
Бокстан ҚР спорт шебері.

Сол жылдары енді ғана тәуелсіздігін алып аяқ басып жатқан Қазақстан мен спортқа енді қадамдап келе жатқан Бекзаттың ортақ армандары ұштасып жатқан еді. Таңғаларлығы, екі жылдың ішіндегі талмас еңбектің арқасында Бекзат Қазақстан құрамасына қабылданып, әлемде жартылай жеңіл салмақтағы үміт күттірер спортшылардың біріне айналды.

1995 жылы 15 жасында Түркістан қаласында өткен З.Сейітбековты еске алу турнирінде алғаш рет топ жарған Бекзат кейін бұл жеңісінің өзіне ыстық болып қалатынын ерекше атап өтті. 1996 жылы Қостанайда өткен бокстан жастар арасындағы жарыста Қазақстан чемпионы атанады. Кейін Анатолий Визириякин атты бапкердің қарамағына өтіп, Шымкент қаласындағы мектеп-интернатта жаттыға бастайды.

1997 жылы Қарағанды және Кельн (Германия) қалаларында өткен халықаралық турнирде жеңіске жетіп, сол жылы Шымкенттегі олимпиадаға даярлау орталығына қабылданады.
1998 жылы бокстан Аргентинада өткен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында күміс жүлдеге ие болады. Кейін Қостанай қаласындағы жарыста 54 келі салмақта сынға түсіп, бокстан Қазақстан ұлттық құрамасына қабылданады.
1999 жылы Венгрия және Болгарияда өткен халықаралық турнирлерде жеңіске жетіп, Ташкенттегі Азия біріншілігінде күміс жүлдеге ие болды. Нәтижесінде Сидней Олимпиадасына жолдама алады.

“Біз Бекзат ағамызбен мақтанамыз. Оның жүріп өткен жолы мен қазақ спортына еткен еңбегі үшін бүкіл спортшылар бас иеді. Бекзат Саттарханов – Қазақстаннан шыққан ең жас Олимпиада чемпионы. Тіпті әлем бойынша да бұл рекордты қайталағандар көп емес. Сондықтан Бекзат ағамыздың есімі тек қазақ халқының ғана емес әлем халқының есінде ұзақ сақталып келеді және ол ешқашан ұмытылмайтынына біз кәміл сенеміз”.
Бекзат Сейіл
Бокстан ҚР спорт шебері.

Сиднейде өтіп жатқан олимпиада ойындары басталған күннен қазақ халқы теледидар алдына топтасып, көк жәшікке сенімге толы көздерімен қарап отырды. Шаршы алаңда топқа түскен ұлдары үшін тақымын қысқан ата-аналарының күйі мүлде бөлек еді. Барлығы ұзақ жылдардағы жеңілістен соң бір жеңісті күтті және соған сенді.
Сиднейлік олимпиадада Бекзат үшін басты сын 1/4 финалдық ойындағы Түркиялық боксшы Рамзан Палианимен кездесу болды. Бұл кездесу мамандардың топшылауынша қазақ боксшысы үшін соңғысы болуы керек еді. Алайда тек жеңісті мақсат еткен Бекзаттың ойы керісінше болды. Жас чемпион қиын кездесуде 12:11 есебімен түрік қолғапшысынан мықты болып танылды.

Жартылай финалда Саттархановтың жылдамдығына Мароккалық шыдамдылық таныта алмаса, финалда АҚШ-тан келген сол кездегі әлем чемпионы Рикардо Хуаресті айқын басымдылықпен жеңді. Бұл керемет сәт барша қазақстандықтардың есінде сан жылдар өтсе де өшпейтін естелік болып қалды. Тіпті Қазақстанның өзінде Олимпиадаға дейін көбісі тани бермейтін 20 жасар жігіт өз елі үшін мүмкін болған үш алтынның біреуін сыйлап халық қаһарманына айналды. Сол уақыттағы ел Президенті Н.Назарбаев жас чемпионды басты мемлекеттік орденмен наградтады. Осылайша Бекзат бүкіл қазақ халқының ыстық ықыласына ие болып, қазақ боксының шыңына шықты.

Жарқ еткен жарық ғұмыр. Жастайынан бас болып, спортқа деген махаббаты мен халқына арнаған ыстық патриотының арқасында үлкен сүйіспеншілікке бөленген жас дарынның ғұмыры осыншалықты қысқа болады деп ешкім күткен жоқ еді. 2000 жылдың 31 желтоқсан күні Сиднейде өткен ХХVII Олимпида ойындарының ең жас чемпионы, қазақ халқының маңдайына біткен – асыл ұлы Бекзат Саттарханов өмірден өтті. Осылайша, қазақ аспанын шоқ жұлдыздай шарпып өткен жас чемпионның артында сөнбес сәуле қалды.

Бекзат Саттарханов құрметіне бірнеше спорт мектептеріне есімі беріліп, 2007 жылдан бастап жасөспірімдер арасында Сидней Олимпиадасының чемпионын еске алу турнирі өтіп келеді.

Ақберен АМАНГЕЛДІ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы